Қазақстандықтар түптеп келгенде МӘМС жүйесінде сақтандырылмағаны үшін жазалана ма? Бұл сұраққа «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан жауап берді.
Алайда Медициналық сақтандыру қоры мұндай мәселенің күн тәртібінде жоқ екенін атап өтті.
«Біріншіден, қор уәкілетті орган емес, заң шығарушы орган емес. Біз ең алдымен Денсаулық сақтау министрлігі, үкімет және т.б. шығаратын бұйрықтар, ережелер негізінде жұмыс істейтін қаржы институтымыз. Сондықтан мұндай мәселе қазір күн тәртібінде мүлдем жоқ», – деп жауап берді Ілияс Мұхамеджан.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған қазақстандықтарды жазалау туралы ұстанымын білу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне де хабарластық.
«Қазіргі уақытта міндетті медициналық сақтандыру бойынша сақтандырылмаған азаматтардың көлік жүргізу, қаруды иелену немесе куәлік беру құқықтарын шектеу шаралары қарастырылмаған және талқыланып жатқан жоқ», – деп жауап берді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Гаухар Бисарина.