Бірде Сырым қол бастаған батыр да емес, сөз бастаған шешен де емес, жас кезінде елге белгілі Бөкен биге сәлем бере барыпты. Бөкен қарт қолымен көзін күннен көлейгейлеп тұрып: «Қай баласын?», -депті. «Даттың баласымын»,-депті Сырым. Бөкен би аз-кем ойланып тұрып: «Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл туады екен-ау»,-деген екен. Қап, әттеген-ай, би жаза басып жаңылған болар, сірә. Әйтпесе сол жаманнан туған «қолақпандай» ұл елді аузына қаратқан шешен, халық қамын жеген көсем, хан деңгейіне көтерілген қайратткер болды емес пе. Бұл жерде мәселе адамның арғы тегінде болып тұр ғой. Сырымның түп аталарында, тұқым-тегінде бар қайсарлық, батырлық, өжеттік т.б.тамаша қасиеттерді тап басып танып білмей тұрып, бидің белден басып берген бағасы ақиқаттан алшақ кеткенін көрсетеді. Тек туралы тереңнен тартып, толығырақ тарқатып айтып көрейік.
Текті немесе тұқымқуалаушылықты зерттейтін биология ғылымының аса күрделі бір саласы – генетика деп аталады. Генетика ғылымының негізін 1868 жылы асбұршаққа тәжірибе жүргізіп, тұқымқуалаушылық заңдылықтарын ашқан чех ғалымы, шіркеу қызметкері монах Грегор Мендель деп тайға таңба басқандай тарихта жазылып келеді. Біздің бұған айтарлықтай күмәніміз бар. Өйткені Мендельден бірнеше ғасыр бұрын өткен қазақ бабаларымыз тұқымқуалаушылық сырын бес саусағындай өте жетік білген. Айталық бір ғана мысал: қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі, 1668 – 1781 жылдары өмір сүрген Бұқар жырау бабамыз:
«Таудан аққан тас бұлақ,
Тасыса құяр теңізге,
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса,
Жақсыдан жаман туса,
Тартпай қоймас негізге»,-дейді. Міне, генетика ғылымы дегеніңіз осы! Ұзақ жыр үлгісінен үзіп алған осы жеті қатар өлең жолдарына генетика ғылымының – тұқымқуалаушылықтың терең тарихы мен құпия сырлары сыйып тұр. Адам бойындағы асылы мен жасығы, жақсысы мен жаманы қатар жүретін қасиеттер қызыл қан түйіршіктеріндегі ДНК моллекулары арқылы бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға беріліп отырады. Мейлі жақсы, мейлі жаман болсын белгілі бір қасиет ата-баба бойында ұзақ жылдар жасырынып жатып, арадан аталар ауысып барып та келесі бір ұрпақтың бойынан көрініс тауып жатады. Бұған таңқалуға болмайды. Жоғарыда айтқан Сырымның тұқым-тегінде, ата-бабаларының бірінде асыл қасиеттердің болғанын растай түседі.
«Тегім білмеген түгің білмейді» деп қазақтың қысқа қайыратыны бар. Тек – әулеттің тарихы, шежіресі, ата-баба аруағын құрметтеп, тағзым етудің төте жолы. Текті қорлағаның аруақты қорлағанмен бірдей. Сол себепті, «Ей, тексіз неме!» деген сөз – қазақ тілі лексиконында ең ауыр сөз болып саналады. Бұл сөзді қазақ аруақтарға тіл тигізу деп, өліммен бірдей көрген.
Жер бетінде тіршілік кешіп жатқан халықтардың арасынан қазақ сияқты қаны таза халықты таппайсыз. Жақсы қасиет те, жаман қасиет те, ауру-сырқау, кесел түрлері әкенің қанмен, ананың сүтімен ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратынын жақсы білген қазақ – қан тазалығын мейлінше қатаң сақтаған. Жеті ата түгілі, жетпіс атаға дейін қыз алыспаған. Бұл ережені бұзғандар қатаң жазаланып отырған. Қалқаман мен Мамыр арасындағы махаббаттың жолын кескен де осы қазақтың бұлжымайтын ережесі еді. Бізге аса оғаш көрінгенмен, бірқатар халықтардың дәстүрінде бір емшек ембеген ұл мен қызды атастырып үйлендіре береді. Осының салдарынан ұрпақ бойында қанмен келетін тек бұзылып, ауру-сырқау көбейіп, ақыл-есінің ақауы бар балалар өмірге келіп жатады. Қазақ дәстүрінде мұндайға жол берілмейді.
«Тентек бала той бұзар» демекші, тексіз адам ардан аттап, ұяттан безіп, бәрін бүлдіріп, кесірі мен кесапаты көпке тиіп жатады. Шамасы, жаман қасиеттерді тасымалдап жүретін қызыл қан түйіршіктері әлде бір бұзақылыққа итермелеп тұратын болса керек. Осындайда мына бір оқиға ойға оралады.
Париж қаласының қақ ортасында аспанасты мұражай – мазарат бар екен. Мазарт демесеңіз, гүлмен көмкерілген, аспалы шамдар орнатылған, тегіс, түзу аяқ жолдар салынған. Қала тұрғындары кешкі салқында осында келіп серуен құратын болған. Осы мазаратта бір құлпытас жұрттың көзіне оттай басылып тұрады. Өйткені құлпытаста: «Бұл жерде екі адам жерленген: әкесі мен қызы, ағасы мен қарындасы, күйеуі мен әйелі» деген жазулардың құпиясын білуге жұрт ынтық болады. Құпия жазудың сыры мынандай екен.
Баяғыда бір әйелдің жалғыз ұлы мектеп бітірген ойын-сауық кешінде достарымен араққа сылқия тойып, түн жарымында үйіне келеді. Есі-түсін білмей, анасының қойнына кіріп, білгенін істейді. Ертеңіне ұяттан беті күйіп, киім-кешегін жинап, жағалаудағы кемеге отырып, мұхит асып кетеді. Арадан 2О жыл өткенде елге оралады. Анасының қайтыс болғанын біледі. Бір күні жігіт шулы ортада жүріп 2О жастағы сұлу қызбен танысып, екеуі екі жарты бір бүтін болуға бел байлайды. Үйлену түнінің ертеңіне қыз қобдишасын ақтарып, анасының күйеуге шыққан сон ашып оқырсың деп аманаттап кеткен хатын жігітке оқып береді. Анасы жазған хатта: «Қызым, сенің бұл дүниеде жалғыз ағаң бар, аты пәленше, сол ағаңды іздеп табарсың»,-депті. Жігіт мән-жайды бірден түсініп, қызды өлтіреді де, ар алдында ақталғысы келіп өзің де өлтіреді. Міне сол екі адам бір қабірде тыныстап жатқан көрінеді. Тексіздің арсыз ісі осындай қайғылы оқиғаға арқау болыпты.
Әлем астанасы атанған Парижде болған бұл оқиға мына бір ойға жетелейді. Айтып көрейік. Осы қазақ жылқы баласын жанындай жақсы көреді. «Ер Тарғын» жырында батырдың тұлпарын «адамнан есті» жануар деп суреттейді. Себебі, қазақ пен жылқы баласының тектілігі мен қан тазалығында болып тұр ғой. Бір үйір жылқыны ұршықтай үйіріп жүретін айғырлар өз кіндігінен тараған байталға шаппайды. Тістеп, теуіп, үйіріне қоспайды. Апыр-ай, не деген тектілік десеңізші.
Жыраулар поэзиясының аса көрнекті өкілі, Шортанбай, Мұратпен бірге «зар заман» ақындары аталып кеткен Дулат Бабатайұлы:
«Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан»,-деп жырлайды. Дәстүрлі поэзиямызда адамның тегі ата мен әкенің атымен шектелмей, сонымен бірге руы, жүзі де көрініс тауып жатады. Мұның еш сөкеттігі жоқ, рушылдық деу қате пікір. Ең бастысы: руды білгенін – қасиетің, руға бөлінгенін-қасіретің. Рас, рушылдық деген рухани жарамыз бар. Руымен у ішіп, елді ала тайдай бүлдіріп жүретін, бөілініп-жарылып өз жұртың өзгеден биік қоятын көзқамандарға ары мен ұяты таразы. Өзінің шыққан тегін біліп, ата-баба аруағын құрметтеп, Құран бағыштап, текті әулеттің ұрпағы екенін мақтаныш етіп айқайлап жатпай, ешкімнің намысына қол жүгіртпей жүргеннін жөні бір басқа.
Қытай халқының ұлы көсемі Конфуций:
«Төрт нәрсеге үйретемін:
бірінші – кітапты түсініп оқуға;
екінші – адамгершілікті сақтауға;
үшінші – Отанға адалдыққа;
төртінші – әділдікке», депті. Ғибраты мол ғұламадан үйренеріміз де, аларымыз да көп, сондай-ақ өз тарапымыздан бір ауыз сөз қосармыз: бүгінгі жас ұрпаққа тегің біліп жүруді де үйретіп отырсақ, артық болмас еді.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі