Қаңтардың 30-ына Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов іс басындағы президент Садыр Жапаровтың екінші президенттік мерзімге сайлауға түсетіні туралы ақпаратты растады.
«Біздің еліміз үшін стратегиялық маңызы зор ұзақ мерзімге арналған халықаралық жобалар жоспарланып, іске асырылып жатқанын ескеретін болсақ, Садыр Жапаровтың келесі мерзімге қатысқаны саясаттағы сабақтастық болады», — деді ол «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында.
Бұған дейін Азаттықтың қырғыз редакциясының «Эксперттер талдайт» деп аталатын бағдарламасында Қырғызстан министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Еділ Байсалов «Президентіміз келесі сайлауға қатысады, оған конституция рұқсат береді» деген болатын.
Қырғызстан конституциясына 2021 жылы енгізілген өзгерістер бойынша, Қырғызстан президенті болып бір адам 5 жылдан екі мерзімге сайлана алады.
Садыр Жапаров 2021 жылы 10 қаңтарда Қырғызстан президенті болып сайланған. Ол кездегі конституция бойынша қырғыз президенті болып бір адам бір рет, алты жылға ғана сайланатын.