Home Қоғам Партиялар неге жаппай басшыларын ауыстырып жатыр?

Партиялар неге жаппай басшыларын ауыстырып жатыр?

7

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

Еліміздегі  жүргізіліп отырған саясат соңғы апталарда бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Бір қарағанда бұл – жай ғана партиялық съездер, кадрлық ауыс-түйістер сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мұқият қарасақ, біз жеке партиялардың емес, бүкіл саяси жүйенің қайта құрастырылып жатқан кезеңіне куә болып отырмыз.

Соңғы деректерге сүйенсек, елдегі ең ірі саяси күш – «Amanat» партиясы өз қызметін жеке құрылым ретінде тоқтатып, жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылды. Бұл шешім екі съезде де бірауыздан қолдау тапқан. Яғни бұл – жай символикалық өзгеріс емес, саяси күштің бір орталыққа шоғырлануы ретінде рәсімделген қадам. Осылайша саяси алаңда бұрын ондаған жыл бойы жетекші рөл атқарып келген құрылым жаңа партиялық форматқа сіңіп отыр.

Бұдан  тыс, басқа да партияларда көшбасшылар ауысты: «Ақ жол» партиясы ұзақ жылдар бойы төрағалық еткен Азат Перуашевтың орнына Дания Еспаеваны сайлады. «Ауыл» партиясының тізгіні Серік Егізбаевтан Қайрат Айтуғановқа өтті. Қазақстан Халық партиясының жаңа төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды. Қысқасы «Amanat»   «Әділетке»  қосылды, бірнеше партия жаңа төрағалармен жұмысын бастады. Мұны жай сәйкестік деуге келмейді.                                                           Саясатта мұндай синхронды жаңару кездейсоқ болмайды.

Неге дәл қазір бір қатар партиялар басшыларын өзгертті? Өйткені Қазақстан саяси тұрғыдан жаңа кезеңге өтпек. 1 шілдеден бастап қазіргі Парламент өз өкілетін аяқтап, ел тамыз айында өтетін кезектен тыс сайлауға дайындалып отыр. Жаңа құрам бұрынғыдай қос палаталы жүйе емес, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай форматында қалыптасады. Бұл – тек құрылымдық өзгеріс емес.                                     Бұл –саяси бәсекенің ережесі өзгерді деген сөз. Міне, партиялардың жаппай жаңаруының шынайы себебі де осы жерде жатыр. Егер ойын ережесі өзгерсе, ойыншылар да өзгеруге мәжбүр. Бірақ қоғамды мазалайтын ең басты сұрақ – басшылар ауысты ма, әлде саясаттың өзі өзгерді ме? Өйткені бізде көп жағдайда партиялық реформа бір ғана кадрлық шешіммен шектеледі. Төраға ауысады, съезд өтеді, жаңа ұран айтылады. Ал мазмұн өзгермесе, бұл жаңару емес, саяси декорация болып қалады.

Шын мәнінде партия деген не? Партия – бір адамның аты емес. Партия – идея, бағдарлама, қоғаммен тұрақты байланыс жүйесі. Егер партия тек көшбасшының беделіне сүйенсе, ол институционалдық құрылым емес, уақытша саяси жобаға айналады. Сондықтан бүгінгі өзгерістердің сапасын анықтайтын критерий – жаңа төрағалар емес. Олардың партияны қалай өзгертетіні. Олар партияны ашық қыла ма? Қоғамдық пікірді шынайы ести ме? Әлде бұрынғыдай сайлау алдында ғана белсеніп, кейін үнсіз қалатын құрылым болып қала ма? Қазіргі саясаттың ең әлсіз тұсы да осы. Партиялар көбіне тек сайлау кезінде көрінеді. Ал саяси өмірдің қалған кезеңінде олардың ықпалы әлсірейді. Мұндай модельде қоғам мен партия арасындағы сенім көп жағдайда қалыптаспайды. Ал сенім жоқ жерде саяси институт әлсіз болады.

Осы тұрғыдан алғанда, «Amanat»-тың «Әділетке» қосылуы және партиялық кеңістіктің қайта құрылуы – тек ұйымдық өзгеріс емес. Бұл Қазақстандағы партиялық жүйенің жаңа форматқа өту әрекеті. Бірақ кез келген жүйелік өзгеріс қағазда емес, практикада өлшенеді. Егер жаңа партиялар бұрынғы саяси тәсілмен жұмыс істесе, онда біз тек атаулардың ауысқанын көреміз. Ал егер олар шын мәнінде қоғамға жақындап, ішкі демократияны күшейтіп, жаңа буынға жол ашса – онда бұл өзгерістер тарихи сипат алуы мүмкін.

Қазақта «Ескі сүрлеумен жаңа жол салынбайды» деген сөз бар. Бүгінгі саяси жағдай дәл осыны көрсетіп отыр. Жаңа Құрылтай – жаңа формат. Жаңа формат – жаңа саяси жауапкершілік. Сондықтан бүгінгі ең маңызды сұрақ мынау: Қазақстанда партиялар шын мәнінде жаңарып жатыр ма, әлде тек жаңа атаумен ескі жүйе сақталып қала ма? Өйткені саясатта ең қиын нәрсе – атауды өзгерту емес. Ең қиын нәрсе – ойлауды өзгерту. Ал қоғам дәл сол ойлаудың өзгерген-өзгермегенін ғана бағалайды.

Алдыңғы жазбаКөршімен келісім – келешекке кепіл