Home Саясат Сатқындық — сенімнің сыналған сәті

Сатқындық — сенімнің сыналған сәті

10

Қарап  тұрсаң, адам өмірінде ұмытылмайтын жылдар болады. Бірі қуанышымен, бірі қиындығымен, енді бірі жүрекке із қалдырған адамдарымен есте қалады. Ал кей жылдар адамға кімнің кім екенін танытады. Мен үшін соңғы он жыл — сондай кезең  десем  болады.                                                                                                                   2016 жылы мен экологиялық қозғалыс құрдым. Ол кезде бұл істің бүгінгідей үлкен саяси ұйымға айналатынын ешкім білмеді. Алдымызда не күтіп тұрғанын да анық болжаған жоқпыз. Бірақ бір нәрсеге сендік: табиғатты қорғау — елді қорғау, қоршаған ортаны сақтау — болашақты сақтау. Сол сеніммен басталған қозғалыс кейін «Байтақ» жасылдар партиясына айналды. Биыл міне, оған он жыл толып отыр. Рас, он жыл — аз уақыт емес. Осы он жылдың ішінде талай есікті қақтық, талай адаммен сөйлестік, талай қиындықты бастан өткердік. Партияны құру үшін уақыт та, күш те, қаражат та жұмсалды. Не  жасыратыны  бар, кейде өз басымның жағдайын кейінге ысырып, осы істің соңынан жүгірген кездерім аз болған жоқ.                                                                                                                                                              Мен партияны сырттан бақылап тұрған адам емеспін. Оның әр кірпіші қалай қаланғанын білемін. Қай жерде қандай қиындық болғанын білемін. Кімнің қай кезде қасымызда болғанын да, кімнің қиын сәтте алыстап кеткенін де білемін.                                                                                                                                 Алғаш  рет, 2023 жылы парламент сайлауына қатыстық. Ол кезде тәжірибеміз аз болды. Дегенмен, саяси додада талай нәрсені үйрендік. Қателіктеріміз де болды. Бірақ сол сайлау бізге үлкен сабақ берді. Биыл, 2026 жылы, қайтадан Құрылтай сайлауына қатыстық. Бұл жолы дайындық та басқаша болды. Тәжірибе бар. Бұрынғы қателіктерден сабақ алдық. Ұйымдастыру жағын да күшейттік. Сайлауға деген жауапкершілік те жоғары болды. Бірақ дәл осы кезде күтпеген нәрсе болғанын  партияластарым  біледі.  Партияның сыртындағы қарсыластықтан емес, ішіндегі іріткіден қиындық көрдік.

Мен өзім сеніп, партия қатарына шақырған, бірге жұмыс істеген, азаматтардың арасынан сайлау кезінде партияның жұмысына кедергі келтірген адамдар шықты. Ұйымның ішіне алауыздық салуға, партияны бөлшектеуге бағытталған әрекеттер болды. Бұған  көпшілік  куә.   Маған  ең  ауыр  тигені  осы  болды.                                                                                                                       Адамның сырттан келген қарсылығына дайын боласың. Өйткені қарсыластың кім екенін білесің. Оның ұстанымы саған түсінікті. Ал өзің бірге жүрген, сенім артқан адамның іштен соққы жасауы мүлде басқа екен. Сатқындықтың ең ауыр жері — оның жасырын келетінінде. Сатқындық жасаған адам әуелі сенімге кіреді. Сенімге кірмесе, сатқындық та жасай алмайды. Сондықтан сатқындық — жай ғана әрекет емес. Ол — адамның сенімін пайдалану.

Әлбетте, сайлауда жеңіліп қалдық деп біреуді ғана кінәлап, бар жауапкершілікті соған артып қою дұрыс болмас. Сайлаудың нәтижесіне көптеген фактор әсер етеді. Мұны мен де түсінемін. Бірақ ішкі алауыздықтың ұйым жұмысына салмақ түсіргенін де жоққа шығара алмаймын. Бәлкім, осының өзі бізге берілген тағы бір сабақ шығар. Өйткені саясатта да, өмірде де ең үлкен сынақ — жеңіліс емес. Ең үлкен сынақ — жеңілістен кейін адамның өз жолынан бас тартуы.

Бірақ  мен  алға  қойған  мақсатымнан ешуақытта бас  тартқан  адам  емеспін.  Қазірде  солай. Өйткені бұл партия бір күнде пайда болған жоқ. Оның артында жылдар бойғы еңбек бар. Оның артында адамдардың сенімі бар. Оның артында табиғат үшін, таза ауа үшін, таза су үшін, жасыл болашақ үшін жасалған жұмыс бар. Мен осы жолда талай адамға сендім. Кейбіріне тым қатты сенген шығармын. Бірақ бүгін мен бір нәрсені анық түсіндім: адамды қиындық кезінде таниды екесің. Қазақта: «Жаман жолдас жолда қалдырар» деген  сөз бар. Кешегі  сайлау кезінде  жасалған  сатқындық мені алға  қойған  мақсатымнан бас тарттыра алмайды. Керісінше, сол  күтпеген  жайт, кімнің кім екенін түсінуге себеп болды.

Бірақ он жылдық еңбекті бір күндік араздықпен өшіру мүмкін емес. Мен партияны құрған кезде оның болашағына сендім. Бүгін де сол сенімдемін. Біз бұл жолы парламентке өте алмадық. Бұл — факт. Бірақ парламентке өте алмау — күрестің аяқталғанын білдірмейді. Сайлау аяқталды. Ал біздің жолымыз аяқталған жоқ. Керісінше, енді алдымызда жаңа кезең тұр. Бұл кезеңде біз ең алдымен ішкі сабақты қорытындылауымыз керек. Кім шын ниетімен бірге екенін, кімнің қандай мақсатпен жүргенін таразылауымыз керек. Ұйымның іргесін нығайтуымыз керек. Өйткені үлкен істі көп адам бастайды, бірақ соңына дейін аз адам жетеді. Бұл ақиқат! Мен осы он жылда талай қиындық көрдім. Қаражат та жұмсадым, уақытымды да арнадым, күшімді де салдым. Бірақ осы жолға кеткен еңбегіме өкінбеймін. Өйткені елге қызмет ету жолында кеткен еңбек ешқашан зая кетпейді. Бүгін біреулердің әрекеті көңілге ауыр тиюі мүмкін. Сенген адамның сенімнен шығуы жүрекке батады. Бірақ адамның күші — сол ауырлықтың астында қалып қоймауында.

Мен мойымаймын! Күресемін!                                                                                                                Өйткені мен бұл қозғалысты кеше ғана бастаған жоқпын. Оның алғашқы кірпішін  2016 жылы қаладым. Биыл оған он жыл толды. Он жылдық тарихты бір сайлау нәтижесімен өлшеуге болмайды. Ал сатқындыққа келсек, ол да өмірдің бір сабағы. Сатқындық адамның жолын тоқтатпайды. Ол тек жолда кімнің бірге жүретінін көрсетеді. Сондықтан мен бүгін өткенге өкінішпен емес, сабақпен қараймын. Кім кетсе — кетсін. Кім қалса — шын ниетімен қалсын.

Ал біз өз жолымызды жалғастыра береміз. Өйткені мақсатымыз бір адамның тағдыры емес. Мақсатымыз — елдің болашағы. Партияластарыма айтарым, ынтымақ  болсын! Біз  жеке  бастың  қамын  күйттеп  жүрген  жоқпыз. Ойлағанымыз  елдің, алты алаштың  қамы!

«Бірлік болмай, тірлік болмас»  деді емес пе,  ата –бабамыз. Демек  бізгеде партия ішінде  береке  бірлік  керек! Сонда  ғана  талай  биікті  бағындыратын  боламыз!

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаКҮЛТЕГІН