Home Жаңалықтар Балаңыз қандай кино көреді?

Балаңыз қандай кино көреді?

200

Қазақ кино әлемінде балаларға арналған фильмдер аз емес. «Менің атым-Қожа», «Саған күшік керек пе?», «Бәйтерек», «Алпамыс мектепке барады» сынды фильмдер көрермен қауымның көңіл төрінен орын алып, әлі күнге өз орнын жоғалтқан емес. Дегенмен, жаңа ұрпақ өсіп келеді. «Менің атым-Қожаны» 5-6 қайтара көрсе де жалықпайтын балаларға одан өзге ұсынар қандай кино бар? «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Қошқар мен теке», «Алдар Көсе» сияқты анимациялық фильмдерді де жоққа шығармаймыз тек, кішкентай көрерменнің көңілінен шығатын тың дүниелер қатары «саусақпен санарлық» саннан әлі аса алмай жатқаны неліктен? Қазақ режиссерлері балалар киносынан неге қашады? Соңғы жылдары көрерменге ұсынылған мультфильдер мен балалар киносының деңгейі қандай? Неге балалар шетелдің мутанттарға толы мультфильмдеріне әуес? Баланың тарихи танымын, көңіл көкжиегін кеңейтетін, тәрбиелік мәні зор туындылардың аз болуына не себеп? Тақырыбымызға арқау болу үшін кино саласында жүрген маманның, баласының болашағы үшін алаңдайтын ананың, «Томпақты» көрсе де, шетелдік «Батыр балақайға» ұқсағысы келетін Бейбарыстың пікірін ұсынамыз.

«Балаңыз қандай кино көреді?» деп ата-аналар арасында сауалнама жүргізген едік.  Қуантарлығы 75% аналар баласының теледидардан не көретінін қадағалап, көбінесе қазақ тілді мультфильмдер мен кино көрсетуге тырысамыз дейді.

Әбдірақман Жұмагүл Алпысбайқызы:

«Баламның психикасына әсер ететін фильмдерді көрсетпеуге тырысамын…»

  • Балам balapan арнасынан әртүрлі қазақстандық мультфильмдерді сүйіп көреді.«Қошқар мен Теке», «Алдар Көсе» басталса болды, экранға телміріп отырады. Әрине, баламның отандық фильмдерді көргеніне қуанамын. Оған қоса, шетелдік «Питер Пен» мультхикаясын қазақ тілінде көреді. Оның адамдарға, достарына жақсылық жасауына, зұлымдықпен күресіне тәнті болады. Әрине, баламның психикасына әсер ететін, қорқынышты, зорлық-зомбылық пен атыс-шабысқа толы фильмдерді көрсетпеуге тырысамын. Тәрбиелік мәні бар мультфильмдерді кейде ғаламтордан өзім қосып беремін. Соңғы кезде ресейлік «Фиксики» мультхикасын көріп жүр. Мультфильмнің ең жақсы тұсы- балаларға ғылым мен білім туралы көптеген мәліметтерді ұсынады. Әртүрлі құрылғылардың қыр-сыры, техниканың адам өміріне пайдасын көрсетеді. Соған қарап балам да физикаға қызыға бастады. Тіпті, ондағы Нолик атты персонажға ұқсағысы келеді. Дегенмен, ұлым бірінші кезекте,әрине,  әкесіне еліктеп өсіп келеді. Ал кинолар мен мультфильмдер оның таным деңгейін арттыруға, қызығушылықтарының қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Балаларының болашағына алаңдайтын әрбір ата-ана ұл-қыздарының теледидардан не көретінін қадағалап отырса деймін…

 

Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың  15%-і отандық фильмдер өте аз, сол себепті балаларымыз шетелдік мультфильмдерді көп көреді. Себебі, қазақстандық балалар фильмдерінің сапасы мен сюжеті балаларды тез жалықтырады дейді.

Расында отандық киноның осал тұстары жетерлік. Ал балалар киносы мүлде елеусіз қалып қоюда. Көпшілігі жақсы сценарий жоқ десе, енді бірі кинорежиссер жоқ дейді. Ал, қазақстандық киногерлер балалар тақырыбынан неге қашады деген сұраққа, белгілі режиссер Қанағат Мұстафин бір сұхбатында:

– Елімізде балаларға арналған кинолар өте аз. «Қазақфильмде» соңғы жылдары балаларға арналған екі кино шықты. Негізі балалар киносына сұраныс өте көп, сондықтан да көбірек түсіруіміз керек. Маған режиссер ретінде талай сценарий ұсынды. Соның ішінде балаларға арналған бірде-бір сценарий жоқ. Көбі авторлық жобалар. Əр режиссер өзінің қалаған, түсінген тақырыбына баратыны белгілі. Егер жақсы сценарист болса, мен балалар киносын түсіруге қарсы емеспін. Балалармен талай жұмыс жасадым. Өте қиын. Ойын қуып кетеді, тез жалығады. Бір дубльді 8-9 рет түсіруге тура келеді-деген ойын білдірген.

«Walt Disney», «DreamWorks», «Pixar» сынды компаниялардың туындыларын әлемдік прокатқа шыға салысымен жарыса көретін қазақ балаларына «Қазақфильм» жуырда «Мұзбалақ» атты толық метражды анимациялық фильм ұсынбақшы. Аталған фильм қазақтың болмысына жақын, ұлттық нақышта, қазақи аңыздар мен ертегілер негізінде түсірілген. Ал анимациялық фильдердің ахуалы қандай? Балалар неге американдық комикстер мен шетелдің гибрид кейіпкерлеріне әуес? Бұл сұрақтарды «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің режисері Тілек Төлеуғазыға қойып көрдік.

 

Тілек Төлеуғазы-режиссер, мультипликатор:

«Отандық анимация саласына кадр жетіспейді…»

Балаларға арналған фильмдер балалар киносы және балаларға арналған анимациялық фильмдер болып бөлінеді. Балалар киносында сонау классик режиссерлерден бері де бірталай туындылар көрерменге жол тартты. Ал елімздегі анимация саласы егемендік алғаннан кейін он бес жылдай тоқырауда болды. Тек 2000 жылдардан кейін жандана түсті. 2009 жылы Елбасымыз қазақ киносы мен отандық анимация саласын дамыту туралы үндеуінен кейін соңғы 10 жылда бұл сала қарқынды дамып келеді. Әрине, шетелдің  «Walt Disney», «DreamWorks» сияқты алпауыттарымен әзірше иық тірестіре алады дей алмаймыз. Себебі олар біздің елмен салыстырғанда кемінде жарты ғасыр алда дамыды. Қазақстанда тек соңғы 3-4 жылда түсірілген балалар фильмдері ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетті. Сапа жақсы болуы үшін, біріншіден, маман қажет. Отандық анимация саласына кадр жетіспейді, екіншіден, техника керек. Балалардың талғамы жоғары, оларға 3D форматындағы қызылды-жасылды анимация қызық болуы орынды. Сол себептен олар шетелдік киноларға әуес. Балаларға арналған киноиндустрия саласын дамытуда осы екі фактор ерекше әсер етеді. Еліміздегі анимация саласына насихат керек. Балалар қазақтың кейіпкерлеріне еліктеп өссін десек, кішкентайынан көретін мультфильмдердің саны артуы керек. Саны көбейген сайын, бәсекелестік болады. Бәсекелестік бар жерде сапа артады. Оны уақыт өзі көрсетіп отыр. Тұшымды сценарийлер ауадай қажет. «Жерұйық», «Күлтегін» сияқты тарихи тақырыптағы туындылардың көбеюі елімздегі анимация саласының деңгейінің өсіп келе жатқандығын көруге болады. Осындай тарихи тақырыптарды қозғағанда балалар психологиясын зерттейтін, тарих пен дәстүрді терең білетін мамандармен ақылдаса отырып, балаларға сюжетті түсінікті етіп жеткізуге тырысамыз. Шетелдік тәжірбие бойынша жарыққа шығатын туындыны ең алдымен балаларға көрсетіп, олардың пікірін тыңдайды екен. Кейін, айтылған талаптар бойынша тағы жарты жылдай түзетулер мен толықтырулар енгізгеннен кейін ғана ол үлкен болмайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, қазіргі шетелдік балалар фильмінде «all ages» термині трендке айналды. Яғни, мультфильмдерді тек балалар ғана емес, ересектер де көре беретін болды. Әрқайсысы өзіне керегін алады. Біз де ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, балаларды ізгілік пен мейірімділікке тәрбиелейтін балаларға арналған фильмдер қатарын толықтыруымыз қажет.

Ананың баласы үшін алаңдауы, балаларға көрсететін фильм жоқ дегендерге балалар киносы саласында жүрген режиссердің кино бар, насихат жоқ деуі орынды, әрине. Ертегі естімеген баланың ертеңі бұлыңғыр. Ал бүгінгінің балалары не көреді? Кімге еліктейді? Оларды кинода не қызықтырады екен? Кішкентай көрерменнің пікірі қандай?

 

Қалихан Бейбарыс-5-сынып оқушысы:

«Батыл балақайдың батырлығы ұнайды…»

 

  • Мен сабақтан бос кезімде balapan арнасынан әртүрлі мультфильмдер көремін. «Томпақ», «Қалқаңқұлақ» сияқты телехикаяларды ұнатамын. Ондағы балалар қызықты оқиғаларға тап болып, бәрін ақылдың күшімен шешуге тырысады. «Жеңімпаз жеткіншектердегі» Батыл балақайдың ерлігі, өзге ғаламшарлықтарға қарсы күрестегі батырлығы қатты ұнайды. Мен де Батыл балақай сияқты жер ғаламшарын қорғағым келеді. Бірақ, әкем екеуміз «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырларын оқимыз. Жаттаған жерлерімді әкеме айтып беремін. Олардың нағыз батыр екенін білемін. Оларда  Батыл балақай сияқты мультфильмге түссе, қызық болар еді…

       Кино-өмір шындығының экрандағы үлгісі іспеттес. Ал экран алдындағы кішкентай көрерменнің көңілінен шығатын қазақ балалар киносы әлі талай белестерді бағындырып, санына сапасы сай, көңіл қуантарлық тың туындылар көрерменге жол тартатынына сенеміз. Кино кеңістіктегі балалар әлемі назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі, қазақтың ұл-қыздары қазақ киносын көріп өссе, ұлттық санасы рухани байып, көңіл көкжиектерінде Отандық патриотизм лебі есері анық!

 

Сауалнаманы жүргізген: әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университетінің

3-курс студенті ХАЛЫҚ Балжан

 

 

Алдыңғы жазбаАқаев, Бакиев, Атамбаев?..
Келесі жазбаТүріктің қазақтан несі артық?