Ақиқатын айтар болсақ, еліміздегі барлық сала жемқорлықтың шырмауына шым батып жатыр. Бұған ешкім қарсы уәж айта алмас. Статистикалық мәлімметтерге қарасақ, елімізде жылына жемқорлық 15-20 пайызға ұлғайып отырады екен. Бұл енді, жақсылықтың нышаны емес. Осыдан -ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» заңы пәрменді жұмыс істемей тұрғанын көреміз.
Еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректеріне сенсек, «Ескі Қазақстаннан Жаңа Қазақстанға яғни Әділетте Қазақстанға» өту тұсында шенеуніктер арасында пара алу, бюджет ақшасын жымқыру үдей түскен көрінеді. Бұл нені білдіреді? Бәлки, әділетті Қазақстан құрам деушілерді қаралау үшін жасалып атқан әрекет пе? Әлде, заңның солқылдақ тұстарын пайдаланып қалғысы келгендер ме? Мәселен, жыл басында Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымы былтырғы жылдың қортындысын жариялаған еді. Олардың зерттеуінше 100 балл алған елде жемқорлық мүлде жоқ деп есептелсе, ал 0 балл алған мемелкет нағыз жемқорлықтың шыңырауында жатқан ел болып саналады екен. Қазақстан 39 балл алыпты. Бұл да жақсы көрсеткіш емес. Жемқорлық мелдектеп тұрған мемлекет екенін көрсетеді.Қайтпек керек? Бұдан біраз бұрын Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін һәм сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарау керек екенін ескерткен еді. Өйткені, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шаппай әділетті қоғам орнату мүмкін емс-ті. Әрине, тұңғыш президенттің тұсында елде жемқорлық жүйесі орнықты. Тіпті қатты тамыр жайды. Демек, отыз жыл әбден тамырланып, барлық саланы шырмауықтай шырмап алған жүйені қысқа уақыт ішінде тып-типыл қылып жойып тастау мүмкін емес. Әлбетте, уақыт керек. Бұл үшін тек құқық қорғау орындары ғана емес, азаматтық қоғамның оянуы халықтың белсенділігі қажет.