Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға баратын болыпты.15 сәуірде. Ұзын құлаққа сенсек Пашинянға барып, кей мәселені шешуге көндіру өтінішін Илхам Әлиев айтқан деседі. Тіпті Макрон да сұраған дейді. Ол жағы бізге беймәлім.
Шамасы Қазақ президентінің сапары Әзербайжан мен Армения арасындағы шекарадағы азды-көпті атысты ірі жанжалға ұластырмау мақсатын көздейтін сияқты. Әзербайжанға да, Арменияға да тыныштық керек. Бірақ Ереван төңірегінде Пашинянға көне қоймайтын күштер бар. Олар жанжал бастаса Баку жауап береді. Одан соң белгілі. Ірі қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін. Әрине кімнің мүмкіндігі қаншалықты екені белгілі. Бірақ бізге Әзербайжанның жаңа соғысқа ұрынбағаны керек. Сыртқа шығар қақпаларымыздың бірі һәм бауырлас жұрт. Каспийді әлемге шығар жол деп жүргенде Қап тауында атыс басталса, тасымал нашарлайды. Жобалар кейін шегерілуі мүмкін. Әсіресе мұнай тасымалының балама бағыты ретінде үміт күтіп жүрген жобаларымыз жүзеге аспайды немесе кейінге қалады. Ал ол бізге тиімсіз. Шығынға батамыз. Сосын теріскейге тіптен кіріптар боламыз. Олар болса қалаған уақытында «КТК құбырына, терминалға жөнду жүргізу керек екен», «теңізде дауыл болып, нысан уақытша жұмысын тоқттаты»,-дегендей сылтауын көбейтуі мүмкін. Тіпті «Қара теңізде Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған мина табылып, толқынмен қалқып келіп терминалды соқты»,- десе де олай емес екенін дәлелдеу қиын. Сондықтан Каспий асып Қап тауын бөктерлеп өтетін көлік-логистикалық бағытты көздің қарашығындай сақтауға мұқтажбыз. Бұл істе Кавказдағы барлық елдің тілін табуымыз қажет. Дүйсенбідегі сапардың мәні осындай деп ұғамын. Ал мұндай қадамдар жасау үшін дипломатия тілі маңызды Тоқаевтың дипломат екенін жұрт біледі, сондықтан ол Армения мен Әзірбайжанның ашуға берілмей, мәселені ақылға салуына ықпал ететін шығар. Сол себепті Президенттің аяқ астынан Арменияға сапар жасауы төтеннен болды-ау деп білемін. Әйтпесе дәл қазір ел ішінде де мәселе аз емес. Су тасып жатыр.
Айтпақшы қысқа мерзімді сапардан кейін Президент су тасқынын жою жөніндегі жұмысты жеке бақылау үшін СҚО мен Қостанайға барады дейді.
Амангелді Құрметұлы (ФБ парақшасынан)