Әлемде ешқандай кепілдіктің құны қалмағанын бүгінгі Ресей Украина соғысы дәлелдеп берді. Ұмытпасақ 1994 жылы 5 желтоқсанда Украина, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания Будапешт келісіміне (кейінен Қытай мен Францияда қосылды) қол қойды. Ол келісім Ресейге бүкіл ядролық қаруын өткізіп берген Украинаға қарсы ешкім экономикалық, әскери қысым көрсепеу һәм жерінің тұтастығына қауіп төндірмеу жөнінде еді.
Оған кепіл болу үшін аталмыш үш алпауыт ел қол қойды. Бірақ сол кепілдік қайда? Тіпті күні кеше Трамп пен Зеленскийдің арасында болған даудың өзегінде де осы кепілдік мәселесі тұрды емес пе? «Соғысты тоқтату үшін бізге кепілдік бер» деген Зе батырға Трамп ешқандай қауіпсіздік кепілдігін бере алмайтын айтты. Тіпті АҚШ тарапы; «бізге сирек металдар кеніштерін бер. Берген қаржымыздың өтеуі сол болсын» деп әлімжеттік де жасады. Бұндай жағдайдан кейін ешқандай кепілдік қалқан бола алмайтынына көз жеткіздік. «Өзіңе сен» деп хакім Абай айтпақшы енді әр мемлекет өзіне ғана сенуі қалды. Рас, «ұлтқа қызмет ету, білімнен емес, мінезден» деп ұлы көсеміміз Әлихан Бөкейханов айтқандай, ұлтты сүйу, ұлтқа қызмет ету бар да, қажет жерде дипломатиялық айла-тәсілдерде керек – ақ. Қанша мінезді болса да, осы дипломатия жағынан украиндар ақсап жатыр. Айтқымыз келгені, дәл Украинаға берілген кепілдікті сол Будапеште (1994 жыл 5 желтоқсан) Қазақстанда алған. Әлемдегі ядролық қару яғни қуаты жағынан ол кезде Қазақстан төртінші орында тұрған еді. Оғанда сол АҚШ, Ресей, Ұлыбритания қол қойды. Кейінен Франция мен Қытай қосылды. Еліміздің тәуелсіздігімен жеріміздің тұтастығы сақталатыны кепілденді. Бірақ қазір заман кілт өзгерді. Сол берілген кепілдік бүгін Қазақстан үшін жұмыс істей ме? Белгісіз. Бұл жерде астын сызып, айрықша айта кететін бір жағдай Қазақстанның өзге елдермен қарым-қатынасы өте жақсы. Көп векторлы саясат өз жемісін беріп тұр. Ал, Мемлекет тізгінін аса сұңғыла дипломат адам Тоқаевтың ұстап отыруы көңілді көншітеді. Қазіргі геосаясаи жағдай ушығып тұрғанда Қазақстан дипломатияны бірінші орынға шығаруы заңды. Өйткені еліміздің экономикасы күшейіп, әскери әлеуетті артқанша біраз уақыт керек. Демек, әзірге жаңбыр, жаңбырдың арасымен жүріп, құрғақ шығып кету яғни қауіп-қатердің алдын алып, амалдай тұру басты шарт. Негізі кез-келген мемлекеттің мықты болуы үш нәрсеге сүйенеді. Ол –экономикалық қуат, әскери әлеует және мықты ұлттық идеология. Осы үш таған жұмыс істеген кезде, кез-келген елмен тереземіз тең дәрежеде сөйлесе алмақпыз.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы