Home Қоғам Салық органдары қазақстандықтарға ескерту жасады

Салық органдары қазақстандықтарға ескерту жасады

5

Мүлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуына екі аптадан аз уақыт қалды. Қазақстандықтарға 2025 жыл үшін есеп айырысуды 2026 жылдың 1 қазанына дейін аяқтау қажет екені ескертілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметіне сілтеме жасап.

Әңгіме жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелері — жеке тұлғалар туралы болып отыр.

Салық сомасын қайдан көруге болады?

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, есептелген сомалар туралы мәліметтер екінші деңгейлі банктерге берілген. Kaspi және Halyk сияқты банк қосымшаларын пайдаланушыларға әрбір нысан бойынша салықтың егжей-тегжейлі көрсетілген push-хабарламалары жіберілді.

Салықты банктердің мобильді қосымшалары арқылы, банк бөлімшелерінде қолма-қол ақшамен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдары арқылы банк картасымен төлеуге болады.

Төлемеген жағдайда не болады?

2 қазаннан бастап берешегі бар меншік иелеріне хабарламалар жіберіле бастайды.

Егер қарыз 30 жұмыс күні ішінде өтелмесе, салық органдары салық бұйрығын шығарады. Ол тағы бес жұмыс күні ішінде орындалмаса, іс жеке сот орындаушыларына беріледі.

Мемлекеттік кірістер комитеті төлемді соңғы күнге қалдырмай, салықты алдын ала төлеуге кеңес береді.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті кімдер кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыруы тиіс екенін, тексерулер қашан басталатынын және салық қызметкерлері азаматтардың активтері туралы қандай мәліметтер алатынын еске салған болатын.

Декларацияны кімдер тапсыруы қажет?

270.00-нысанды келесі тұлғалар тапсыруы тиіс:

  • мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
  • заңды тұлғалардың басшылары және олардың резидент-жұбайлары;
  • заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары (жарғылық капиталдағы үлесі 10 пайыздан асатындар) және олардың резидент-жұбайлары;
  • банктердің, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;
  • нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар;
  • шетелде мүлкі және шетелдік банктерде ірі шоттары бар тұлғалар;
    цифрлық активтер иелері;
  • 2025 жылы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алған азаматтар;
  • өз бетінше салық салуға жататын кіріс алған қазақстандықтар;
  • жекелеген салық шегерімдерін қолданған азаматтар.

Еске салайық, мүлік, кірістер, міндеттемелер және басқа да салық салу объектілері туралы мәліметтер МКК-не декларациялар, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері және заңда қарастырылған басқа да дереккөздерден түседі.

Алдыңғы жазбаСеулден келген 19 миллиард доллар