Home Руханият Жетім жігіттің тағдыры

Жетім жігіттің тағдыры

22

(Әңгіме)

Ол ауылға жетпей көліктен түсіп қалды.

– Аға, таң атпай айдалада не істейсіз, жеткізіп тастайын,- деді таксист бала бұған аңтарыла қарап. Жол ақысын баланың қолына ұстатқан ол алғысын айтты да үндеместен бүрылып жүре берді.

Таң бозамықтанып келеді. Әлгіндегідей емес түн етегі бірсін-бірсін түріліп, айналада жарық молыға түсті. Оның ауылға бірден баруға құлқы жоқ еді.

«Емешегі үзіліп күтіп отырған кімім бар, ешкім де». Ол ауыр күрсініп қойды. Сосын ауыл сыртындағы жотаға қарай аяңдады. Есіне әлденелер түсті. Ой жетегіне ерік берді. Жотаға көтерілер түста мың бұрала ағып жатқан Мұқаншы өзенін кешіп өтті. Таңғы су тастай екен. Беті-қолын жуды. Су ішті.

Арада сүт пісірім уақыт өткенде ол жотаның ұшар басына көтеріліп айналаға көз жүгіртіп тұрды. Бұл кезде күн көтеріле бастаған. Көз жетер жердің бөрі алақандағыдай ап-айқын. Жотаның етегінде туған ауылы жатыр. Баяғыдай емес, ауыл әлдеқайда тозып, кішірейіп кеткендей көрінді көзіне. Тек тұтасып аспанға таласа өскен ақтерек пен қара ағаштар оның тозығын жасырғандай. Үйлердің маңайынан қараңдаған бірен-саран адамдар көріне бастады. «Сиырын сауып, қозы-лағын өріске айдағалы жатқандар болды-ау» деп топшылады бұл. Дегенмен ауылда үлкен бір өзгерістің барын андаған. Баяғыда ше, осы уақытта ауылда ұлы жіңгір той басталғандай болып жатушы еді. Жер-жерде трактор мен машиналар от алып, абың-күбің жүрген адамдар, қой

маңырап, сиыр мөңіреп өріске беттер еді. Ауылдан шыққан жұмыс көліктері жұмысшыларды тиеп алып айдау жолдың шаңын бұрқыратып, егістік алқаптарға, мал толы қашарларға қарай жүйткіп бара жатар еді-ау.

Мына ауыл тып-тыныш. Марғау. Ондай тірлік сірә болмағандай. Бұйығы. Он бес жылда қатты өзгеріс болған-ау деді бұл іштей. Дүниенің бәрі жекешеленіп, бұрау сым да қалмағандай ма, қалай? Түрмеде жүргенінде кейіннен         түскендер

еңірегендей болып: «Ауыл тас-талқан болды, тозды, ел тентіреп                қалды.

Жекешелендіру ауыл жұртына ауыр тиді. Іліп алар дүниенің бәрі атқа мінерлердің қолына көз қысты, бармақ бастымен өтіп кетті» деп жатушы еді. Расында солай болған-ау деді бұл өз ойына өзі жауап бергендей.

Ауыл сыртында ферма, қашарлар көп болушы еді. Соның бірі де көзіне шалынбады. Бұзып әкеткен бе, өлде қирап қалған ба, өйтеуір әр-әр жерде күрендісі қалған сықылды.

Ол көзін ауылдан әрірекке тікті. Анау Сарбұлақ, Сартерек, Бесқопа, Ақсұғын, мына жағы Қаңтарбай, Бүкір, Аққу, Жиделі бәрінде мұның бала табаны тиген сонау жылдары. Есіне еміс-еміс өткен-кеткені түсті. Ол күрсінді. Сосын жотаның бір бүйірінде орын тепкен бейіттерге қарай беттеді. Баяғыда табынға ілесе алмайтын ақсақ-тоқсақ қозы-лақ, бұзауды өзі тұстас көген көздер баға шығып, кейде ойынға елігіп калып қараусыз кеткен әлгі көк сокқандар осы молалардың

ішіне жайыла жүріп кіріп кететін. Бұларға біреу зираттардың арасынан үңірейе қарап түрғандай көрінетін. Жақын баруға қорқатын.         Доңмен

атқылап, қиқулап жүріп қозы-лақты молалардың арасынан әрең айдап шығатын. Ол кезде зираттардың алып жатқан жері шағын еді. Содан бері арада табаны күректей бір қыдыру уақыт өтті ғой. Неге екенін кім білсін, оның көзіне зираттар ошарлана               өсіп,

ауқымданып жотаның басына қарай еңбектеп бара жатқандай көрінді.

Ол әке-шешесінің моласын өрең тапты. Баяғыда бір шетте секілді еді, казір қорым өсе-өсе ортасында қалыпты. Әке-шешесінің аты-жөні жазылған               темір

тақтайшаны тот басып көнеріпті, әріптер әрең көрінеді. Қабір бетін жасырған қос төбешік те шөге-шөге жермен жексен болғандай. Үстін қалың жусан басып кеткен. Қос төмпешікті қоршап тұрған темір шарбақша ғана мызғымай түр.

Оның көкірегіне өксік тығылды. Бетін кермек жас айғыздады. Моланың алдында бүк түсіп қанша отырғаны белгісіз. Бір уақытта орнынан              тұрды,

саңылауында қалған құранның бір-екі сүресін кайталады. Бетін сипады. Бұл кезде күн таяқ тастам  жерге көтеріліп қалған. Шіліңгір жаздың ыстық табы әлден-ақ сезіліп қалғандай.

Ол молаларды кезіп кетті. Ойы, өзі жоқ кезде танитын кімдер дүниеден өтті, соны білу еді. Сүт пісірім уақыт қорымды аралады. Әлден соң бәкенелеу бір моланың алдына келді де қалшиып катып қалды. Өз көзіне өзі сенбегендей. О дүниелік болған адамның аты-жөні жазылған тақтайшаға кайта-қайта қарады. «Түймекүл» деді күбірлеп. «Түймекүл, жаным-ау, сен де мені тастап кеткенсің бе?» Көзіне келіп қалған жасты ірке алмадьі. Әлгінде әке-шешесінің моласын көргенде бұлай күрт кетпеп еді. Самайын ақ шалған жігіт моланы қоршаған темір шарбақка асыла тұрып ұзақ өксіді.

Есіне сонау бір жылдар түсті…

Ірімтік-ірімтік болған суреттер көз алдына келді.

…Жігіттің          аты

Тұрарбек еді. Сол Тұрарбек бірінші мүшелге толған жазда жетім қалды. Шешесі көзі тірісінде төрт құрсақ көтеріпті. Үшеуі де тоқтамаса керек. Осы бала дүниеге келгенде бөлкім тұрар деп ырымдап атын Тұрарбек қойса керек. Амал не, желкілдеп өсіп, жетіліп қалған шағында жетім қалды. Әке-шешесі малшы еді. Жаз шыға ауылдағы сауын фермасы Тарбағатай тауының бөктеріне көшіп баратын. Сиыр біткен сонда жайылады, сол жерде сауылады. Сондай бір жаздың күнінде ауылдан азық-түлік тиеп, фермаға қайтып бара жаткдн машина жаңбырдың астында қалып, таудың тар жолында тайғанақтап бір қылтада аударылып түсіп, бұның әке-шешесі, өзге бірнеше сауыншы, шопыр жігіт бәрі опат болады.

Одан кейінгі өмірді Тұрарбектің өзі де еске алғысы келмейтін. Нағашы ағасы бұны өз отбасына қосып алды. Үйін бір бұзаулы сиырға сата салды.

Балалық           өмірі

өксікпен өтті. Нағашысы балаға көп мейірімі жоқ, безбүйректеу еді. Қатал болды. Өз үйінде еркебұлаң өскен бұл алғашында еркіндеу жүрген. Бірақ онысы ұзаққа бармады. Бірде сөредегі кеуіп түрған құрттан қойнына басып алып ойынға шығып бара жатыр еді, қай жақтан келіп қалғаны белгісіз, нағашысы тап беріп желкеден ұрып қалпақтай түсірді. Онымен қоймай:

– Боқ жегір иттің баласы, өзі біреудің мойнында ас ішіп отырғанын ұмытып, бүкіл

құртты ұрлап елге тасып жүр екенсің ғой тас шайнағыр сүмелек! – деп боқтап жатты. Оған нағашы жеңгесі қосыла:

-Бұл тұқымың жұтқырды көрші ауылдағы жетімдер үйіне өткізе салайық дедім, көнбедің. Енді өзге балаңды былай қойып, осы жетіммен алыс та отыр,- деп шоқты үрлей түсті.

Тұрарбектің нағашысының үйіндегі тірлігі осылай отырса опақ, түрса сопақ болып өтіп жатты. Бірде көріп жатқан қорлықка шыдамай мектеп директорының алдына жылап барған. Ол не десін. «Интернатқа орналас, айналайын» деген. Мұнда жаман болған жоқ. Өзі құралпы малшының балалары. Арқа-жарқа араласты да кетті. Тек сенбі-жексенбі күндері интернатта жалғыз               қалатын.

Нағашысының үйіне барғысы жоқ. Онда барып қақ-соқ көргеннен гөрі осы интернатта            қалған

өлдеқайда жақсы. Жалғыз өзі терезеден сыртқа қарап ойланып отыратын да қоятын. Есіне әке-шешесі түсетін. Көзіне келіп қалған жасты сүртпестен үзақ отыратын. Кейде әке-шешесінің суретін салып, астына «сендерді сағындым, қашан келесіңдер?» деп жазып қоятын.

Жазғы каникулда қиналатын. Ол кезде интернат              жабық.

Малшылардың балалары тарап кетеді. Бұл амалсыз нағашысының үйіне барады. Баяғы кақ-соқ, тұқырту. Бір кесе шәй артык ішсе де, жеңгесі бұрқылдап сөйлеп отырғаны. Есейе келе нағашысы бұны колхоздың жүмысына жекті. «Үш ай жаз бос жатпа, бір жапырақ наның мен күзгі мектебіңе киіп баратын киіміңнің пұлын тап» деп дікендейтін. Жаз бойы тапқан еңбекақысы мұның қолына ешуақытга тиген емес. Бәрін нағашысы тиынына дейін санап алатын, сосын «Жә, жаман таппапсың» деп сыңғытып бір сіңбіріп алып бүрылып жүре беретін. Әйтеуір сол кезде жетім, жағдайы ауыр көп балалы отбасыларына деген үкіметтің көмегі бар еді. Оку басталған кезде колхоздың басшылары келіп үсті-басын шақтап өлшеп, мектеп формасын кигізіп кететін. Үлкен көмек еді.

Жұрт мүның сыртынан «жетім» дейтін. Шын аты аталмайтын.            «Әлгі

бәленбайдың жетім баласыше» деп сөйлеп жататын. Әсіресе мектепте әлденеге таласып төбелесе кететін балалардың қайбірі бұған әлі келмей бара жатса «жетім» деп бір тұқыртып, боқтап калатын.

Арада жылдар жылжып өтіп жатты. Сөйтіп мектепті бітірді.

Рас, жігіт боп бой түзей бастағанда бұл да бір қызға ғашық болды. Аққұба келген әдемі қыз еді. Бір класта оқыды. Бірнеше рет хат жазып бермек те болды. Батпады. Тек сырттай өзіне иемденіп жүрді де қойды. Рас, бір-екі рет кинодан кейін шығарып салған болды. Онда да ғашықтық, ұнату жайлы сөз болған жоқ. Мектеп бітірісімен ол қыз өзі қатарластары сияқты қалаға оқуға аттанды. Бұл ауылда қалды. Сонымен махаббат, сезім деген дүниелер бұл үшін тәмам болған.

Алғашында колхоздың қара жумысына жегіліп жүріп біраз қаражат тауып алды          да,          аудан

орталығындағы бір айлық шопырлық окуға түсті. Оны бітірген соң колхозға қайтып келіп ескілеу бір кара машинаның құлағына қонжиған. Ауылдан тысқарылау жердегі малшыларға азық-түлік, малға жем тасып жүріп жатты. Әлі ■ де сол нағашысының үйінде түратын. Бірде ол кісі: «Ер жеттің, жеткіздім, енді бос жүре бермей шаңырақ құр. Үй бол, жеке шык,» деп ескерткен. Бұл не десін. «Әлі ерте ғой, мектепті бітіргенім кеше емес пе» десе нағашысы тағы бұрқақтап ала жөнелетінін білетін. Сосын «жарайды» деп құтылған. Жата қап ойланды. Бірақ қолынан ұстап, үйге кіргізе қоятын даяр қыз қайдан болсын. Есіне Қаңтарбай шалдың керең       қызы       түсті.

«Құлағының қақасы бар демесең тәп-тәуір қыз. Өзі де кет әрі емес-ау маған». Мұнысы, өзі анда-санда азық-түлік, жем тасып беріп жүрген бір қойшының қызы. Бұдан екі-үш жас үлкендігі бар. Құлағының кемістігіне байланысты мектепті де дұрыс бітірмей, сегізінші кластан кейін әкесінің жанына көмекші болып кіріп алғанға ұқсайды. Бұл барған кезде «Жолдан шаршап келдің ғой» деп шайын қойып, жылытпасын ысытып бір жырғап қалады. Бұл оған дән риза. Кайтсін енді, әке-шешесі кеткелі бұған шын ниетімен көңіл бөліп, өбектеген ешкімді көрмепті. Екеуінің тіл табысып жатқанына кемпір-шал да қарсы емес сияқты. «Ауылға ертең қайтарсың, қонып кетсеңші. Колхоздьщ бар жұмысы саған тіреліп тұрмаған шығар» дейтін кейде кемпірдің мейірімі түсіп. «Е-е, бар баласын ұшар ұясына қондырып, енді қалған кенже керең қызын маған телігісі келеді-ау» деп бұл ойлайтын.

«Егер үйленіп жатсам, колхоз көмек ретінде бір үй тауып берер. Әрі нағашымның тоң-теріс қабағынан құтылар едім». Ең дұрыс жол осы деп ойлады бұл. Бірде Каңтарбай шалдың малына жем түсіріп беріп кайтайын деп тұрғанда кемпір: «Мына Түймекүлді ауылға ала кет. Бір-екі күн туыстардың үйінде болып, бой жазып қайтамын деп болмай отыр» деген.

«Жарайды» деген бұл көңілінде әлдебір сәуле жылт етіп. Ауыл біраз жер.

Былай шыға бере: «Түймекүл» деген кызды әңгімеге тартпақ болып. Машинаның гүрілінен бе, әлде құлағының қакасынан ба мұның даусын қыз естімеді. Терезеден сыртқа қарап ойланып калыпты.

Қыздың    бүйірінен түртіп тағы да «Түймекүл» деді. Сонда барып қыз жалт қарап:

– Не? Бірдеңе дедің бе? – деп айқайлай сөйледі.

–   Сен әдемі қызсың деймін,- деп дауыстай сөйлеп күлді.  Түймекүл қызараңдап жүзін сыртқа бұрды. Бір уақытта наздана карап:

–   Рас айтасың ба? -деді. Бұл басын изеді.

Неге тұрмысқа шықпай жүрсің? -деген сәлден соң.

–  Жігітім жоқ. Сосын    қыз    жүзін

сыртқа беріп ойланып өз-өзімен болып кетті. Ауылға барар жолда ағып жатқан Тамды өзенінен өте беріп машинаны тоқтатты.

-Түймекүл, түс, кішкене бой жазып дем алайық. Машинаның суы да ысып кетті, су құяйын,- деді жігіт.

Жерге түскен соң шаң басқан машинаны су шашып жуып, оны-мұны жерін біраз шұқылап жүрді. Қыз болса кұмдауыт жерде тізесін қүшақтап суға қарап ойланып отыр.

–  Түймекүл, кел, суға түсейік,- деді. Қыз басын шайқады. Өзеннің тереңдеу жеріне барып бірер сүңгіген    соң    қыздың жанына барды.  Қасына отырды.

– Не ойлап отырсың? -деді.  Қыз үндеген жоқ. Бәлкім   мұның   даусын естімеген де болар. Ойына әлдене түсті ме, бір қолымен қызды өзіне тартып, екінші қолымен   белінен   орай қүшақтады.      Түймекүл бажырая қарады, ақсары жүзі   қызарып,   алаулап кетіпті. Бұл қыздың ернінен түншықтыра, қадала сүйіп құмға итеріп жықты да шалт қимылдап      ышқырына жармасты.

–  Қойшы, не істегелі жатырсың?,.- Қыз алқына сөйлеп қарсыласып бақты.

Бірақ бәрі кеш еді.

–  Ұятсыз,- деді қыз. Сөзінде сондайлық жек көрушілік жоқ. Дегеніне жеткен жігіт суға тағы бірер сүңгіп машинаға отырды.

Арада екі күн өткен соң ол Түймекүлді кері алып қайтты. Өзен жағасына тоқтады. Бұл жолы қыз қарсыласпады. Екеуі құмдауыт жағада ұзак жатты…

Бірде жаңбырлатып алыс мал қашарынан келе жатып жолда колхоз бастығының «Уазигі» батып жатқанын көрді. Батпақты шашырата жанынан өте беріп тоқтай қалды. Ойы тартып шығарып жібермек. Бастық жалғыз екен. Жанында шопыры жоқ.  Батқан көлікті трос жалғап батпақтан шығарды. Бастық рахметін айтты. Жұмыс барысын сұрады. Бұл не десін, бәрі жаксы деді де қойды. Машинаға отырып жүре бермек еді, бастық қолын бұлғап шақырды. Жанына барған бұған:

–  Ұмытпасам, семьяң жоқ қой,- деді. Бұл күмілжіп төмен қараған.

–   Сен   былай   істе, ертеңнен   бастап   менің машинамды айда. Өзімнің шопырым    жасы    келіп қалғасын ба, дімкастау. Жиі ауырады.       Сондықтан машинаны   көбіне   өзім айдап жүргенім. Оған басқа жүмыс тауып берермін…

Бұл            ертеңінде

бастықтын, жарқыраған «Уазигіне» отырды. Содан жерге алғашқы қар түскен күні Түймекүл екеуі үйленді. Бастықтың шопыры болған соң ба, баспана мәселесі тез шешілді. Уақыт сырғып өте берді. Бұл жаңа жүмысын да

жақсы меңгеріп алды. Көктем шыға Түймекүл босанды.           Маңдайы

жарқыраған балпанақгай ұл бала дүниеге келді. Бұл барын шашып түңғыш рет өз үйінде той жасады. Амал қанша, кішкенелері қырқынан            шығар-

шықпастан аяқ асты шетінеді. «Көз тиген» десті жүрт. Бұл жағдай Түймекүл екеуіне оңай тимеді. «Жассыңдар ғой, әлі-ақ талай кішкентайларың болады» деп жұбатгы көрші-қолаңы.

Содан бері арада жылжып табаны күректей бес-алты жыл өте шықты. Түймекүл тағы да бірнеше құрсақ көтерді. Бірақ ешқайсысы тұрақтамады. Шетіней берді. «Маркұм енең де сондай еді. Тұрарбектен басқа баласы тұрақтамаған. Сен де соған тартқан болдың ғой. Негізі келін қайын ененің топырағынан жаралады деуші еді» – десті жүрт. Осының бәрі әсер етті ме, соңғы кезде үйлерінде кикілжің жиі бола бастады. Осы уақытқа дейін ішімдіктен татып алмаған Тұрарбек оған да үйірсіктейтін болды. Соның қызуымен бірер рет Түймекүлге жұдырық та ( жұмсап жіберді. Ол байқұс қарсы келмейтін. Тек сөйлеспей бүк түсіп жататын да қоятын. Сөйтіп бір түрлі, көңілсіз өмірлері өтіп жатты. Бірде бастығы. шақырып алып:

– Бухгалтерді аудан орталығына апарасың. Жұмысы біткенше қасында бол, сосын кері алып қайтарсың,- деген.

Ауылдың             бас

бухгалтері ауырып қальш орнына көмекшісі кетіп барады екен. Жас қыз. Тірегі мықты болды ма, окуын бітірісімен бірден осы ауылға бухгалтер болып орналасты да кетті. Аппақ борықтай, жұп-жұмыр өңді қыз. Мінезі ашық екен. Бірден әңгімелері жарасып сала берді. Түс кезінде екеуі асханадан тамақтанды. Қыздың жұмысы жай бітті. Бұлар аудан орталығынан шыққан кезде қас қарайып қалған-ды.            Жолай

машинаны тоқтатып қойып екеуі біраз әңгіменің бетін шалған. Солқылдаған жас шыбықтай қайратты, көркем жігіт бухгалтер қызға қатты ұнады. Жігіттің оңашада еркек ретінде жасаған қимылына көп қарсыласпады. Беріліп қалды. Қыз жігіттің шашынан еркелете сипап ернінен қайта-кдйта сүйген. Бар дүние өз-өзінен шешіліп сала бергендей болды. Жігіт өзінің тағдырын айтқан. Сөйтсе, қыз бәрінен хабардар екен. Жігітті ыстық демімен өртеген қыз алқына түрып: «Мен саған балпанақтай ұл тауып беремін, көр де түр» деді. Екеуінің кездесуі жиілей бастады. Бұл біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Әсіресе бас бухгалтерге жақпады.

«Гүлияжан, мына бала саған тас кенедей жабысып алыпты ғой. Гүлияжан, мына бала саған жұмыс істетпеді-ау» деп Гүлияға өбектеп, бұны ала көзімен ата қарайтын. Әлде қол астындағы қызметкерін қызғана ма екен? Есі Гүлияға ауған бұл үйде әйелі Түймекүл бар екенін де ұмытқандай еді. Бухгалтер қызбен әуейі болып жүргені Түймекүлге де жетсе керек. Бір күні түсте шай ішіп кеткелі үйіне соққан. Түймекүл буынып-түйініп отыр екен.

– Бұдан былай басың бос,- деді еңкілдеп жылап. – Менен көрмеген қызықты өзгеден көрерсің. Ел-жұртқа таба болғанша бұл үйден көзімді қүртайын. Бақытты бол, мен кеттім.

Бұл не десін. Онсыз да

бүгін болмаса, ертең осы сөзді   Түймекүлге   өзі айткалы оқталып жүрген.

Тырс  етіп  үндемеді Қайта Гүлия екеуі бір шаңырақтың астында өмір сүретінін, ертесіне бір көрпенің астынан  түрегелетінін ойлап , масаттанып қойды.

Түймекүл кетіп тынды. Бұл артынан баруға да жарамады. Кезінде қиналып,

жетімдіктін тақсіретін тартып жүргенде     мұң-шерін бөліскен сол аяулы жанды тез-ақ ұмытып кетіп еді.   Арада   ай  өтпей   жатып Г ү л и я ғ а үйленді.

Уақыт сырғып   өтіп жатты.     Бірде «Түймекүл босанып алыпты, ер бала екен» дегенді естіді. Бірақ барыпі қайтуға  мойны жар бермеді. «Босанса’ қайтейін енді.  Кетер қатын  кеткен. Түймекүлдің   балалы болғанынан гөрі  Гүлияның шикі өкпелі болғаны дүрыс еді-ау» деп ойлаған бұл оңашада іштей күрсініп.

Гүлия  екеуінің үйленгеніне екінші жылға аяқ басса да ол әйелінің пұшпағы қанап, бала көтермеді. «Гүлеке, кінә менен бе, әлде сенен бе білмеймін. Бір шаңырақтың астында өмір сүргелі біраз уақыт болды ғой. Бір шыр еткен керек-ак» деген бірде әйелін сөзге тартып. Бұл сөз ұнамай қалды ма:

– Арманың бала болса, ана керең қатының туып алыпты дейді ғой. Соған қайтып бар. Маған не дейсің енді,- деп Гүлия тарс кеткен. Содан кейін-ақ екеуі жиі жүз   шайысып қалатын болды. Сөйтіп жүргенде ауыл бастығы ауысты. Орнына келген жастау жігіт ертесінде-ақ мұны жұмыстан босатып, орнына өзге шопыр алды. Бұл баяғы жүк машинасына қайта мінген.

Бірде Түймекүлді көрді. Ауылдық ауруханадан шығып арбаға мініп жатыр екен. Машинадан түсіп қасына барды. Амандасты.

– Ыстығы көтеріліп, мазасызданғасын дәрігерге көрсетіп алдым,- деді Түймекүл. – Аты Тұрарбек. Сен менен кетсең де сенің көзің ғой, атын да ырымдап қойдым. Аман-сау жүрсінші деп…

Лып етіп Түймекүлдің көзіне жас шыкты. Бұл не дерін   білмей   тосылып қалды. Тіпті құндақтаулы балаға еңкейіп бір қарауға да батпады. Түймекүл бұдан бір ауыз жылы сөз күтті ме, біраз бөгелді. Сосын мұның мелшиіп үнсіз қалғанын көрген соң жегулі атты қамшымен тартып қап, арбасын сықырлатып қозғала берді. Көңілі алай-түлей болған бұл үзап бара жатқан арбадан көз алмай үзақ қараған.

Соңғы кезде жүмыс басты болып алды. Ең алыс малды мекендерге бұны жұмсайды. Кейде жол алыс болған соң барған жеріне амалсыз қонып қалып жүрді. Неге екені белгісіз, соңғы кезде үй деп, Гүлия деп көп өбектеп асықпайтын болды. Белгісіз салқындық орын алды.

Бірде түс кезінде үйге бармай қүрдастарының ортасында жүз грамдатып отырып қалды. Қыза келе үш-төрт жігіт екі-үш шөлмектің басына су күйды. Әбден қызды. Машинада болған соң бүл кашқалақтап ішпеген. «Сен іш, мен іш» дескен топ ақыры «Сен бізді сыйламай, әдейі ішпей отырсың» деп төбелесіп тынған.          Жұлқыласа кеткенде қыршаңқы тілді біреуі:

– Бізге әлің жеткенмен, қатыныңа күшің жетпейді. Бас бұғалтірдің ойнасы болып, ойындағысын істеп жүрген   қаншығыңа   ие болсаңшы,- деп қалды. Бұл әлгі сөзді айтқан жігітті бүре түсіп:

– Көзің көрді ме? – деді. – Айт шыныңды. Әйтпесе тұншықгырып өлтіремін.

Анау болса қырылдап жатып:

– Өзім көрген жоқпын. Бірақ жүрттың бәрі солай дейді. Сен        қырға малшыларға барып қонып қалған күндері үйіңе бас бұғалтірдің   келіп-кетіп жүретінін көргендер бар,-деген.

Бұл ананы қоя бере салып машинаға қарғып мінді де үйіне қарай заулай жөнелді. Үйде Гүлия жоқ екен, жүмыста болса керек. Теңселіп аулада үзақ жүрді. Тіке кеңсеге барып Гүлияның жағасынан алуға батпады. «Жай, қаңқу сөз болар» деп бір ойлады. «Кім білсін, соңғы кезде жақын маңға емес, үнемі алыс малды            мекендерге жұмсайды, бәлкім бас бұғалтір менің қатыныммен оңаша қалу үшін әдейі бастықты айтақтап, алысқа жіберіп жүр ме скен?» Есіне Түймекүл оралды. Жұмыска шығып бара жатса шығарып салып, келе жатса карсы алып, бұрала басып шәйін қойып, әжік-күжік әңгімелер  айтып, шүйіркелесіп отырушы еді. Гүлиямен ондай емес. Тақ-түқ. «Жұмыс ауыр, шаршадым, біттім.Мазаламашы»,- деп соңғы кездері теріс қарап ерте жатып қалатын. «Е-е, расында есеп-қисап деген оңай емес, қайтсін енді, шаршаса шаршаған шығар» деп бұл темекісін түтатып сыртқа үнсіз шығып кететін. Неге екен? Түймекүлді сағынды. Өкінгсндей болды. Өткенде бір жапырақ болып жатқан ұлының ең қүрмағанда түрін көрмегеніне налыды.

Кешкілік шәй үстінде:

–   Осы бас бүғалтір сенің кімің? – деген бүл тікесінен.

–   Кімім болушы еді, бастығым    да,-     Гүлия әлденеден сезіктенгендей бұған жалт қарады.

–  Қайдам, – деді бүл күмілжіп. – Жұрт айтады: мен  жүмыс  барысымен малшыларға қонып қалған кездерде әлгі бастығың үйге келіп-кетіп  жүретін көрінеді. Неге? Әлде күндіз бітпеген жүмыстарыңды түнде  осы  үйде жалғастырасыңдар ма?

–   Жұрт оттамасын. Көзіме көрсетші сол айткан адамды, түтіп жейін. Ел не демейді. Маған да айтқан сен жайлы. Өткенде тал түсте аурухана алдында арбаға асылып, ана керең қатының тапқан балаға карап көзінен сорасы ағып жылап тұр деп. Әне, жұрт не демейді? Айта береді. Жап-жас болып менің сол жерде жұмыс істеп жатқанымды көре алмайды. Көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап алғанша ешкімге сенбе, ұқгың ба? – Гүлия шаптығып барып тоқтады.

Бүл ләм-мим демей үйден шығып кетті. «Егер жел сөз болса, сонша шаптыққаны несі? Әлде…» Дегенмен көңілінде белгісіз бір дық қалды.

Келер жолы тағы да алыстағы малшылардың мекеніне жүк апаруға жолға шықты. Ауылдан ұзап шыққан соң Тамды өзенінің бойына келіп тоқтады. Машинасын талдың қалтарысына қойып, түннің болуын күтті. Ойы түнделетіп үйге барып Гүлияны тексермек. Түнгі он бірлерге таман үйіне келді. Есік жабық түр. Гүлия жоқ. Машинасын аулаға қаңтарып кеңсеге жаяу тартты. Орталықтағы екі қабатты кеңсенің түгел жарығы сөнген. Баспалап арт жағына шыққан. Түйсігі алдамапты. Бас бұғалтірдің кабинетіндегі   шам жарқырап тұр. Бүрыльш кеңсенің алдындағы есігіне келді. Түнгі күзетші алдын кес-кестеген. Әбен шал. Бұны жақсы таниды. Сәлемдесті. «Гүлия осында ма?» – деп сүрады. Шал сәл қипалактап калды да басын изеді. Сосын: «Бас бұғалтір ешкімді кіргізбе деп еді»,-деді күмілжіп. «Ақсақал-ау, мен бөтен емеспін ғой. Келсем, өз әйеліме келіп тұрмын алып кетуге» деп бастырмалатып кіруге беттеді. Шал амалсыз есікті ашты. Тықырын шығармай екінші кабатқа көтерілді. Бас бұғалтірдің кабинетіне кірер жерде сәл бөгеліп тың тыңдады. Оның кабинетінің бір бұрышында тұратын жаман диванның сықыры естілгендей болды. Іле Гүлияның талмаусырап шыққан ыңқылы естілді. «Атаңа нәлет, жәлеп» деді бұл тістеніп. «Жүрт бекер айтпайды екен. Үстіңнен түстім ақыры, мауыққан қаншық». Есікті бір теуіп кіріп келді. Бұрыштағы диван үстінде тыр жалаңаш тән рахатына батып жатқан екеуді көрді. Олар мұндай жағдайды күтпесе керек. Не тұрарларын, не құшақтасып жата берерлерін білмей сасқалақтап қалды. Көзіне қан толған бұл жалаңаш екеуіне ақыра ұмтылды. Гүлия үстінде жатқан еркекті итеріп тастап, жерде жатқан көйлегіне ұмтылды. Бас бұғалтір жолын кес-кестей берген еді, бүл бар екпінімен секіріп келіп тепкен. Ол жерге домалап түсіп ыңырсып жатып қалды. Соққы жанды жеріне тисе керек. Үстіне лыпасын іле алмай жатқан Гүлияны қүлаштай үрды. Ол да шыңғырып             барып шалкасынан түсті. Басы тарс етіп батареяға тиді. Аузынан қан бүрқ етіп тыпырлап қалды. ЬІзаға булыққан бұл айқайлап боқтап жүріп жерде домалап жатқан екеуін бас-көз демей тепкілей берді. Тек Әбен шал араға түскенде ғана сәл есін жиғандай болды. Жерге бір түкіріп кеңседен шығып жүре берді. Үйге келген бойда машинасына отырды да Түймекүлдің әке-шешесі отырған қыстауға тартты да кетті. Ертесінде-ақ оны милициялар іздеп тауып, тұтқындады. Қолына кісен салып,  машинаға отырғызып жатқанда Түймекүл зар еңіреп артынан жүгірді.

  • Жаным,- деді еңкілдеп жылап. – Қанша күт десең де, ұлың екеуміз сені күтеміз. Сен ақсың, бар кінә ана жезөкшеде.

Милицияның машинасының артынан жүгірген келіншек сүрініп кетті. Айналадағы жалғыз қашарлы, жалғыз үйдің алдында бұның жалғызын қүшақтаған кемпір мен шал ешнәрсеге  түсінбей каңтарылып қарап қалыпты.

Сүрініп құлап тұрып машинаның соңынан жүгірген Түймекүлге қарап бүның көзінен жас шықты. Жылады. Жағдай  былай болыпты. Бүл құлаштай ұрғанда шалқасынан түскен Гүлияның басы батареяға соғылып, шүйдесі жарылып аудандық ауруханаға жеткізгенше жантәсілім етіпті. Аяқтың тепкісінен бас бұғалтірдің бір көзі ағып кетіп, ол ауруханада жатқан көрінеді.

Арада бір апта өтер-өтпестен бұның соты болды. «Колхоздың тоқсандық есебін бітіре алмай кешке қарай қалып жүмыс істеп жатсақ, АНАУ кіріп келді де, бізді тепкінің астына алды. Бәрін қасақана істеді. Әйтпесе Гүлия екеуміздің ортамызда ешқандай бөтен қарым-қатынас болған жоқ. Бұның орны – түрме. Есеп-қисапты уақытында өткізбеген соң колхозға да үлкен зиян шектірді. Күзетші шалды да ұрып, өлтіріп қоя жаздады» деп бас бүғалтір арыз түсіріпті. Қасақана қылмыс жасады, адам өлтірді деп бұны он жылға бас бостандығынан айырды. Қорғаған ешкім болмады. Жалғыз нағашысы сотқа келуге жарамады. Жетім жігіт сотталып кете барды. Тек «Аман болсам, бір оралармын. Анау-мынау болып кетсем артымда бір тұяқ қалды ғой» деп дәтке куат еткен.

Өскемендегі түрмеде жүріп талай нәрсені көрді, талай зорлық-зомбылыққа да көнді, төзді. Шындалды. Түрмедегі жылдар да сусып өте берді. Артынан іздеп келген ешкім болмады. Бар сенгені жалғыз Түймекүл еді. Ол да ат ізін салмады. Сонда да үмітін үзбейтін. «Түптің түбі Түймекүл ұлымды жетелеп артымнан келер, я болмаса аман шықсам өзім-ақ іздеп барармын» дейтін іштей өзіне қуат беріп. Сөйтіп жүргенде күзетшінің өзіне жасаған  қорлығына шыдамай, реті келгенде жақтан бірді салған. Жағы үгітіліп кетіпті. Тағы да үстіне бес жыл қосып берді де, Павлодар жақтағы өзге түрмеге ауыстырып жіберді. Жиырма бес жасында сотталған бұл араға он бес жыл салып жасы қырыкка келгенде түрмеден шықты. Енді, міне, Түймекүлдің бейітінің алдында түр…

… Күн арқан бойы көтерілді. Жер дүние ыси бастады. Жігіт орнынан тұрып .үсті-басын қақты. Сосын ауылға қарай аяңдады. Бет алды нағашысының үйі. Көшеде ешкімді кездестірмеді. Ауыл расында да тозып кетіпті. Баяғы жайма-шуақ кезінен ада. Бұл сәлем беріп кіріп келгенде нағашысының үй-іші енді ғана азанғы шәйға отырған екен. Шәй құйып отырған нағашы жеңгесі құманды қолынан түсіріп алды. Нағашысы да бұның сәлемін не аларын, не алмасын білмей аңтарылып қалды. Сосын бүрқ етіп көзіне жас алды. Нағашысы бұрынғьдай емес, картайып, кішірейіп кетіпті. Көзінің жасын сүртпестен келіп қүшақтай алды.

– Бар екенсің ғой,- деді қүшақтап жатып. -Сені түрмеде өлтіріп кетіпті деп естіп едік. Артыңнан іздеп бара алмадық Кешір жаман ағаңды…

Шәй ішілді. Бұл жоқта болған жағдайларды нағашысы моншақтай тізіп әңгімелеп берді. Естігені:  баяғы мейманасы тасып, дәуірлеп түрған колхоз тарап, әркім өз басын күйттеп жатқан көрінеді. Түймекүл қайтыс болыпты. Қайсы бір жылдың боранында қой ығып, соны қайтарам деп жүріп. Бесқопанының жымына түсіп кетіпті. Бір түп қамысты үстап қатып қалған денеесін араға үш-төрт күн салып әрең тапқан көрінеді. Әке-шешесі содан кейін мал бағуды қойса керек. Мұның жалғыз ұлы Тұрарбек келер жылы тоғызыншы класқа барады екен. Түймекүлдің әке-шешесінің   қолында көрінеді. Баяғы бас бұғалтір мұның тепкісінен кейін бір көзінен айырылып соқыр болып қалыпты.

–   Қазір ауылда одан өткен бай адам жоқ. Кезінде колхоздың бүкіл дүниесін үндемей жүріп жей берген екен ғой. Казір ауылдың тең жартысы  соның қол астында жүмыс істейді. Әбден  құтырды    иттің баласы,- деп нағашысы бір күрсініп қойды.

Сосын: – Не істемек ойың бар? – деп бұған сынай карады.

– Көрермін,- деген бүл жөнді  жауап  бермей.   -Бүйырғаны болар.

Көшеге  шықты. Ойланды. «Түймекүлдің әке-шешесінің үйіне барайын. Көңіл айтайын. Ұлым Тұрарбекті көрейін. Әй, бірақ мені танымас-ау. Кім оның жадына құйды дейсің әкең бар деп. Жат адамдай көріп жүрер ме екен. Әлде Түймекүл айтып түсіндіріп кетті ме бәрін? Кім білсін». Темекі шегіп ойланып тұрып қалды.

–   Тұрарбек,-  деген дауысқа елең етіп басын көтерген-ді.  Бір көшенің қиылысынан шығып келе жатқан  өзінің  баяғы құрдастарын    керді.

– Ойпырым-ай, бар екенсің ғой. Біз сенің жаназаңды елдекашан шығарып қойған едік. – Сәл қызулау екі жігіт дабырлай келіп құшақтасып амандасты.

–  Көрер жарығың көп екен, мың жасайсың,- десті олар. – Түрмеде сені біреулер өлтіріп кетіпті деген сыбыс естіген едік. Маладец! Мына Жарастың әйелі босанып, кешелі бері соны жудық. Бас ауырған соң сол үйге барып, бас жазып шығып келеміз. Жүр, енді.сенің аман-есен келгенінді атап жіберейік.

Бұл әлгілерге ілескісі. келмеген. Қолқалап болмаған соң бәлсінгісі келмеді.               Аяңдап орталықтағы жалғыз дүкенге келді.

–   Бұл дүкен де анау соқыр   иттің   қарауына көшкен.   Иесі  сол.  Ана қатыныңды  өлтіргенше, соқыр итті өлтіріп кеткенің жақсы еді, амал бар ма,-десті құрдастары өкініш білдіргенсіп.

Дүкеннен шайнама мен арзанқол екі шөлмек арақ алды. Оны алысқа бармай-ақ дүкен ішіндегі бұрышта тұрған үстелге отырып ішті. Ана екеуінен қалыспай бірер стаканды бұл да тартып жіберді. Дабырласып  біраз отырысқан.

Кенет бірі:

– Әне соқыр ит келді,-деді. – Шамасы дүкеніне тауар әкелді-ау.  Давай, түсірісіп, тағы бір шөлмек алып қалайык.. Екіншісі:

–  Давай,- деп- келісе кетті.   Бұл   да   терезеге қараған.  Жылтыраған шетелдік көліктен  түсіп жатқан баяғы бас бұғалтірді көрді. Қара көзілдірік тағып алыпты. Қарыны қампайып кеткен. Машинаның жүк салғышын ашып,  бір қорапты көтеріп дүкеннің ішіне енді. Бұрышта арак. ішіп  отырған  бұларды көрген бойда:

–   Ей,   атау  кереңді ішкірлер, бар, ана жүкті түсіріңдер,- деп  бұйыра зілдене      сөйледі.  Іле қалшиып қатып қалды.

–   Ә-ә,  – деді  сосын даусы    тарғылданып.  – Көкешім, сен тірі екенсің ғой.

Бұған бір көзімен сығырая қарап тағы да:

–   Жетімдердің жаны сірі   болады   деуші   еді. Түсінікті-і-і…  мына екі сүмелекке өткен-кеткен мүң-шеріңді   айтып отырмысың. Қане,  шық иттің баласы.  Бұл  менің дүкенім.  Қайтып көзіме көрінуші болма, каныпезер. Әйтпесе   көк   шыбынды көзіңе   үймелетемін. Шыққан  түрмеңе  өз қолыммен  апарып  тағы тығамын, сілімтік, жетім,-деп барқ етті.

Бұның каны басына тепті. Әйтеуір қолына бос шөлмекті алып тұра ұмтылғанын біледі. Ары қарай… жетіп барып басынан шөлмекпен бірді қайқайтты. Шөлмек күл-парша болды. Өзін тоқтата алмаған күйі қолында қалған сынық шөлмекпен мойнынан орып жіберді. Мойнынан қан атқылаған, соқыр бұғалтір өкіре құлады.

Мынадай  оқыс жағдайдан шошынған жанындағылар ытқып далаға қашты. Сауда жасап түрған келіншек шыңғырып жіберді. Бұл да далаға шықты. Шыққан күйі соқырдың машинасына отырды да от алдырды. Рөлді ұстаған күйі ойланып қалды. «Қайда барамын,-деді іштей. – ұлымды тауып алып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетсем бе екен? Бірақ бәрібір ұстайды. Тағы түрме. Жоқ, түрмеде осы отырғаным да жетеді». Машина орнынан жүлқына қозғалды. Беті соқыр бұғалтірдің үйі еді. «Бәрібір бұл жарық дүниеде маған лайық орын жоқ екен, кегімді ала кетейін, тұқымыңды құртайын». Машинаның жылдамдығын үдетті. Ашық тұрған қақпадан машина аулаға ытқи енді. Соқырдың қатыны есік алдында кір жуып жатыр екен. Сүрініп-кабынып тоңқандай қашты. Бұл ұлын есіне алды. «Апыр-іай, құлыным, сенің түрінді бір көре алмай кетіп барамын-ау» деп ойлаған ең соңғы сәтте. Аққан күйі машина үйге соғылды. Қатты жарылыс болды. Лап етіп үй де, машина да отқа оранды…

Арада бірер күн өткен соң бұны да, бас бұғалтірді де жүрт жерледі.

Неге екенін кім білсін, бас бұғалтірдің жаназасына жұрт көп жиналмады…

Бұған кішкентай ауылдың тайлы-таяғы қалмай келді… Соңғы сапарға шығарып салды. «Өмірі тек қақ-соқпен өткен жетім еді. Бү дүниеде көрмеген рахатты о дүниеде көрсін» десті ел.

Қабір басындағы жұрт ортасында жасы он төртке толған ер бала ботадай боздап жылап түрды.

Бұл ел «жетім» деп атап кеткен Тұрарбектің Түймекүлден көрген жалғызы еді…

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаТрамптың  «сауда  соғысы»,  Қазақстан қайтпек?
Келесі жазба«Қара алтынның» саудасынсыз Қазақстан қалай күн көрмек?