Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

7

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

Роман

 (Жалғасы)

 

Айтақырда қалып, көні кепкендей болған Қапаған тағы қымыз алдырды. Табғаш сұлуының мекіреленген қылығына назар аудармай, тағы ойға шомды.

«Қауға тиген өрттей лап еткелі тұрған, қырғыз бен түркешті орнында бастық. Тонынкөктің арқасы. Иә, Тоныкөктің жөні бөлек. Ол болмаса түрік қағанаты баяғыда жөргегінде тұншығып қалар ма еді? Ағам Құтылық атқа мінгенде мен жиырма жеті жаста едім. Ақылгөйіміз де, жасақтың бас қолбасшысы да Тоныкөк болды. Ағам өзінің алдында түрік жұртын азат ету үшін бас көтеріп, опаздықтың кесірінен қаза болған Нишу бек секілді тек көтерілісшілерді ерткен жоқ. Жанына табғашты білетін, сол ортада тәрбиеленген, әскери өнерді меңгерген Тоныкөк секілді кіл мықтыларды жыйды. Өзі де табғаш жұртының қыр-сырын жетік білгендіктен ұрыс қимылдарын ұрымтал тұстан ұйымдастыра білді. Ағам Құтылық пен Тоныкөктің иелігінде жүріп қырық жеті рет аттаныппыз. Соның жиырма жетісінде табғаштарға қарсы қылыш сермедік. Жолбарыстай атылдық, тұйғындай түйіп түстік. Жеңген кезімізде,  жалтарған сәтіміз де болды. Сары өзенмен қоштасып, әлімсақтан түркінің қара жұрты болған Алтын тауға бет түзедік. Тоныкөк: «Көк түріктің мекені сол маң. Алтыбасты айдаһармен қоңсы отыру – елге қауіп. Бірде болмаса бірде арбауына елтіп, жемсауына түсіп кетерміз», – деді. Келістік. Тоныкөктің ақылын тыңдағаннан кем болмадық, ел болдық, кеше ағам Құтылыққа ақылгөй болған Тоныкөк қазір маған серік. Қылышпен шешпейтін жерде, ақыл-айланы қару еттік. Бұл да сол Тоныкөктің тірлігі. Аты жаһанға аян. Көк түрік үшін жасаған тірлігі атан түйеге жүк. Бірақ түрік жұртына бұрынғы ұлы күндерін қайтарып беруге мұрындық болған, сол жолда жан беріп, жан алысқан менің атақ-даңқыма қарағанда, Тоныкөктің аты соңғы кезде көп шыға бастады ма, қалай?»

Қапаған отша шарпысқан ойлардың ортасында қалды. Түрілген түндіктен бозара бастаған аспанға қарады. Таң жақын. Жұлдыздар көмескіленіп, сирей бастапты. Иығына басын қойған табғаш сұлуы қалғып кеткендей.

«Әсіресе қырғыз бен түркештерді бір жақты етіп келген соң, Тоныкөктің қолбасшылығы, Күлтегіннің алмас қылыштай жарқылдаған ерлігі жөнінде жұрт аңыз қылып айта бастады. Тіпті ханшатырда бас қосқанда игі жақсылар менен гөрі Тоныкөк не айтады дегендей аузына қарасады. Бұл көлеңкеде қалып бара жатқандай. Бүйте берсе… түбі жақсылық емес-ау. Түріктің ата заңы бойынша билік Тоныкөкке көшпесе де, оның бір жасаған ишарасымен қағанаттың билігі Құтылықтың қос ұлының бірінің қолына ауып кетуі мүмкін-ау. Табғаш елінде әлсін-әлсін болып тұратын сарай төңкерісі, ордада да қайталануы ықтимал. Тоныкөк табғаштың тәрбиесін көрген, оқуын тауысқан жырынды емес пе!» Қапаған өз ойынан өзі шошып кетті.

«Ондай адамды ордаға жақын ұстау, тіпті жасанып келген жаудан да қауіпті болмақ. Сыртқы жаудың пиғылы белгілі, шауып алу, ал іргедегі адамның сен туралы не ойлап, не істегелі жүргенін түйсіну қиындау. Бетіңе күле қарап отырып, іштей өрмекшінің торын құрып жатса ше? Татап пен қиданды шабуға бара жатқанда да шаужайыма жармасып, «Жауың татап пен қидан емес, дұшпаның табғаш. Табғаштың әлсірегені, бізге тиімді. Елсіреген ел иілгіш келеді, сөзіміз өтімді болады. Сондықтан татап пен қиданның қыр желкесінен шықпайық, керісінше, азаттық үшін арпалысқандарға қол жіберіп, дем берсек. Сөйтіп, айдарһардай ысқырынған табғаштың ентігін біраз уақытқа басып қойсақ. Түстіктен төнетін қауіптің бұлты сейілер еді», – деді емес пе?

«Табғаштай күшті елмен ынтымақта болу, татап пен қиданға қарағанда әлдеқайда тиімді. Табғаш ханзадасына қызымды ұзатып, құда-құдандалы болсам, жегжат болсақ, сөйтіп, екі ел арасына бейбітшілік орнатсам деп едім. Ол үшін табғашқа басыбайлы болғысы келмеген, татап пен қиданды құрбандыққа шалуға тура келеді» деп бұл бой бермеген.

«Қапаған, байқа, табғаш саған жужан емес, У-хың, Алағұй емес» деп еді Тонынкөк бойбермей. Сосын, Бумын мен Алағұйдің арасында болған жайды әңгімелеп берген.

«Ұлы қаған Бумынның көрегендігі сол, өздері бағынышты болып отырған, жужандарға қарсы жүрмес бұрын, айналасындағы ірілі- уақ тайпаларды қатарына қосуға тырысты, әсіресе елу мың үйлі теле руын бағындыруы, Бумын үшін үлкен олжа еді. Сосын барып жужандарға жон арқасын күжірейтті.

«Қызыңды әйелдікке бер» деп елші аттандырды. Бұл – түріктердің «енді сендермен теңбіз» деген ишарасы болатын.

«Күйелеш-күйелеш болып, темірімді балқытып, теміршілікпен айналысып жүрген құлым, менің қызымды әйелдікке сұрапты. Бұл қай қорлағаны! Тұрысатын жерін айтсын. Басын кесіп бақанға іліп қоямын!» деп ашуға булыққан жужан басшысы Алағұй Бумынның айтқанын жеткізген елшіні қылышпен бір тартқан. Бұл соғыстың басталуы еді. Ұрыс машығына әбден жетік Бумын әскерін сапқа тұрғызып жіберіп, тұтқиылдан жужандарға тап беріп, тас-талқан етті. Қағанаттың күйрегенін көрген Алағұй «мұндай қорлықты көргенше» деп өзін-өзі өлтірді. Иә, бұл әлімсақтан бізге жеткен әңгіме. Айтқым келгені, табғаш қисапсыз халқы бар, сансыз әскері бар, қулық-сұмдығына құрық бойламайтын аяр ел. Жабайылығы басым, жужандармен салыстыруға келмейді. У-хың Алағұй емес. У-хың жыланның аяғын көрген сұрқия. Екіжүзді. Ол сенімен еш уақытта құда болмайды, тіпті құдандалы бола қалғанның өзінде, сенің қызыңды ол ұлдарына алып бермейді. Сарайдағы көп ақсүйектің біріне ғана сенің қызыңды телір. Бітті. Сарай ақсүйегінің ұлы  – екі ел арасындағы бейбітшілікке кепілдік бола алмайды. У-хың бүгін саған ыңғай танытып үміттендіргенмен, ертең жалт беріп, басқаша сөйлері анық. Сондықтан оның алдау-арбауына түсіп қалмауымыз керек. Лаж болса, табғашқа қарсы аттанған кез келген тайпаны қолдауға тиіспіз».

Тоныкөктің айтқаны көңілге қонымды болса да, Қапаған алған райынан қайтпады. Ақыры не болды? Көтерілісшілерді жаншытып алған соң, табғаш билеушісі жон арқасын көрсетті емес пе? Тіпті алғыс айтудың орнына қол астымда отырған ру-тайпаларды азғырып, қарсы қойып келеді. Мына қойнымда жатқан сұлу да түбі сұр жыланға айналып, мені шағып алмас па екен?»

Монтиып ұйықтап жатқан табғаш қызына қарады, бірақ уылжыған сұлуды жамандыққа телуге қимады. Көзін жұмды. Шырмауықтай шырмалған ойдың тереңіне шым батты.

«Сұңғыла, мәлімгер Тоныкөк,  батырлығы мен ақылдылығы тең жүретін Бөгі, алмас қылыштай қыпылдаған Күлтегін, бір қарасаң, мұның бағы мен соры секілді.

Бағы – қағанаттың өсуі мен өркендеуі, шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтуі, барынша дәуірлеп  құдіретті елге айналуы, осы үштіктің арқасы. Бұлар барда қағанат бар. Бұл үш тағанды бұған тәңірдің өзі бере салған. Бірі – дана, бірі – айлалы, бірі – семсер.Тек үштіктің жігін бұзбай пайдалана білсең болғаны.

Қорғансаң – қалқан, сілтесең – шоқпар.

Соры – Тоныкөк тақтан дәм етпесе де, Құтылықтың қос ұлы да тақтың заңды мұрагерлері. Тайпалар арасында белең алып бара жатқан алауыздықты һәм жасымның ұлғайып, күш-қуаттың бойдан сусып бара жатқанын аңғарған бұлар, тақты берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп тартып алуы да ғажап емес. Ал бұның кіндігінен жаралған ұлдардың ешқайсы да Бөгі мен Күлтегінге қарсы тұратындай қауқары мен беделі жоқ, бейбақтар. Демек, қауіптен ада болуы үшін, бұл үштікті қашан да ордадан алыстау ұстаған жөн-ау.Тіпті қиын тапсырмаларды орындай жүріп, өліп кетсе де артық емес. Ана бір жолы, көзә пәра өлімге айдап салдым. Иә, қырғыз қағаны Қылышбек «ел шетіне жау келді» деп ұран тастап, дабыл қақса, бір аптада жүз мың әскер жинап алатын күйде еді, бірақ небәрі он мың ғана болатын Тонынкөктің қолынан жеңіліп, өзі өлім құшты. Жарайды, Қылышбектікі қаһарлы қыста, қар кешіп, тау асып, жау келе қоймас деген қаперсіздіктен болған дейік, сол он мың қол қырғыздан кейін түркешті шапты емес пе. Түркеш көсемі Ежел үш есе басым күшпен қарсы шықты. Ұрымтал тұстан күтіп алып, қырып та салмақ болды, бірақ Тоныкөктің ақылы, Бөгінің айласы, Күлтегінің қылышы Ежелдің ойдағысын болдырмады. Ежелдің өзі өлді, қос бірдей қолбасшысы Қарахан мен Ишленби майдан даласында қаза тапты. Түркеш әскері кейін лықсыды. Рас, сол жолы оларды өлімге айдап салдым. Ұлым Енел басқарып баратын жиырма мың қолды түрлі сылтаумен кешіктіріп барып аттандырдым. Ондағы ойым, күші басым Ежел тау асып, қасат қарды кешіп шаршап-шалдығып жеткен Тоныкөкті талқандап тастаса не болмаса итжығыс түсіп жатқан кезде, Енел басқарған көк түріктердің тың қолы келіп, Ежелді өлтірсе, түркештерді тықсырса, түркеш түрік қақтығысының жеңімпазы Енел болып шыға келмек. Ұлымның халық алдындағы мерейі өсіп, беделі артар еді деп едім. «Кіші хан» деп берген шеніне лайық болып, нағыз тақ мұрагері атанса деген есеп, дәме еді менікі. Бірақ айлалы Тоныкөк пен Құтылықтың алмас қылыштай қылпылдаған қос бөрісі түркеш қолын Енел келгенше талқандап тастады. Үмітім ақталмады».

Иә, Қапағанның бұл айласын сол жолы дана Тоныкөк білмей қалған жоқ. Сезді. Қағанаттың болашақ тағдыры осы екі ұлға байланысты екенін пайымдай білгендіктен, түркеш қолы қанша басым болса да, айласын асырды. Түркеш елін біраз уақытқа дейін есін жинай алмайтындай етіп талқандады. Жеңістің тізгінін Құтылықтың қос ұлының қолына ұстатты. Енелдің «таудағы жүрер жолда көшкін болып, бөгеліп қалдық» деген сылтауына мысқылай күлді. Артынан келген тың күшті қосып алған Тоныкөк, түркештердің шегінген қолын қуа отырып, Согды жеріне дейін барды. Шаш шаһарының түбінде дамылдап алып, ар жағынан келіп қалған Күтейбе қолбасшы бастаған арабтардың әскерін Жойқын өзеніне дейін қуып тастап, мол олжамен оралған-ды.

«Аранға айдап салғандарым аман қайтты».

Көзін жұмып ойға шомып жатқан Қапаған аузынан жалын шаша күрсініп қойды. «Жай қайтқан жоқ. Жеңіс туын желкілдетіп қайтты. Онсыз да ел ішіндегі дүрілдеп тұрған аттары тіпті аспандады. Көк түріктің айбары осылар десті жұрт. Енелдің есімі елеусіз қалды. Бар атақ қырғыз қағаны мен түркеш батырларын жекпе-жекте түйреп өлтірген Күлтегінде. Сол Күлтегін қапияда қоршауда қалғанда, аздар руының қызы Ақшарқаттың қалай құтқарып қалғаны аңызға айналып барады. Екеуінің көңіл жарастырып, жорықта жүріп-ақ шаңырақ көтеруінің өзі үлкен әңгіме. Елге оралған соң жасаған ұлы жіңгір тойы анау. Күлтегіннің аздармен соғыспай-ақ, сол елдің қызын алып, көк түріктердің дәргейіне өткізуі, оның абыройын одан әрі асырды. Түбі өзіме де, ұлдарыма да үлкен қауіп өзгеден емес, осы Күлтегіннен келеді-ау, өйткені оның бүгінгі атақ-дәрежесі, абыройы соның көрінісі сықпытты. Ал менің бейбақ, бөзөкпе ұлдарым Күтегінге қарсы келе ала ма, қайдам? Олай болса…»

 

                                                                                                   (жалағысы  бар)

Алдыңғы жазбаКелісімшарттарды қайта қарайтын кез келді!