Home Жаңалықтар ӨЗБЕКӘЛІНІҢ ӨСИЕТІН НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?!

ӨЗБЕКӘЛІНІҢ ӨСИЕТІН НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?!

35

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің және  Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың назарына

Ұлт жоқшысы Өзбекәлі Жәнібектің туған аймағы Түркістанға, оның ішінде осы Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Эрмитаждағы Тайқазанды қайтаруға күш салып, оны мемлекеттік дәрежеде тұңғыш көтерген де – Орталық комитеттің хатшысы Өзағаң болған.

Кезінде Әзірет Сұлтанның айналасын этнобаққа айналдыратын болып, кесененің айналасына су жібертіліп, көгертілетін болғанда, онсыз да босап тұрған құрылыстың іргесін одан сайын үңгіп жатқан өресіздікке қарсы өре түрегелген де Өзағаң еді.
Сол Өзағаңның өсиетін неге ұмыттық?!
Мына фотодан көріп отырғандарыңыздай (кеше ғана салынған) , Әзірет Сұлтан кесенесінің тура түбіне дейін шым төсеп тастапты. Шым төсеген соң, оған су жібертіліп, гұл егіліп, көгертілетіні белгілі. Ал дейік. Онсыз да Яссауи мавзолейінің қабырғаларын сыз басып, күмбездері жарыла бастаған, су тамшылайтын жерлері жоқ емес, бар.
Осы орайда рух сардары Өзбекәлі Жәнібектің былай деп жазғанын қаперден неге шығарамыз:
«Қазір сол Әзірет-Сұлтанның айналасын көгертеміз деп арық қазып, су жіберіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Оның астында көп ғасырлық ескі қоныстар, мәдени қазба байлық бар. Қаншама өлік жатыр. Осындай білместіктің салдарынан онсыз да босап тұрған құрылыстың іргесін одан сайын үңгіп жатырмыз. Өзгелерді алайықшы. Анау Өзбекстандағы Регистанның қасында ағаш бар ма, жоқ. Болмаса Афиныдағы мазарларды (Акрополь), Римдегі — Колизейді, Париждегі — «Құдай – ана» соборын», тіпті сонау Оңтүстік Америкадағы жергілікті халықтардың жергілікті ескерткіштерін алыңыз, әлі де сол қалпында тұр ғой. Ал бізде басқасы оңып тұрғандай сол жерлерді көгерте қалайық дейді. Осынау өресіздікті тез арада тоқтатпайтын болса, біздің ұрпақтың кезінде олар тұрар, ал келер ұрпақ көрмеуі әбден мүмкін».
Қаперден шығармауға тиіс өсиет, ылғи да есте ұстайтын аманат осы емес пе!

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

Алдыңғы жазбаҚазақты қайтсек көбейтеміз?
Келесі жазбаОрбұлақ шайқасы: Тарихи қойылым