Балалық шағым,
ораламас сағым,
Алыстап кеткен қыр асып.
Алаңсыз күнім,
сағынтып бүгін
Көзіме тұнды бұла шық.
Қызғалдақ үзген,
суында жүзген,
Ақ бұлақ жатыр паң күліп.
Қызды алғаш өпкен,
сонау бір көктем
Кетпейді естен жаңғырып.
Келмейді қайтып,
әз әнін айтып,
Ағылған жыл мен ай кейін.
Әжімін салып,
сағынтып алып
Өтуде уақыт қайтейін.
Баласауса сезім
Кей кезде ойға қалам,
Тоқтатып бар ісімді.
Сағына еске алам
Сонау бір танысымды.
Мөлдіреп көк зеңгірі,
Сол күні ашық еді.
Өзендей көктемдегі
Көңілім тасып еді.
Кенеттен кездестім де,
Жаутаңдап қарай бердім.
Үстіртін сезбедім бе
Өзіме балай бердім.
Апырау сыйқырлы ма,
Жарқ еткен күн жанарың
Белгісіз ой тұрды ма
Қиықпен бір қарадың.
Көрініп жоқ болдың сен
Жалт еткен найзағайдай.
Баласауса сырымды мен
Қалдым ғой айта алмай.
Сезімдер алдай ма, екен,
Шарықтап кеттің жырақ.
Жүрсеңде шалғайда сен
Жүректе қалдың бірақ.
Сырымды жеткіз сал сағым
Әлі есімде жасыл бел атырабы,
Сылдыр-сылдыр қайыңның жапырағы.
Көкжиекте қол бұлғап сал-сағымдар
Іңкәр қылып өзіне шақырады.
Аңғартқандай бір сырды сал-сағымдар,
Сал -сағымдар мен келем қарсы алыңдар.
Сол бейнені іздейін табар ма екем
Жар салыңдар, жаңғыртып, жар салыңдар.
Сал-сағымдар көзді арбап, қыр асырған,
Татыңдаршы мендегі бұла сырдан.
Жеткізіңдер сол жанға көктем болып
Сезімімді төзусіз алас ұрған.
Қыс та өтіп шуғын жайды көктем
Қыр самалы япырай жайлы неткен.
Арман қылып жүретін қыз бар-тұғын
Айтыңдаршы, сал-сағым қайда кенткен?
Сол бір қыз
Желге ұшып сары жапырақ,
Қоңырау қақты қоңыр күз.
Бозарып қыр мен атырап
Ақ шаңдақ болып жатыр түз.
Шөптерге қырау шық тұнған,
Ызғарлы еді қоңыр күз.
Сезімді алғаш ұқтырған
Ұмытпен сені, сол бір қыз.
Кезестік қырда сонда біз,
Балаауса сырды шертістік.
Көңілден ұшып сонда күз
Жайдары жаз боп кетістік.
Отырдық жайлап сыр шерте,
Ай туған сонда шалқалап.
Оянған сол сәт тым ерте
Өзіңде деген махаббат.
Баламыз онда аңғартпыз,
Ештеңе сірә сезбедік.
Кештер де айлы қаңғып біз,
Қырларды қайбір кезбедік…
Мұңға орап менің көзімді,
Оралды тағы қоңыр күз.
…Оятқан алғаш сезімді
Қайда екен, қайда сол бір қыз?
Сол бір тамыз
Сол бір тамыз нұрға бөлеп,
Сол бір таңын атырған,
Сол бір таңға көкейімде,
Айтылмаған жатыр ән.
Әкелді ме әлде бақыт,
әлде мәңгі сағыныш,
О, қиялым жүрегімді
сол күндерге алып ұш.
Арманым ба қол бұлғаған,
кездестім ғой бір қызбен,
Аймен емес, күнмен емес,
теңейтінмін жұлдызбен.
Қарақат көз шуақ төккен,
жаралған-ау тұнықтан,
Басқа ешкім сезінбейтін
сол бір көзден сыр ұққам.
Сол бір қызға арналатын
Ән де өзге, жыр да өзге,
Басқа жандар көлеңкесін
түсірді ме сол көзге.
Сәуле шашып тұрды дағы
ағып кетті қиырға,
Маған арнап дайындаған
бұл өмірдің сыйы ма?
Қайтып енді көрінбеді ,
көрінбеді сол жұлдыз,
Көктем болған көңіліме
ызғар болып қонды күз.
Үміттімін кездесем бе,
әйтеу іздеп келем мен
Боратумен сағынышымды
оған деген өлеңмен.
Сол бір тамыз нұрға бөлеп,
сол бір таңын атырған,
Сол бір таңға көкейімде
Мұңға ораулы жатыр ән…
Қайран жастық
Дүниенің түсінбей алшағында,
Ғашық болып қалатын сал сағымға.
Тосырқамай жүзетін қарсы ағынға
Зырлауменен барады бал шағымда.
Зырлауық күн зырлаумен өтер ме екен,
Жетер ме екем, биікке жетер ме екем.
Шаң шығарған ізінен қайран жастық,
Бір-ақ күнде қол сілтеп кетер ме екен?
Талай жерде мәз болдық, жайраңдастық,
(Істеген де шығармыз ойланбастық)
Қолын бұлғап…
Қызығын елес қылып,
Зырлауменен барады қайран жастық.
Сағыныш
Көңілді мынау сүйрелеп саған, алқынды талай ақ арман,
Сәуірдің алғаш тамшысы болып тамып сен кеттің жанардан.
Біздерді бөліп жатқан бір сонау қырларды жасыл күн өпкен,
Жетер ме саған сағынышым менің жұлқына шыққан жүректен.
Жолдадым саған көгілдір хаттар, сағыныш толы тізбегін,
Қызғалдақ көрсем құлпырған қырда , сен болар деп үзбедім.
Көктемгі жауын нөсерлеп өтсе, нөсерлеп өтсе төбемнен,
Шықтардың мөлдір жанарынан бейнеңді сенің көрем мен.
Сағымды көрсем қылымсыған қырларда сонау ұятты,
Алғаш рет алдымда тұрған сәттерінің сенің сияқты.
Сағындым сені, осы бір сөзді қайталай берем ішімнен,
Тағдырдың қатал сын шағы туса, көтерем өзің үшін мен.
Сағындым сені, сағындым бәрін, сағыныш толы жан-жағым,
Қазір сені бір көрсем деймін, сол ғана менің арманым.
Сағына білген жандар ғана биіктерден аса алған
Сағыну деген мұраты болған адамдарға қашаннан.
*****
Қыранның қанаты бар самғай-тұғын,
Тұлпардың тұяғы бар талмай-тұғын.
Ал мен де,
Бір ғана үміт тек өзіңмен
Мәңгілік арамызды жалғай-тұғын.
*****
Мен сені ешкімнен де кем көрмегем,
Кем көрмегем, ешкімді теңгермегем.
Дариға-ай, қос аққуға ұқсап едік
Жәйімен ай астында көл тербеген.
Қорқушы ем,
адамдардан мұңға батқан,
(Сыр түйіп жүретінмін мың қабақтан).
Қалай ша,
Қорға алмай қалдым сені
Бейуақыт тосын келген мұзбалақтан.
Қоңыр кеш,
Жұлдызды аспан, ғашық түнім,
Дүние-ай, ұстатпайды қашып бүгін.
Өтінем,
Құралай қыз ренжімеші
Бәріне кінәлі тек жасықтығым…
Қыс та өтер
Бұл қыста өтер,
Шыңылтыр аяз құрсаған,
Аңқытып иісін,
Жап-жасыл арша шыршадан.
Ақ көбік қарда біртіндеп еріп жоғалар
Бәз қалпында табиғат ана тұрса аман.
Көктем де келер,
Жыл құсы болып ән салып,
Тырналар жетер,
Тырауда-тырау жар салып.
Ақ нөсер өтер қарайды сосын биіктен,
Үр жаңа жерге кемпірқосақ тамсанып.
Тал терек біткен қанатын жаяр бүр ашып,
Гүлдерге түнде қонақтап шығар бұла шық.
Жібек жел есіп,
желпініп салқар дүние
Бір қызыққа бір қызық жатар ұласып.
Нұр-шуақ сәуле, тірліктің отын үрлеген,
Көгілдір түтін,
Ошақта оттар гүрлеген.
Жайланар көңіл біткендей ісің, бірдемең
Көктем ғой, шіркін
Керемет кезең бұл деген!
Бұл қыста өтер,
Шыңылтыр аяз құрсаған,
Аңқытып иісін,
Жап-жасыл арша, шыршадан.
Көктем де келер,
Өзгерер әлі барлығы
Бәз қалпында табиғат ана тұрса аман.
Өлген адамның монологы
Қылығым жоқ алдыңда ақталатын,
Жақсы ісім жоқ, мынау деп мақтанатын.
Жарық дүние жіберді елші қылып,
Қарсы ал, мен,
Суық көр, қап-қара түн.
Қап-қара түн. (Боламайтын атар таңы),
Суық сыз ғой денемнің татар дәмі.
Ай мен жұлдыз ол да жоқ жымыңдасқан,
Мұңым шағар дос та жоқ қатардағы.
Өксік-өксік үн шығып бұлақ жақтан,
Кім болды екен төбеме шырақ жаққан.
Су тамады,
Сәулемнің көз жасы ма,
Қабірімді құшақтап жылап жатқан.
(Қиялдаудан о қандай пайда табам),
Енді оралу өмірге қайда маған!..
Жарық дүние сағындым шұғылаңды
Тірлігімде армансыз аймалаған.
Ажыратпас саралап ақ -қараңды,
Ауыр салмақ, суық көр қап-қараңғы.
Хош, аман бол дүние,
шөп боп өнім
Көктегенше тербетіп жат балаңды.
Айлы түн еді…
Айлы түн еді,
Айлы түн еді, бір ғажап,
Есіңде ме, қалқам, кездесер біздер жылға жақ.
Жұлдызды санап отырған кездер бүгінде,
Түсіме еніп, көңілімді жиі жүр қажап.
Айлы түн еді…
Жұлдыздар жауған бір керім,
(Дариға түндер жадымнан өшпей жүр менің).
«Осынау шақтың ғұмыры әттең қысқа» – деп
Есімде, қалқа, жылағаның әрі күлгенің.
Айлы түн еді…
Айлы түн еді сыр тұнған,
(Бүгінде бәрі жарамсыз хаттай жыртылған)
Алыстап кеттің,
Тоналған бақтай мен қалдым
Өмірде мынау, тілеуіңді тілеп сыртыңнан.
*****
Зымыран уақыт аударған сайын, жаңа күн-
жаңа парағын,
Түсесің еске көк көйлек киген, көгілдір елес қарағым.
Көк сағым болып көк белде қалдың,
Мен болсам кеттім ілгері
Саған деген сағыныштың шайқап ішіп шарабын.
Көгілдір көктем, көгілдір белес, көгілдір таулар,
көк аспан,
Көгілдір елес көлбеңдеп келіп көк сағымменен ұласқан.
Жалған дүние-ай, жүрегіме менің қалдырып мөрін
сол күннің
Жылыстап қана бел асқан.
Көк өрім сезім көктей бір өнген, көгілдір неткен
көктем ең,
(Сол шақтан алған әсерімді ұмыта алмаспын көпке мен).
Көктемнің барлық шырыны тұнған,
қауызы сынды гүлдердің-
Ерніңнен сонда өпкен ем.
Сонысымен махаббаттың не екенін кеткен ұқтырып,
Саған деген сағынышымның жанарына қапты
шық тұнып.
Қарсы алар едім.
Белгісіз күшпен оралар болсаң қайтадан,
Анамдай күтем тік тұрып.
Алғашқы махаббат
Талай, талай, талай нәрсе алмасты,
Күндер жылжып жылдарменен жалғасты.
Жанарымнан жас боп тамған тым ерте
Қайда менің махаббатым алғашқы?
Әттең, әттең бәрі қайтып келер ме,
Жаңғырық боп көңілі ме енер ме?
Сен тұрасың, сен тұрасың күлім деп
Бұ жалғаннан жұлдыз болып сөнерде.
Есіңде ме, күні еді ғой тамыздың,
Тамыз болып сезімге от тамыздың.
Шағыл құмды жалаң аяқ кешіп ек
Сол бір шақтар ұмтылмайды-аі, жан ізгім.
Өзен. Құм. Қыз. Осынау бір үш есім,
Кей күндері жиі еске түсесің.
Бесігінде махаббаттың тербеткен
Өзен. Құм. Қыз. Осынау бір үш есім.
Дүниенің маған артқан назы ма?
(Бұл өмірден іздегенм жоқ базына).
Сен де кеттің, менде кеттім оралмай
Сонау балғын махаббаттың жазына.
Содан бері талай нәрсе алмасты,
Күндер жылжып, жылдарменен жалғасты.
Сол бір қызда, сол тамызда оралмас
Қош бол менің махаббатым алғашқы.
****
Хат жазбадың,
Асыға мен күткен ем,
Қайда сәулем, сөзің мені күт деген.
Жым-жырт бөлме, сағыныштан төсекте
Сені ойлаймын, сарғайамын, бүктелем.
Далада күз,
Күннің көзі сынық – тым,
Қайтқан құстың дауысынан мұң ұқтым.
Бара сала хат жазамын деген ең
Неге, неге өз сөзіңді ұмттың.
Қолға қонған бақыт құсым деп едім,
Белгісіз боп кетті әттең, дерегің.
Құлағымда жаңғырады бірақ та
Қоштасарда ораламын деген үн.
Бір хабар бер көңілімді етпе алаң,
Мұңайғанда қуаныш боп жет маған.
Ораласың,
Шын сүюдің мәнісі
Сағыну мен күтуде ме деп қалам.
****
Бәйшешектер бүр жарған ерте көктем,
Сұлу сазын сыңсыта шертеді еппен.
Жыл құсы едің оралған сағындырып
Ерте келіп, жаныма ерте кеткен.
Өрім бұлақ жағасы көркем еді,
Қайран жүрек еске алсам өртенеді.
Суға қарап мұңлылау салған әні
Кәусар сырын сол жанның шертер еді.
Әтір самал. Мұңды әуен. Сыңғыр бұлақ,
(Талай өлең көңілде жүрдің құрап).
Арамызда бүр жарған сәби сезім
Қалатынын кім білген бір күн жылап.
Сағындырып, аңсатып ырықты алған,
Өзің болып жанымды жылытты арман.
… іздеп өтем, бейнеңді , әуеніңді
Жағасына бұлақтың тұнып қалған.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ