29 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 5 жылдығына орай «Ұлы дала мұрасы» жобасының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шараның мақсаты – ұлттық кодқа негіз болатын ұлттық құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, мұражай қызметін, ондағы экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді кеңінен насихаттау.
Мұражай, музей – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Мұражай жинақталған экспонаттарды сақтап қана қоймай, заттық және рухани құндылықтарды танытып, зерттеп, мазмұнын насихаттап, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Мұражай ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Ұлттық музейде аталған бағыт бойынша түрлі жобалар жүзеге аысырылып келеді. Көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отырған «Ұлы дала мұрасы» жобасы көпшілікті қоғамның мәдени саласымен байланыстырып, мұражай өмірін танытуды көздейді.
Жоба әр айдың үшінші жексенбісінде түрлі тақырыптар бойынша ұйымдастырылады. Музейлік кештің алғашқы ашылу салтанатында қонақтарға концерттік бағдарлама, арт пазл құрастыру, қолөнер жұмыстары бойынша әшекейлер жасау, ағаш ою, қыш ыдыстардар жасау шеберлік сабақтары, «Бесікке салу» рәсімі, музей залдары бойынша шолу экскурсиялар, «Тарих сыры», «Музей білгірі» викториналық сұрақтар, кітап, кәдесыйлар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», т.б. қазақтың ұлттық ойындары ойнатылады. Айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі – Орталық Азиядағы ең үлкені. Мұражай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған.
inform.kz