Home Жаңалықтар Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние

Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние

42

Шерағаның «Бір кем дүниесін» оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Осы топтамадағы оқшау ойларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ойшыл қарға

Түнімен – жаңбыр.

Таңертең – қар.

Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.

Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?

Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:

– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.

Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.

Оны біз түсінбедік.

Бір кем дүние.

 

Өлтіру оңай, тірілту қиын

Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?

Бір кем дүние.

«Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

 

Әңгі есек

Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ.

Кейбір әкімдер, байлар сондай.

Бір кем дүние.

 

Хрущевтің екі беті

Сталиннің көзі тірісінде оған бір ауыз қарсы сөз айта алмаған Хрущев ұлы көсем өлгеннен кейін оны жерден алып, жерге салды.

Сөйтіп, Хрущев өлген соң Неизвестный деген суретші оның моласының басына қойған ескерткішті бір беті ақ, бір беті қара бояумен бояпты.

Бір кем дүние.

 

Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей:

– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз

Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан,

Қайтейін, о, дүние, ғұмырым аз,

– деп ән салушы еді.

Бір кем дүние.

 

Қисық заң

Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.

Бір кем дүние.

 

Жоғалған тіл

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

 

 

Шөлдеген жұлдыз

Шілде айында Қазан шаһарда да күн ысиды. Сондай бір кезде атақты ақын Ғабдолла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сыраханаға кіріп, бір кружка сыра сұраса, сатушы:

– Отыз бес тиын, – депті.

– Сонда Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып:

– Пиво тура отыз бес тиын, қалғаны тура бес тиын, и-и, дүние-ай… – деп қиналса керек.

Өзін Пушкин, Лермонтов сияқты алыптардың қатарына қосып:

«Три звезды в небе – Пушкин, Лермонтов и Токай», – деп жүрген Тоқайдың қалтасы тесік екен.

Бір кем дүние…

 

 

Кенесарының басы қайда

Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұрпағы – Кенесары хан Астананың қақ ортасында, Есіл өзеннің жағасында оңтүстік-батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.

Скульптура авторы – Нұрлан Далбай деген азамат.

Тұғыр салғыш – кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.

Кенесары ханның басында айырқалпақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.

Ал шын өмірде Кенесары өз жасақтарымен Ақмола атты патша қамалына қарсы беттен, яғни, оңтүстік-батыстан солтүстік бетке қарай шабуыл жасаған.

Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мылтықпен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.

Бәрі дұрыс. Бірақ кейін-кейін патшаның сансыз әскеріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақшы еді. Бірақ патша губернаторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манаптарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып, Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.

Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік таудың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыздар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жіберген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.

Ал Астана қаласының қақ ортасында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл тас бейне.

Ары-бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейкаларда отырғандар.

Көбісі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын білмейді.

Бұл да бір кем дүние.

Өкінішті дүние.

Алдыңғы жазбаҰлттық экономика министрі ортақ электронды валютаға қарсы
Келесі жазбаТаяу Шығыста АҚШ жеңіліске ұшырады