Home Жаңалықтар БАУЫРЖАН САЛ

БАУЫРЖАН САЛ

37

Мен жайлы не ойлайсың, келіп ұқтыр, 
Желік қуып жүргем жоқ, ерігіп құр. 
Білгің келсе, мен жайлы жырымды оқы, 
Онда менің жүрегім көрініп тұр. 
(Бауыржан Үсенов)
Каз ГУ-дің соңғы серісі
Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңба қалдырған талантты ақын
Бауыржан Үсенов бізге Каз ГУ-дің соңғы серісі сияқты болады да
тұрады. Əрине, өзіміз оқыған тұста қазақ ұғымындағы сал-серіге
тұрпаты келетін басқа да жігіттер болды. Гитарамен əн салғанда
қалашықты арбап тастайтын əсем əуезді Əміржан Қосанов пен өлең
жырда тосын өрнек салған белгілі бард-ақын Табылды Досымовтың
да табиғи болмысы серілікке жақын. Бірақ бəрібір Бауыржанның бітімі
бөлек еді. Оны басына бөрік кигізіп, астына сəйгүлік мінгізіп, қолына
үкілі домбыра ұстатып, он тоғызыншы ғасырға аттандырып жіберсең,
лезде сол қоғамның сұлтанына айналып сала береріне ешкімнің де
шүбəсі болмас. Бірде сал-серілік дəстүр тақырыбы бойынша ғылыми
еңбек қорғаған Шəмшадин Керім домбырасын тықылдатып отырған
бір досымызға қарап: «Сізде сал-серіліктің жекелеген элементтері бар
екен» деп тұжырым жасаған-ды. Ал біздің Бауыржанның бойында сал-
серіліктің барлық белгілері болды.
Жаратқан ием оған алдымен ажар-көрікті аямай берген. Жігіттің
сұлтаны еді ол. Сұлу мұртын бір сипап, көзін қадап өткенде қыз-
қырқынның кірпіктері діріл қағатын. Қатарластарымызды былай
қойғанда, аудиторияға кірген жас апайларымыздың өзі сабақ үстінде
көздерін төңкеріп, Бауыржан жаққа жиі назар салатын. Ал онымен
бірге қыздардың жатақханасына бару қияметтің қияметі. Ол тұрғанда
төмен етектілер сені кісі ғұрлы көрмейді. Бəрі де шай-суын беріп,
соның аузына түсіп кете жаздайды. Амал жоқ, қызғаныштың қызыл
итінің қыр арқасынан сипап қойып, іштей кіжініп отырамыз. Досымыз
болса қайтейік. Сұлудың бəрі соныкі. Соның жолында бəрі қоғадай жа-
пырылады. Ал сені ешкім елемейді. Серінің жанындағы аузының салымы жоқ өңшең бейбақтар: «Ештеңе етпес, ер адамның түрі маймылдың
бет-аузынан сəл тəуірлеу болса, жетпей ме?!», – деп өзімізді өзіміз
жұбатамыз. Содан соң, оның серілік сапарларына ілеспеуге тырыса-
мыз. Соны біліп, ол да жалғыз жортады.
Бір күні Бауыржан серінің мойнына құрық түсті. Көрші
филологтардың жатақханасында тұратын Қызылорданың қызы
Гауһарға жүрегінің бар билігін беріп тынды. Бəсе, соңғы уақытта:
Куə қып Алматының барқыт түнін,
Сен мені құшағыңда балқыт, күнім.
От көрген көбелектей бара берсем,
Ол – сенің бар сұлудан артықтығың, –
деп, кешке қарай сегізінші жатақханадан шықпай қойып еді…
Домбыраны шебер шертетін. Саусақтарын қос ішектің үстінде
жорғалатып, құйқылжытып небір əуенге салады. Əн мен күйге баули-
тын оқу ордаларында оқитын студенттер ара-тұра бізге қонаққа кел-
генде қара домбыраны күмбірлетіп отырған оның айрықша талантына
таңдай қағып, үнсіз бас шұлғитын. Өнердің жолын шындап қуғанда
шашасына шаң жұқтырмайын жүйрік боларына дау жоқ еді.
Ал енді дауысы ғаламат. Əуелетіп əн салғанда бүкіл
қалашықты ұйытады. Бауыржан домбырасын алып, өзі тұратын
505 бөлмеден шығып, қарсыдағы 502 бөлмеге келеді. Өйткені
негізгі көрермендеріміз – филологтардың жатақханасы осы бетте
орналасқан. Балконға шығып, домбырасын шертеді. Сəлден кейін
əнін аспандатып қоя береді. Жалпы, кешкі дауыс алысқа кетеді. Ал
Бауыржанның алты қырдың астынан естілетін зор дауысы əп-сəтте
қалашықты сиқырлайды да тастайды. Өтіп бара жатқан жастар қалт
тұрып тыңдайды. Қарсы жатақханаларда тұратын студенттер жы-
пырлап балкондарына шығады. Əрбір əн аяқталған кезде төрт-бес
жатақхананың тұрғындарының қол шапалағы қалашықтың ішін
дүркіретеді. Тағы да əн, тағы да дамылсыз шапалақ… Дауысы мұңды,
айрықша сазды. Жүректі еріксіз тербейді. Қазіргі дəмі жоқ, татуы
жоқ əуезімен тыртаңдап ел алдына шығып жүрген мысықтар мен
жолбарыстардың айқайы Бауыржанның əнінен садаға кетсін. Дəл осы
сəтте біздің 502 бөлменің ашық-шашық балконының беделі əйгілі
Сопот фестивалінің мінберінің абыройынан кем болмайды. Əншіні

өз қолымызбен дайындаған бүгінгі продюсерлер секілденіп, серінің
қасында шіреніп тұрамыз.
Бауыржан əнші-композитор еді. Өз əндерін өзі орындайтын.
Студенттік сахналарда ғана өнер көрсетті. Онда да ел көзіне түсуге көп
ұмтыла бермеді. Ал достарының ортасында аянып қалмайтын. Түн бала-
сы ұйқы көрмей, дамылсыз шырқаған бозторғай таң алдында көз ілетін.
Мұның бəрі оның əн салғанын көргендердің есінен шыға қоймағаны
анық. Каз ГУ-дің қалашығының тұрындары тегіс Бауыржанның əндерін
айтатын. Бірақ бірді-екілі телехабарларда жазылып қалғаны болмаса,
оның əндері сақталмаған сияқты. Арқырап жүрген арынды ақын аяқ
астынан өмірден өтіп кетеді деп кім ойлаған?
Жырлары жүрекке жол табатын талантты жазба ақын екендігі өз
алдына, суырыпсалмалыққа да бейімі болды. Студент ақындардың ай-
тысына қатысып, талай рет жүлде иеленді. Айтыс ақынына ұтқырлық,
тапқырлық, əзіл-қалжыңға бейімділік, біліктілік мен білімділік
аса қажет десек, оның бəрі біздің Бауыржанның бойында болды.
Бірінші курста оқып жүргенімізде төртінші курстың ақыны Ғабдолла
Бұлановпен айтысты. Оқуға кештеу түскен жігіт ағасы – Ғабдолланың
өзін қомсыныңқырап отырғанын байқаған Бауыржан:
Ғабеке, халің қалай, амансың ба?
Тап болдың қартайғанда жаман сынға.
Бала деп отырсың ба, ежірейіп,
Баладан сыбағаңды аларсың да.., –
деп қарсыласын ат үстінен оп-оңай аударып тастап еді.
Əдебиетке өз үнімен келген дарынды ақын болғанына ешкімнің та-
ласы жоқ. Бауыржанға алдыңғы толқын ағалардың бəрі де жылы қабақ
танытты. Университетке түскен жылы-ақ Қадыр Мырза Əли журна-
листика жəне филология факультеті студенттерінің басын қосып, жас
ақындардың өлеңдеріне талдау жасаған болатын. Бауыржанның балау-
са жырлары жыр жампозының жоғары бағасын алды.
Осы қасиеттің бəрі бір Бауыржанның бойынан табылған соң, оны
Каз ГУ-дің соңғы серісі демей не дейік?!

Бауыржан Омаров.

 

 

 

Алдыңғы жазба«Түркістан – біздің ортақ үй». Кәрімов Орта Азия атауын неге ұнатпады?
Келесі жазбаАдамзаттың ажалы Айдан болмасын!