Батыр большевик Амангелді хақындағы ақиқат.Түркістан қазақтары газеттерінің беттерінен көптен бері жиі кездесетін есімдердің бірі – 1916-ыншы жылғы Торғай далаларында орыс үкіметіне қарсы көтерілген халық көтерілісінің басшысы – Амангелді Иманов. Ол турасында баспасөз беттерінде қисапсыз көп материалдар жарияланды.
Осы айтылған мақала, өлең-жыр, сахналық қойылым, кинофильм және ескерткіштердің бәрі «әліпті таяқ деп білмеген», Торғай өңірінен басқа жер, өз руынан басқа ел көрмеген қараңғы Амангелдіні дүниеде теңдесі жоқ төңкерісшіл, ұлт пен ұлтшылдықтан жоғары тұратын интернационал большевик, дінге дұшпан, Түркістан түріктігін орыс большевизмі және интернационалдық төңкерісшілдікпен табиғи түрде тығыз жымдастырған ірі тұлға ретінде көрсету идеясына қызмет етіп отыр. Ынсабы мен қаламдарын сатқан Майлыұлы Бейімбет пен Мүсірепұлы Ғабиттер орыс жазушысы Всеволод Ивановпен бірлесіп «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған мақалаларында Амангелдінің большевиктік бейнесін жасауға тырысқан болса, халық ақыны Есенбайұлы Сағит дәл сол «Социалды Қазақстанда» жариялаған «Амангелдінің шабу жылы», «Ердің өлімі» атты жырларында Амангелді бейнесін шындыққа жақын суреттейді. Алашордашылар Амангелдіні большевик болғаны үшін өлтірген жоқ. Бұл оқиғаның шындығы былай.Амангелді қыпшақ руынан еді. 1917 жылдың көктемінде төңкеріс басталып кеткен соң, Түркістан түріктерін майдан жұмысына алу тоқтатылды. Уақытша үкімет тарапынан Торғай уәлаятына комиссар болып тағайындалған Әлихан Бөкейханов Торғай халқын көтерілісті тоқтатып, бейбіт өмірге қайтып оралуға шақырды. Әлиханмен бірге оның ең жақын достары болған ұлтшылдар – Ахмет Байтұрсын, Мирякуб Дулатұлы да халық бұқарасы арасына үгіт жүргізіп, дала уәлаяты тұрғындарын тыныштануға үндеді. Ахмет пен Мирякуб арғын руынан болуы себепті Торғай өңіріндегі арғындар олардың сөздеріне құлақ асты да, қыпшақтан шығып «хан» сайланған Әбдіғапар мен Амангелдіні тыңдамады. Нәтижесінде кеше ғана орыс отаршыларына қарсы бірге соғысқан Торғай қазақтары енді қыпшақ пен арғын болып екіге жарылды…Бұл тұста халық арасына «төңкерістен соң орыс мұғажырлары Ресейіне қайтатын көрінеді» деген қауесет сөз тараған. Осыдан келіп орыстардан қалатын жерді бөлу туралы мәселенің төбесі көріне бастады. Тірі жүрген аюдың терісі үшін арғын-қыпшақ таласқа түсті. Әбдіғапар хан мен Амангелді қыпшақтар жағын алып, арғындарға тізесін батырды. Рушылдыққа ешқашан бой ұрмаған Ахмет Байтұрсын мен Мирякуб Дулатқа қыпшақтар арғындардың басшылары деп қарай бастады… Әбдіғапар мен Амангелдінің рушылдық дерті әбден асқынғаны сонша, 1917 жылы Орынборда болған жалпы қазақ құрылтайынан соң және 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезімде маған да жақын кісілерін жіберіп, менің қыпшақ руынан екенімді есіме салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қарсы күресте «бізге саяси жетекші болыңыз» деп өтініші жасады. Мен, әрине, олардың ұсынысынан бас тарттым. Өйткені мен Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті, өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім…
Ақырында «алашордашылмын» деген жалған бүркеншек атты жамылып, қыпшақ руынан шыққан сатқын, шоқынды Степнов-Әліби Жангелдин Торғай даласына жетті. Өз басы қазақ даласына аттап баса алмас еді. Оның жанында орыс қызыл гвардиясы жүрді. Көп етпей Степнов-Жангелдин төреден шыққан Әлихан мен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қыпшақ Амангелдіні айдап салды. Степнов-Жангелдин мен Амангелді маңайына орыс қызыл гвардиясы мен орыс мұжықтарын топтап, қиян-кескі соғыс ашты. «Большевик» сөзін «қыпшақ» деп түсінген қараңғы Амангелді алашордашыларымен болған бір шайқаста қаза тапты. Шындық, міне, осындай. Бұл күнде большевиктер «батыр большевик» Амангелдіні «ұлтшыл, керітөңкерісшіл Мирякуб Дулат өлтірді» деп жала жауып, Түркістан түріктерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірінен саналатын бір ірі тұлғаның көзін жоймақ болады. Бәлкім, большевиктер Мирякубтың көзін жойып та үлгерген шығар…
Мұстафа ШОҚАЙ.1936 жыл
Жаңа Qazaqstan
(Ақылбайқызының ФБ дағы парақшасынан)