Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президенті кездесудің Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтіп жатқан кезеңмен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
«Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, ширек ғасыр ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы «Шанхай бестігінен» Еуразияның орасан зор аумағын қамтитын және әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін беделді халықаралық құрылымға айналды.
Президент ШЫҰ-ны болмысы әртүрлі болғанымен, мақсаты мен рухы ортақ мемлекеттердің бірегей бірлестігі деп атады. Ұйым ішкі іске араласпау, мемлекеттік егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде басшылыққа алып келеді. Соның арқасында ол бүгінде табысты, ықпалды әрі халықаралық қауымдастыққа қажет құрылым ретінде орнықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары әлемдегі ахуалдың түбегейлі өзгергеніне назар аударды. Оның сөзінше, қазір халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Ынтымақтастық пен мүдделер теңгерімін іздеудің орнына геосаяси бақталастық пен текетірес күшейіп, мемлекеттер арасындағы өзара сенім әлсіреген.
Президент дәл осындай күрделі жағдайда Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі мен маңызы арта түсетінін мәлімдеді.
«ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру», – деді Мемлекет басшысы.

































