Батыс Қазақстан облысында биыл 134 жобаға 114,4 млрд теңге қаражат бөлініп, 579 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетовтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, 2024 жылы автокөлік жолдарын жөндеу үшін 1 128 мың тоннадан астам қиыршық тас қажет.
Бауыржан Есқайырұлының сөзіне қарағанда, осындай көлемдегі материалдарды тасымалдау үшін 16 мыңнан астам вагон керек.
«Күні бүгінге барлық қажетті көлемнің 61 пайызы (691 мың тонна немесе 10 мың вагон) қамтамасыз етілді. Барлығы 10 теміржол вагон құрамы жұмылдырылды. Сондай-ақ биылға қажетті 38 мың тонна битум көлемін ескере отырып, мамырдан қазанға дейін ай сайын шамамен 4,5-5 мың тонна битуммен қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Қазіргі таңда 8,6 мың тоннадан аса битум дайындалды. Материалдарды әзірлеу жұмыстары жалғасуда», – дейді Б.Айтмағамбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, су тасқынына байланысты Жайық бойында орналасқан құм-қиыршық тас қоспасын өндірілетін карьерлер су астында қалып отыр. Осыған байланысты жолдардың жөнделіп жатқан учаскелерінде жұмыстарды уақтылы бастау және жалғастыру үшін құм-қиыршық тас қоспасының тапшылығы байқалады. Дегенмен жыл басында төленген аванска құм-қиыршық тас қоспаның 67 пайызы дайындалды.
«Жол-құрылыс жұмыстарын сәуір айынан бастап қыркүйектің соңына дейін аяқтау керектігі барлық мердігерлерге ескертілді. Бірақ өңірдегі су тасқыны салдарынан құрылыс жұмыстары кешігіп басталуда. Мердігер ұйымдарға инертті материалдарды жеткізушілермен шарттарды мерзімінен бұрын жасасу және төлеу үшін аванстар қарастырылған болатын. Қазіргі таңда облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 43 нысан бойынша жалпы сомасы 9,5 млрд теңге аванс төленді», – дейді басқарма басшысы.
Басқарма мәліметіне қарағанда, 2024 жылдың жоспарына сәйкес облыстық маңызы бар 10 автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бүгінге дейін 3 қайта жаңғырту және 1 күрделі жөндеу нысандары бойынша жұмыстар басталды. 4 орташа жөндеу мамыр айының соңына дейін басталмақшы, бұған дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ тағы бір нысан бойынша келісім-шарт жасақталуда.
Аудандарда нысандар бойынша көпшілігінде жұмыстар басталды.
Батыс Қазақстанда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 183 км болса, соның 1 421 шақырымы – республикалық, 4 762-сі – жергілікті маңызы бар жолдар.
Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі – 73, жергілікті жолдарда – 52 пайыз. Жыл қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың үлесін 58 пайызға жеткізу көзделуде.
«Жалпы, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 2019-2023 жылдар аралығында 87,3 млрд теңге бөлініп, 1 059,1 км жол жөнделді. Соның нәтижесінде нормативтік үлес 28-ден 52 пайызға жеткізілді. Аудандар бойынша осы жылдары аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдарға 64,8 млрд теңге бөлініп, 894,9 км жол ретке келтірілді. Ауылішілік жолдарды жөндеудің негізгі бөлігі аудан орталықтарында жүргізілді. Басты мақсат – жөндеуге бөлінген қаржыны мақсатты түрде игеріп, сапалы салынған жол көлемін арттыру», – деді Б.Айтмағамбетов.