1965 жылдың маусым айы. Ымыртты жамылып,ілбіп басқан біреу кешкі жатар орны үшін әлдебір қонақүйге бара жатты.
Ол – Мексиканың бір шетінде фильм түсіру алаңында сценарист ретінде күні бойы жұмыс істеп,әбден қалжыраған Гарсия Маркес еді. Дәл осы сәтте оны қонақүйдің сыртында ерлі-зайыпты жас жұбайлар күтіп тұрған.
Габо, ол Латын Америкасында кеңінен танымал, жасы 30-дан асқан,төрт кітабын шығарған жазушы болатын, бірақ оның шедевр шығармасы «Жүз жылдық жалғыздық» әлі өмірге келмеген тұс. Ол ұзақ уақыт бойы осы шығармасын ой қазанында пісіріп,кейіпкерлері мен оқиғаларын дацындап қойған еді. Сол үшін де ол нық сеніммен інісі Густавоға: Күндердің бірінде Дон Кихоттан да көп оқылатын кітап жазамын» дейді. Тіпті үйлену тойынан кейін әйелі Мерседеске ақшадан уайымдамауды,өйткені 40 жасында бүкіл әлем оқитын роман жазатынын айтады. Ол інісі мен жарына берген сертін орындады. Міне,сол ғасырлық құлазудың қағаздағы бейнесі аталған «Жүз жылдық жалғыздық» жарияланғаннан кейін 57 жыл өткен соң, Netflix осы романның негізінде фильм түсіріп,көрерменге ұсынбақ.
Маркес атағы шықпай тұрғанда өзін іздеп келген ерлі-зайыпты Барбар мен Луиске сұхбат барысында осы ұлы шығармасының оқиға желісін бастан-аяқ айтып берген екен.
Мария Луиза Элио есімді испандық жазушы-актер Маркестің әңгімешілдігіне қайран қалғанын айтады. Күйеуі Джоми Гарсиа Аскот Испаниядағы Азаматтық соғыстан кейін қуғынға ұшырағандардың арасында болыпты, әне сол сәттерде олар әлдебір режиссерлер арқылы Гарсия Маркеспен танысыпты. «Біз түскі асқа бардық, ол маған ұша алатын діни қызметкер туралы айтты, мен оған сендім», – деді Элио. «Бір оңаша сәтте ол маған бүкіл кітаптың оқиғасын айтып бергеннен кейін мен оған: «Мұны жазып шықсаң, Киелі кітапты жазған боласың», – дедім» деп ағынан жарылады.
Габо 1950 жылдардың басында Колумбияның Барранкилья қаласында арзан айлыққа репортер болып жұмыс істеген газеттен алған қағаз орамдарына «Жүз жылдық жалғыздықтың» оқиғаларын көшіріп жаза бастайды. Ол қонақүйде жезөкшелермен бірге тұрды, өйткені жатын орын үшін сол жер ғана арзан болатын. Ол «ешбір картада кездеспейтін Макондо атты тропикалық қала» туралы шығармасын жазып біткен соң, қолжазбасын мексикалық жазушы Карлос Фуэнтеске жіберді. Фуэнтес оның шығармасының соңғы бетіне дейін оқып,досына романның кереметтігі сонша,не айтарын білмей қалғанын жасырмайды.
«Жүз жылдық жалғыздық» 1967 жылы маусымда Аргентинада жарық көрді. 10 000 данасы үш аптаның ішінде сатылып кеткенде, Гарсия Маркес баспагерден өзі және оның отбасы болып жатқан оқиғаның шынайы екенін тереңірек сезінуі үшін кітаптың қаламақысын қолма-қол ақшамен жіберуді сұрады. Үш жылдан кейін аталған роман Америка Құрама Штаттарында жарық көргенде, The New York Times оны «Оңтүстік Американың шоқтығы биік жазушысы» деп атады.
«Жүз жылдық жалғыздықтан» бұрын әлем оқырмандарында сиқырлы реализм терминін естігендер жоқтың қасы еді. Қазір ол бүкіл континенттің әдебиетін жаңарту үшін жиі қолданысқа енді. 17 жыл ойында пісіріп, формуласы Кафканың «Метаморфоз», Вулфтың «Миссис Даллоуэй» және «Испандық Үндістан шежіресіне» сәл ұқсаған,Фолкнер мен Хемингуэй тәсілінен аздап «бояу алған» бұл роман қазақ оқырмандары үшін де тосын шығарма болды.
Көбі Маркестің әңгімешілдігін айтып,мақтасады. Оның жөні былай. Ол өмірінің алғашқы сегіз жылында ата-әжесімен бірге Аракатакада, соғыстарды, дүмпулерді басынан өткерген қаламгер.
Гарсия қиялындағы Макондоданы сипаттау үшін өзі оқыған шығармалардағы жаңа тәсілдерді пайдаланғаны анық.
Нәтижесінде,Латын Америкасы жазушылары содан бері Гарсиа Маркес пен сиқырлы реализмнің көлеңкесінде өмір сүріп келеді. Тіпті олар Маркестік сиқырынан шығайын десе де,шыға алмай әлек. Әсіресе қазір Батыс әдебиетіне тыңнан түрен салған Исабель Альенде мен Лаура Эсквивель сияқты жазушылардың шығармаларында Маркестің әсері басым. Чилилік жазушы Альберто Фуге мен мексикалық жазушы Хорхе Вольпи сияқты қаламгерлер өз шығармаларынан Маркестің ықпалын ашық түрде жоққа шығарды. Олар бірден «егер олардың романдарында ұшатын әжелер кейіпкер ретінде суреттелмесе, олардың кітаптары Америка алқабында басылуы мүмкін емес» деген сыни пікірлерден ат тонын ала қашты.
Гарсияның жесірі Мерседес 2020 жылы қайтыс болды, сондықтан қазір оның рухани мұрасының барлық құқығы Гарсиа Барча мен оның ағасы Гонсалоның қолында. «Маркес бізге ол қайтыс болғаннан кейін, біз оның шығармашылығы туралы не істесек те,өз еркімізде екенін айтты», – дейді Гарсиа Барча. » Тек мені мазаламасаңдар болды». Оның соңғы өтініші осы болыпты.
Жазушы Гарсия бір сөзінде: «Жүз жылдық жалғыздық» кино ретінде жарыққа шықпайды»,деп еді,ал жазушының ұлы: «Тірілер шешім қабылдауы керек»,деп айды аспанға бір-ақ шығарды.
Алда әлем жұрты үлкен ауқымдағы өркениеттің метафоралық тарихын, сонымен бірге,Колумбия мен Кариб теңізінің нақты бейнесін экраннан көрмек. Кино түсіріле берсін,бірақ Маркестің өз сөзімен айтсақ «ешкім де оны мазаламаса» болғаны.
Дүйсенәлі Әлімақын