Home Жаңалықтар Қазақты қайтсек көбейтеміз?

Қазақты қайтсек көбейтеміз?

28

Кейбір деректерге  жүгінсек,  бүгінгі  күні  әлемнің елуден асқан  елінде 18 миллионнан  астам  (бәлкім 20 миллионға  жуық) қазақ бар екен. Тәубә. Шүкір. Соның 12 миллионы өз  жерінде,  атамекенінде  отыр. Ұзын-ырғасы ондаған  миллионнан асатын алайда қазық  қағар отаны, «кіндік қаным тамған мекенім»  деп әспеттейін жері жоқ  күрд,  ұйғыр  т.б ұлттарға  қарағанда  қазақтардың  бағы жанған. Көлемі  жағынан әлемде 9  орын алатын ұлан-ғайыр  жерге  ие. Кейбір  есептеулерге қарасақ, ол  жердің  асты  мен  үстінде  құны  15 триллионға жететіндей байлық  мелдектеп  жатыр. Бұл  байлық  кем дегенде  жүздеген  миллион  (Қазақстанның  халық  саны  бүгінгі  күні 18 миллион)  халықты  асырауға жетеді.

 Еліміздің  жер көлемі 2,7 млн шаршы шақырым  дейтін  болсақ, 18 миллионнан  сәл асатын халық аздық  етеді. Сондықтан  болар, Қазақстан  тәуелсіздік  алған  бойда, сол кездегі  мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан  Назарбаев сырттағы  қандастарға  сауын айтып, атамекеніне  оралуына шақырған. Содан  бері елімізге  1 миллионнан астам қандастарымыз оралды. Әрине  салыстырмалы  түрде айтсақ, 30  жыл  ішінде  бұл аздық  етеді. Мәселен, Германия шетелдегі 3 миллион немістің 2,3 миллионын көшіріп алды. Сол секілді Ресей мен Израиль де отандастарына есігін айқара ашып, үй-жай, жұмыс берді. Жағдайын жасады.                                                           Біз ше? Атамекеніне  оралған  қандастарымызға  аталмыш елдердегідей  ырғын  жағдай  жасалды  деп айта алмаймыз.  Тіпті олар  азаматтық алу  үшін талай  жылдарын  сарп  етуге  тура келді. Өкінішті. Жарайды  бұл  басқа  әңгіме. «Нұрлы  жол»  деген  бағдарлама  болды. Соның аясында сыртта  жүрген  біраз алаш  баласы  елге  оралды. Алайда  бұл  бағдарламаның  өзіне  белгісіз  себептермен  мораторий жариялап  көшті  тоқтатып  қойған кездерде  болды. Қазіргі  кейбір  деректерге  қарасақ, қазір жылына елге  9000  ғана қандастарымыз   көшіп келіп  жатыр екен. Бұл  мардымсыз цифр.  Шындығында,  Тәуелсіздіктің бір жемісі осы көш емес пе? Тәуелсіздікті неге алдық, неге қуандық? Тәуелсіздікті қазақ халқының кеткен есесін толтырамыз, мерейін үстем етеміз, шетте жүрген қазақтың үштен бірін атамекенге әкеліп, көк тудың астына топтаймыз деп қуанбадық па? Демек     қазақ ұлты  өз жерінің   толықтай  иесі  болуы  үшін, көші-қон  саясатына  өзгерістер енгізіп, сырттан  келетін  қандастарымызға есікті айқара ашқан (1962  жылы Қытаймен екіортадағы  шекара  ашылып,  не  бәрі  бір айдың  ішінде 200 мыңнан астам  қазақ  елге  оралған  еді)  жөн. Ол үшін  мемлекетте  ақша  жоқ  емес,  бар. Тек  ниет керек.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі.

 

 

Алдыңғы жазбаАлматы халқы енді сақ жүрмесе, 400 «Сергек» шап еткізеді
Келесі жазбаӨЗБЕКӘЛІНІҢ ӨСИЕТІН НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?!