М.Әуезов театрының баспасөз қызметінде жұмыс істейтін кезім. «Көрермендер агенттігі» деген бөлім болды, қателеспесем.
Агенттіктің контролер қыздары әр күні театрға келген көрерменнен «Спектакльге не үшін келдіңіз? Қай актер ұнайды? Не үшін?» деген тұрақты сауалдар аясында сауалнама жүргізіп, айдың соңында үздік спектакль мен үздік актерді анықтап, рейтинг түзіп, театрдың Кіші залы алдындағы тақтаға тізімді іліп қоятын. Театрда үш жылға таяу істедім ғой, кеткенімше, рейтингтің басын Азамат Сатыбалдының бермегенін жақсы білемін. Ол рейтингте азуын айға білеген Асанәлі Әшімов пен күлге көміп тастасаң да, күңіреніп көтерілетін Тұңғышбай Жаманқұловтар Азаматтан кейін орналасатын. Өтің жарылса да, шындық – осы. Осыны көріп қарадай күйетінмін. Содан бір күні «Абай» пьесасы қойылатын болып, онда Азаматтың Абай болып ойнайтынын естіп, әдейілеп кешкісін қойылымға қалдым. Екі көзі жалт-жұлт етіп жайнаған, шоқша сақалы бар, киіктің лағындай орғып тұрған ақ шапан киген Абайды көргеннен алғаш лықсып келген ой: «мына Есмұхан ағамыздың есі дұрыс па, ей», болды. Е.Обаев – «Абайды» қойған режиссер, ол – ұстазы, Азамат – шәкірті, «мұның бар да бір сіңбірдің» керін келтіріп тұр. Түсінемін, Азамат – сұраныста жүрген танымал актер, театр менеджменті үшін көрермен тарту қашан да маңызды, театрдың бас ауыртар басты проблемасы сол, бірақ көрермен жинаудың, касса жинаудың жөні осы екен деп, дәл мынандай жойдасыз тірлікке бару театрға абырой әпермейтін тірлік қой. Шау тарта бастаған шағындағы ойшыл, алып Абайдың бейнесін ілгеріде Болат Әбділманов пен Ерлан Біләлдің ақынды кемеңгер дәрежесіне көтеріп кейіптегенін көріп, көңіліміз толып, талайға дейін тамсанып айтып жүрген едік. Ал Азаматтың Абайы қызуқанды, адымдай басамын деп сахнаның сол қапталынан шығып, оң қапталына құлдыраңдаған жас баладай құйындатып жүгіріп келеді сабазың, екі қолы – ербең-ербең, ақырамын деп, тамаққа салып, айғайлап та жібереді. Қойылым соңына қарай Азаматтың алдыңғы планға шығып, көрерменге таяу келіп ойланып отыратын жері бар. Шаршаған, қажыған. Көздеріне қарадым, Абай емес, қай қырынан алса да, кейіпкерімен түсінісе алмаған, ақынның өзі түгілі, шапанына астар болуға жарамаған тірлігіне жыны келген Азаматтың шаршағаны байқалады, әлгі жарқ-жұрқ еткен жанар жабырқау тартып: «мен осы не істеп отырмын?» дегендей маған керек, өзім іздеген түңілісті таныдым да, аядым ба білмеймін, әйтеуір Азаматқа дәл сол жерде адам ретінде түсіністік танытқым келді…
Хош, талғамда талас жоқ, бірақ Азамат көз алдымызда ұлттық театр және кино өнеріне көп олжа салып жүрген үлкен актер болып қалыптасты. Бір ролі қабылданар, бірі қабылданбас, бірақ еңбегін жоққа шығару әділетсіздік болар еді.
Кеше ол Ахмет Байтұрсыновтың ролінде жарқ етті. Белгілі ғой, басты рольде ойнаған актерде шеберлік бар болса, фильм – бар, басты рольді шығара алмаса, фильм – жоқ. Сол себепті аңдығаным тағы да Азамат болды. Жоқ, Азамат өскен екен. Жай жүрмей, кеудесін білім мен шеберлікке толтыра жүріпті. Фильмге үлкен дайындықпен келгені, көп жұмыс істегені көрініп тұр. Айғайды қойып, актерлердің өз тілімен айтқанда, «ішке салып ойнағанын» ұнаттым. Тар заманда өмір сүрген саяси күрескердің зиялы болмысын салмақты жеткізу үшін өзінше ізденген, көп тәсіл тапқан. Дауысы артық бояудың бәрінен арылған, негізінен, жанары сөйледі. Көздерімен-ақ көп нәрсені айтты. Фильм ең алдымен, Ахметтің бейнесіне дәл осы Азаматты таңдауымен ұтқан.
Қарапайым көрерменнің көбі ақтың қашып, қызылдың қуған зобалаңы туралы жалпылама білгенімен, ғалымдардың кітаптарын ақтарып, Алаштың тарихын арнайы оқымайтыны анық. Бір түрмеден шығып, бір түрмеге түсіп, бар өмірі айдауда өткен Ахметтің өмірі арқылы нәубет кезеңнің қысқаша анықтамалығымен таныстым өз басым. Бір қарағанда, Ахмет өмір сүрген кезеңдегі саяси оқиғалардың дерегі мен дәйегін алға тартқан хронологиялық тізбе секілді әсер берсе, мұны өз басым тұлғаның кім екенін ашу үшін ол жағдайды айналып өтудің мүмкін еместігімен байланыстырдым. Ең бастысы, ретімен қолданылғандықтан, көркем дүниенің деректі сарыны ақталып тұр. Көптен бері қазақ киносында көрінбей кеткен сауатты диалогқа құлақ тұщынды. Бұл әрине, Ғалым Доскен еңбегінің жемісі. Орыс тергеушісі мен Ахметтің арасындағы әліпбиге байланысты әңгіме, араб пен орыстың алфавиті туралы Ахметтің дәйекті жауабы, Бардрисафамен некесі қиылатын тұс, екіжүзді, сатқын қазақ тергеушісінің зымияндығы көңіл толқытпай қоймайды. Жаныңда күрескер тұлғаның табанды мінезі тебірентіп, арқаланып алған Маралтай ақын қиқу салып отырса, фильмнің әсері тіпті үстмелене түседі екен.
Фильмді көру керек. Алаш арыстары туралы фильмдер желісі бірді-екілі қайраткердің бейнесімен түйінделіп қалмас. Алда әлі талай көркем бейнелердің көшін көрерміз. Бірақ көш басындағы нобайы дұрыс тірі туындылардың бірі дәл осы «Соңғы үкім» болатынына сөзсіз сенемін. Нағыз суреткерлердің қолынан шыққан ғибратты дүниенің ғұмыры ұзақ болғай!
Айгүл Аханбайқызы ФБ -дағы парақшасынан