Home Жаңалықтар Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?

Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?

94

Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген компаниялар Кремльдің әскери өндірісіне қатысы бар кәсіпорындарға санкцияға ілінген, екі мақсатта қолданылатын технологиялар экспорттап жатыр. Азаттықтың жаңа зерттеуі осыған айғақ келтіреді.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуропа мемлекеттері Ресейге азаматтық және әскери мақсатта қолданылуы мүмкін технологиялар экспортын бақылауды күшейтті.

Бірақ Ресей санкцияға ілінбеген үшінші мемлекеттерді, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанды пайдаланып, Батыс технологияларына қол жеткізіп отырды. Қос мемлекет те Ресей құрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше.

Соғыс басталғалы Қазақстан мен Қырғызстаннан АҚШ-тың Texas Instruments, Analog Devices сияқты алпауыт компаниялары өндірген, екі мақсатта пайдаланылатын тауарлар импорты артқан. Украинада қолданылған ресейлік қару-жарақтан осы тауарлардың бөлшектері табылған.

Бұл мәселе Орталық Азияның қос мемлекетіне қарсы жанама санкция салынуы мүмкін деген қауіп туғызды. АҚШ пен Еуроодақтағы санкция ережелерінің сақталуына жауапты өкілетті тұлғалар кейінгі айларда Қазақстан мен Қырғызстанға сапарында осы мәселені көтерді.

Азаттық жаңа зерттеуінде Қазақстан мен Қырғызстаннан екі мақсатта пайдаланылатын экспорттық технологиялар алып отырған ресейлік фирмалардың бұрын Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне, Батыс елдері мен Украинаның санкциясынан зардап шеккен мемлекеттік ұйымдарға электроника сатумен айналысып келгенін анықтады.

Азаттықтың Қазақ және Қырғыз қызметтері Украин қызметінің “Схемы” зерттеу тобымен бірлесе отырып екі мақсатта пайдаланылатын тауар саудасына қатысты компаниялардың кеден, сауда және корпоративтік жазбаларын қарап, Украина барлау қызметінің ресейлік қару-жарақтардан табылған, Батыста өндірілген электроника туралы деректерін талдап шықты.

Журналистер жазған ресейлік импорттаушы компаниялардың бірі Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргеннен кейін екі айдан соң Ижевск әскери-өндірістік қаласында тіркелген. Азаттық бұл фирма Ресейге қару-жарақ жеткізіп отырғанын растайтын дерек таба алмады. Компанияның директоры – бұрын Ижевскідегі зауытта істеген каратеден жаттықтырушы. АҚШ үкіметінің дерегінше, ол Ресей әскеріне тауар мен технология дайындаумен айналысады.

Кеден құжаттарына сәйкес, ресейлік фирманың басты сауда серіктесі – Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін бір айдан соң құрылған қырғызстандық компания. Бұл фирма Ресейге озық үлгідегі электроника жеткізеді.

Белгілі ресейлік компаниялар соғыс басталғалы екі мақсатта пайдаланылатын электроника экспорты үшін қазақстандық компаниялар көмегіне жүгінген.

Электроникамен айналысатын ресейлік ITC компаниясы қорғаныс саласындағы АҚШ санкциясына ілінген бірнеше ресейлік кәсіпорынға технология жеткізіп келген. Өткен айда ITC компаниясының өзі Украинаның санкция тізіміне ендіКеден жазбаларына қарағанда, ITC екі мақсатта пайдаланылатын технологияларды бірнеше жыл бұрын өзі құрған қазақстандық компания арқылы жеткізіп, бұл үшін Латвияның логистикалық фирмасын пайдаланған.

Көп жағдайда қазақстандық және қырғызстандық компаниялардың АҚШ пен Еуропадан алып, Ресейге жіберіп отырған екі мақсатта пайдаланылатын тауарлары ресейлік клиенттерге Орталық Азия арқылы емес, тікелей жеткізіледі. Бұл туралы Азаттыққа әртүрлі дерек көздері хабарлады.

“Ақша мен келісімшарт Бішкек арқылы жүреді” деді өзін Андрей деп таныстырған кісі. Азаттықтың Қырғыз қызметі АҚШ пен Еуроодақтан тауар импорттау қызметін ұсынатын қырғызстандық компанияның сайтында көрсетілген нөмірге хабарласқанда тұтқаны осы кісі көтерді.

“Тауар тікелей Ресейге барады” деді ол.

Біз қолданған дереккөздер

Азаттық осы зерттеуді дайындау барысында әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мыңдаған құжатты зерделеп шықты. Журналистер қараған кеден деректерін импорт-экспорт туралы ImportGenius және Sinoimex коммерциялық деректер агрегаторы, Вашингтондағы ғаламдық қауіпсіздік бойынша C4ADS коммерциялық емес ұйымы жинаған. Зерттеуде аталған компаниялар туралы деректер Қазақстан, Қырғызстан мен басқа да мемлекеттердің ресми коммерциялық реестрінен, SPARK деректер базасынан (әртүрлі компаниялардың қаржы деректері мен иелері туралы ресми ақпарат қоры) алынды. Ресейдегі мемлекеттік сатып алулар туралы деректерді SPARK пен Ресейдегі тендерлер туралы ресми ақпарат жариялайтын Clearspending.ru сайты ұсынды.

Украинадағы ресейлік қару-жарақтан табылған Батыс электроникасы туралы деректер Украина барлау қызметінің Еуроодаққа ұсынған есебінен алынды. Еуроодақ бұл деректерді тексеріп, талдап шықты. Азаттық тілшілері Украина барлау қызметінің есебімен де, Еуроодақтың сараптамасымен де танысты.

Кеден есебіне қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары Ресейге микрочип, телекоммуникация құралдары мен басқа да электроника түрлерін жіберген. Украина әскері ресейлік зымыран, танк, тікұшақ, дрондар мен радио жүйесінен осы бөлшектерді тапқан.

Ресейлік компаниялар бұл бөлшектерді алғаннан кейін оны қандай мақсатта қолданатынын дөп басып айту қиын. Өйткені Ресейде әскери жабдықтар сатып алу туралы деректер ашық жарияланбайды.

Бірақ 2022 жылы желтоқсанда қазақстандық “Eltex Alatau” компаниясы бір күнде Ресейге екі мақсатта қолданылатын электрониканың 100 партиясын экспорттаған. Киевтің дерегінше, Ресей әскері бұл бөлшектерді Украинамен соғысқа пайдаланып жатыр.

Кеден құжаттарында бұл тауарларды Ресейдің қай компаниясы сатып алғаны көрсетілмеген. Тауарлар тізімінде Analog Devices чипінің бір түрі бар. Украина әскерилері бұл чипті Ресейдің ұрысқа қатысатын танкісіндегі түнде көруге арналған көздеуіштен тапқан. Қазақстандық экспортердің Ресейдегі филиалы тұрақты клиенттерінің қатарында Ресейдің қорғаныс министрлігі мен Федералдық қауіпсіздік қызметі барын жасырмайды.

Азаттық Қазақстан мен Қырғызстанның президент әкімшілігінен зерттеу деректеріне қатысты пікір білдіруді сұрады. Бірақ зерттеу жарияланғанға дейін редакцияның сұрақтарына жауап келмеді.

Бірақ осы апта Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен Астанада өткен екіжақты келіссөзден кейін сөз сөйлген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз үкіметі “халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтап отырғанын” айтты.

“Екі мақсаттағы тауарларды Ресейге экспорттау мәселесіне келсек, бұл мүлде шындыққа жанаспайды” деген Тоқаев ненің жалған екеніне нақты тоқталмады.

20 маусымдағы келіссөзден соң Штайнмайер Брюссель мен Астана Ресейдің Батыс санкцияларын бұзу әрекетін болдырмау жайын мұқият бақылауды үйлестіреді деді.

“Біз санкцияны айналып өтуге тосқауыл қоюдың барлық мүмкіндігін жасауымыз керек. Келіссөз кезінде Қазақстан мен ЕО органдары арасында бұл мәселелер бойынша тығыз байланыс бар екенін естідік” деді Штайнмайер.

Штайнмайер Бишкекте жүргенде Еуропа одағына кіретін елдердің үкіметтері Ресейге қарсы 11-санкциялар пакетін мақұлдады. Одаққа төрағалық ететін Швеция өкілі жаңа пакет «санкцияларды айналып өткендерге қарсы шараларды» қамтитынын айтты.

Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен 21 маусымда жаңа санкциялар «экспортқа бұрынғыдан да қатты шектеу қойып, Кремльді қолдаған ұйымдарды нысанаға алып, Путиннің соғыс машинасына үдете соққы береді» деді.

«Санкцияны айналып өтуге қарсы құралдарымыз Ресейдің санкциядағы тауарларға қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді» деп жазды ол Twitter-де.

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІНІҢ АРТУЫ ЖӘНЕ БАТЫСТЫҢ ҚЫСЫМЫ

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуроодақ Ресей экономикасы мен Кремльге қарсы бұрын-соңды болмаған санкция салды. Мәскеуге ресейлік әскерилер жылдар бойы пайдаланып келген батыс электроникасы мен технологияларын сатуға тыйым салынды.

Бірақ Ресей бұл тауарларды Батыс санкцияларына қосылмаған елдер, оның ішінде Қытай арқылы алып отыр. Кеден жазбалары мен сауда деректеріне қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстанда екі мақсатта пайдаланылатын технология импорты мен экспорты артқан.

Азаттық Киевтің Еуроодаққа берген құжатын қарап шықты. Онда Украина әскерінің ресейлік қару-жарақтан тапқан жүздеген электроника бірлігі мен басқа да бөлшектер тізімі көрсетілген. Журналистер осы тауарларға арналған кеден коды бойынша сауда деректерін саралап көрді.

Бұл сараптама электроника саласында санкцияларды айналып өту жиі кездесетінін көрсетеді. Қазақстан мен Қырғызстанда Батыста өндірілген, ресейлік қару-жарақтардан табылған электроника түрлерінің импорты артқан. Соғыс басталғалы Ресейге дәл осы тауарлар көбірек экспорттала бастады.

Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда Еуропадан компьютер импорты былтырмен салыстырғанда (310 миллион доллар) жеті есе өсіп, 1,2 миллиард долларға жетті. Қазақстаннан Ресейге компьютер экспорты да былтырмен салыстырғанда 2300 есе өсіп, 300 миллион долларды құрады.

БҰҰ-ның сауда деректеріне сәйкес, Қырғызстан 2021 жылы ұшақ, тікұшақ немесе дронға арналған бірде-бір деталь алып-сатпаған. Ал биыл қырғыз фирмалары АҚШ-тан 3,5 миллион долларға бөлшек импорттап, Ресейге 1,5 миллион доллардың тауарын жіберген.

 

Еуроодақтың өкілетті тұлғалары Батыстан экспортталған, екі мақсатта қолданылатын технология Орталық Азияға немесе басқа мемлекеттерге жіберілгенімен, түбінде Ресейдің қолына тиіп жатқанына алаңдайды. Тауар жеткізудің осындай жолы барын Қазақстан мен Қырғызстанда реэкспортпен айналысатын кәсіпкерлердің көбі мойындайды.

28 наурызда Еуроодақ санкцияларының жүзеге асуына жауапты Дэвид О’Салливан “Билікпен Еуропадан Ресей арқылы Орталық Азияға жіберілген тауарлардың шын мәнінде қайда жеткізілгенін тексеруге мүмкіндік беретін жүйе орнату мәселесін талқылап көргіміз келеді” деді.

Еуропа одағының санкциялар бойынша арнайы өкілі Дэвид О'Салливан (ортада) Бішкекте баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. 28 наурыз, 2023
Еуропа одағының санкциялар бойынша арнайы өкілі Дэвид О’Салливан (ортада) Бішкекте баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. 28 наурыз, 2023

Қазақстан мен Қырғызстан билігі Ресейге технология жеткізу мәселесіне келгенде Мәскеу мен батыс елдерінің ортасында қалып, АҚШ пен Еуроодақ тарапынан жанама санкциялар салынуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

 

Қазақстан президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов сәуірде Euractiv ақпарат құралына берген сұхбатында Қазақстан «Ресейге салынған санкцияларды айналып өту құралы болмайды» деді.

«Санкцияларды бұзбаймыз. Ресей, Беларусь және басқа да мемлекеттермен бірге Еуразия экономикалық одағына мүше болғанымызбен, біз де халықаралық қауымдастықтың бір бөлігіміз. Сондықтан АҚШ пен Еуроодақ Қазақстанға жанама санкция салғанын қаламаймыз» деді Сүлейменов.

Элизабет Розенберг (ортада), АҚШ мемлекеттік хатшысының терроризмді қаржыландырумен және қаржы қылмыстарымен күрес жөніндегі көмекшісі); Мэтт Акселрод (оң жақта), АҚШ сауда департаментінің экспорттық бақылау саясатын орындау жөніндегі маманы; Дэвид Рид, Ұлыбританияның санкциялар басқармасының басшысы. Астана, 25 сәуір, 2023 жыл.
Элизабет Розенберг (ортада), АҚШ мемлекеттік хатшысының терроризмді қаржыландырумен және қаржы қылмыстарымен күрес жөніндегі көмекшісі); Мэтт Акселрод (оң жақта), АҚШ сауда департаментінің экспорттық бақылау саясатын орындау жөніндегі маманы; Дэвид Рид, Ұлыбританияның санкциялар басқармасының басшысы. Астана, 25 сәуір, 2023 жыл.

АҚШ сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова өткен айда Мәскеуде өткен брифингте «Ресей Орталық Азия мемлекеттері не батыс, не басқа мемлекеттер біздің елмен байланысқа шектеу қоюдан келген шығынның орнын толтыра алмайтынын түсінетініне сенеді», – деді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров маусымның басында Шолпан-Ата қаласында өткен Еуроодақ–Орталық Азия саммитінде сөйлеген сөзінде «Еуропадағы әріптестеріміздің санкцияға ілінген кей тауарларға қатысты алаңдаушылығы мен өтінішін түсінеміз. Бұл мәселе бойынша Еуроодақпен диалогты жалғастыруға дайынбыз» деді.

БІШКЕКТЕН – РЕСЕЙДІҢ «ҚАРУ-ЖАРАҚ АСТАНАСЫНА»

Путин Украинаға басып кіргеннен кейін екі айдан соң, Интернетте Ресейдің «Басурманин» деген атпен белгілі БМП-1АМ әскери көлігінің оккупациядағы Купянск көшелерінде тұрған суреті жарияланды. Бірнеше күннен кейін ресейлік әскери пропагандист “Басурманин” көліктерінің Украинаның шығысындағы ауылда кетіп бара жатқан суретін салды.

«Басурманин» көлігінде майдандағы қауіпсіз байланысты қамтамасыз ететін Aqueduct деген тактикалық радиостанция бар. Aqueduct Ресейде жасалғанымен, АҚШ пен Еуроодақтағы Texas Instruments, Atmel және Xilinx сияқты технологиялық компаниялардың электроникасымен жабдықталған.

Украина барлау қызметінің дерегінше, Украина Aqueduct тактикалық радиоблогынан Массачусетстегі жартылай өткізгіш өндіретін Analog Devices компаниясынан шыққан операциялық күшейткішті тапқан.

Украинаның шығысында «Басурманин» көлігі байқалғаннан бір ай өткен соң беріде тіркелген қырғыз компаниясы Ресей әскеріне байланыс құралдарын өндіретін кәсіпорынмен байланысты ресейлік компанияға дәл осы AD822 сериясындағы Analog Devices күшейткіштерін экспорттаған.

 

Бұл партиядағы күшейткіштер Ресейдің қару-жарақ өндірісінде пайдаланылды ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ 2022 жылы наурызда құрылған сәттен бастап экспортпен айналысатын қырғыз компаниясы RM Design and Development Ресейге Батыс санкциялар тізіміндегі екі мақсатта пайдаланылатын тауарлардың жүздеген партиясын жіберген.

 

2022 жылы мамырда Украинамен соғыс басталғаннан кейін Калашников автоматы шыққан “Ресейдің қару-жарақ астанасы” деген атпен белгілі Ижевск қаласында құрылған «Микроприбор» компаниясы қырғызстандық RM Design and Development компаниясынан Analog Devices күшейткіштерін сатып алған.

Азаттық тілшілері танысқан ImportGenius жазбаларына қарағанда, былтыр RM Design and Development «Микроприбор» компаниясына ресейлік қару-жарақ өндірісінде қолданылғаны үшін АҚШ-та “жоғары басымдыққа ие” тауарлар тізіміне енген технологиялардың 300 партиясын жеткізген.

«Микроприбордың» қағаз жүзіндегі акционері – жергілікті есепші Лилия Исмагилова, директоры – каратеден жаттықтырушы Мария Федорова. Ресейдің корпоративті реестрінен алынған деректерге сәйкес, олардың бір де бірі бұрын басқа компанияда акционер не директор болмаған.

Ресей үкіметінің мұрағатынан әшкере болған деректер Федорованың Ресей қарулы күштерін әскери жабдықтармен қамтамасыз ететін Ижевск радиозауытында істегенін көрсетеді. Украина бұл зауытқа санкция салған. Бұл ақпаратты Федорованың Instagram парақшасы да растайды.

RM Design and Development-тің жалғыз құрылтайшысы әрі акционері – қырғыз кәсіпкері Шакир Маров. Ол бұрын жергілікті пейнтбол клубының директоры болып істеген. Маров Бішкектен шыққан кәсіпкер, ресейлік “Riberg” компаниясын басқаратын Антон Рипп отбасының серіктесі болуы мүмкін. Рипптің компаниясы былтыр «RM Design and Development» компаниясынан электроника сатып алған.

Қоңырауға жауап берген Маров Азаттық тілшісіне әріптесі Иван Плутицкийге хабарласуды ұсынды. Ол RM Design and Development компаниясының Ресейге экспортын талқылаудан бас тартып, “бұл шағын әрі танымал емес фирма” деп қысқа қайырды. Көп ұзамай компанияның сайты істемей қалды. Не Маров, не Плутицкий редакцияның хатына жауап бермеді.

Рипп Азаттыққа ресейлік Riberg компаниясын сатып жібердім деді, бірақ RM Design and Development туралы сұрақтарға жауап бермеді.

РЕСЕЙ АЗАМАТТАРЫ ҚҰРҒАН ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯЛАРЫ

Былтыр көктемде Ресей әскері Мариупольді қоршауға алғанда Т-72Б3М ұрыс танкісін іске қосты. Бұл – ресейлік Т-72 танкісінің жаңарған түрі. 2022 жылдың желтоқсанында оны өндіруші кәсіпорын танкілердің тағы бір легін құрастырып, Ресей қарулы күштеріне жеткізгенін мәлімдеді.

Т-72Б3М танкісінің бір ерекшелігі – «Сосна-У» деп аталатын көздеуіші. Ол Батыстың электрондық бөлшектерінен жасалған. Украина даласында жайрап жатқан мұндай танкілерден алынған электрондық бөлшектің көбі Батыс елдерінде өндірілгені осыған дейін анықталған.

Бұл танкіден табылған бөлшектердің бірі – Analog Devices компаниясы өндірген екі арналы радио трансиверОл – радиосигнал қабылдау және тарату үшін қолданылатын бөлшек.

Ресейлік кәсіпорын жаңа танкілерді әскерге тапсырған желтоқсан айында Алматыда орналасқан электроника компаниясы Ресейге 100-ден астам тауар тасымалын жасаған. Оның бәрі Украина барлау қызметінің есебінде көрсетілген екі мақсатта қолданылатын тауарлар сипаттамасымен сәйкеседі.

Вашингтонда орналасқан C4ADS зерттеу тобы жинақтап, Азаттық радиосына берген кеден деректері бойынша, желтоқсанда Қазақстан арқылы Ресейге барған тауар ішінде де T-72Б3М танкісінен табылған, Analog Devices компаниясы шығарған радио трансиверлер болған.

Тауарды қазақстандық EltexAlatau компаниясы жіберген. Дәл осы компания экспорттаған электрондық жабдықтар Ресейдің әскери техникасына қолданылды ма, жоқ па, тап басып айту қиын. Кеден құжаттары тауарларды Ресейде кім қабылдап алғанын көрсетпеді. Бірақ қазақстандық EltexAlatau Ресейдегі телекоммуникация құрал-жабдықтарын шығаратын Eltex компаниясының ресми серіктесі. Әрі қос компанияның ортақ акционері бар. Ол ресейлік кәсіпкер – Алексей Черников.

Ресейлік Eltex-тің тағы бір ресми серіктесі «Элтекс-МСК» компаниясы веб-сайтында Ресейдің қорғаныс министрлігі, ФСБ, Федералдық күзет қызметі, Ресейдің бас барлау басқармасын «тұрақты клиенттер» қатарына қосқан. 2011 жылы құрылған қазақстандық EltexAlatau Алматының шетіндегі арнайы экономикалық аумақта орналасқан.

azattyq.org

Алдыңғы жазбаТөреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі тағы 15 тәулікке созылды
Келесі жазбаЖәрдемақы мен жалақы өсті, бірақ таксистер салық төлейді: Бүгіннен бастап не өзгереді?