Орталық Азия елдері ондаған жылға созылған шекара дауларын жер алмасу, өзара өтемақы және инфрақұрылымдық жобалар арқылы шешуге көшті. Қырғызстан мен Өзбекстанның жаңа келісімі аймақ үшін тың тәжірибе қалыптастырса, енді дәл осындай ұсыныс Қазақстанға да жолданды. Алайда Астана әзірге үнсіз.

Орталық Азияның картасына көз салған адамға шекаралар әлдеқашан сызылып, мемлекеттер арасындағы дау біткендей көрінуі мүмкін. Бірақ картадағы түзу сызықтардың ар жағында ондаған жыл бойы қордаланған мәселелер жатыр. Кеңес Одағы тараған кезде республикалар мемлекеттік тәуелсіздік алды, алайда олардың арасындағы әкімшілік шекаралар халықаралық шекараға айналғанда талай түйткіл қоса мұра болып қалды. Әсіресе Ферғана аңғарындағы шекара даулары ондаған жыл бойы қантөгіске, этникалық шиеленістерге, су мен жайылымға таласқа, жолдардың жабылуына себеп болды.
Қазақ «Жақсы көрші – жарым ырыс» дейді. Бұл сөз бүгінгі Орталық Азия саясатында бұрынғыдан да маңызды естіледі. Өйткені көршімен тату болудың құны кейде жүздеген шақырым жерден емес, бір ауыз келісімнен басталады.
Соңғы бірнеше жылда өңірде бұрын болмаған өзгеріс байқалады. Бұрын әр гектар жер үшін саяси айқас жүрсе, қазір мемлекеттер мәселені өзара ымырамен, тең өтемақы және ортақ инфрақұрылым құру арқылы шешуге көшіп келеді. Бұл – Орталық Азиядағы жаңа саяси мәдениеттің қалыптаса бастағанының белгісі.
Соның ең жарқын мысалы – Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның кезең-кезеңімен толық нақтылануы. Екі мемлекет ұзақ келіссөздердің нәтижесінде шекарадағы даулы аумақтарды айырбастау туралы кезекті келісімге келді. Соған сәйкес Өзбекстанның Ферғана облысына қараған Чонгара мен Таш-Төбе ауылдары Қырғызстан құрамына өтеді. Бұл елді мекендерде шамамен екі жарым мың адам тұрады, олардың басым бөлігі – этникалық қырғыздар. Бішкек олардың барлығына Қырғызстан азаматтығын беруге кепілдік беріп отыр.
Есесіне Ташкент шекара маңынан дәл сондай көлемдегі жер телімдерін алады. Жалпы көлемі 236 гектар болатын бұл аумақ жаңа стратегиялық автожол салуға беріледі. Соның арқасында Баткен облысының тұрғындары үшін Айдаркеннен Баткенге дейінгі жол 225 шақырымнан небәрі 55 шақырымға дейін қысқарады. Бір қарағанда қарапайым жол құрылысы болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл – ондаған жыл бойы шешілмеген шекара мәселесінің нақты экономикалық пайда әкелетін шешімі.
Бұл келісім кездейсоқ туған жоқ. Оның негізі 2022 жылы қаланды. Сол кезде Бішкек пен Ташкент мемлекеттік шекара туралы тарихи келісімге қол қойып, 2023 жылы президенттер Садыр Жапаров пен Шавкат Мирзиёев құжаттарды ратификациялады. Ең күрделі мәселелердің бірі – Кемпір-Абад су қоймасы болатын. Ақырында су айдыны мен гидротехникалық нысандар Өзбекстан юрисдикциясына өтті, ал Қырғызстан оған өтем ретінде жайылымдар мен басқа жер телімдерін алды. Ол кезде қоғамда қызу пікірталас болғанымен, уақыт өте бұл шешімнің өңірдегі тұрақтылық үшін қабылданғаны айқындала бастады.
Қырғызстан үшін мұндай айырбас тек жер мәселесі емес. Бұл – шекаралық аудандарды халықпен қамтамасыз ету, қауіпсіздікті күшейту және этникалық қырғыздар тұратын елді мекендерді бір әкімшілікке біріктіру саясатының бір бөлігі. Баткен облысы ұзақ жылдар бойы еңбек миграциясынан, қауіпсіздік мәселелерінен және инфрақұрылым тапшылығынан зардап шекті. Сондықтан Бішкек шекарадағы халықтың тұрақты өмір сүруін ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі ретінде қарастырады.
Егер осыдан бес-алты жыл бұрын Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы кез келген шекара мәселесі қоғамда үлкен қарсылық тудырса, бүгінде екі елдің қарым-қатынасы мүлде басқа деңгейге көтерілді. Сауда көлемі өсіп келеді, Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолының құрылысы басталды, энергетика мен логистика саласындағы байланыс нығайып жатыр. Демек, шекара енді тек бөлетін сызық емес, экономикалық ынтымақтастықтың құралына айналып келеді.
Бұл үрдіс Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы жағдайдан да анық байқалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі елдің шекарасы Орталық Азиядағы ең қауіпті нүктеге айналған еді. Баткен облысында болған қарулы қақтығыстардан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Даудың өзегі де сол баяғы мәселе – кеңестік кезеңнен қалған анықталмаған шекара, су арналары, жолдар мен жайылымдар. Ақыры ұзақ келіссөздерден кейін Душанбе мен Бішкек шекараны толық делимитациялау жөнінде ортақ мәмілеге келіп, бұрынғы даулы аумақтардың басым бөлігін заңдық тұрғыдан рәсімдеуге кірісті. Бір кездері оқ атылған жерде бүгінде геодезистер мен құрылысшылар жұмыс істеп жүр. Бұл – дипломатияның қарудан күштірек екенін дәлелдейтін мысалдардың бірі.
Енді Бішкек дәл осындай тәжірибені Қазақстанмен де қолдануды ұсынып отыр. Қырғыз тарапы Токмақ маңындағы шекарада тең аумақтарды айырбастап, Алматы бағытына шығатын шамамен 150 шақырымдық жаңа ақылы автожол салуды ұсынды. Алайда әзірге Астана бұл бастамаға ресми жауап берген жоқ.
Қазақстан үшін бұл мәселенің салмағы өзгеше. Біріншіден, қазақ-қырғыз шекарасы аймақтағы ең тыныш әрі толық делимитацияланған шекаралардың бірі саналады. Сондықтан кез келген аумақтық айырбас қоғамда қызу пікірталас туғызуы ықтимал. Екіншіден, Қазақстан халықаралық құқықтағы мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын ұдайы қолдап келеді. Үшіншіден, Астана мұндай ұсыныстың құқықтық, экономикалық және қоғамдық салдарын жан-жақты сараламай шешім қабылдай қоймайтыны анық.
Дегенмен көрші елдердің тәжірибесі бір маңызды ақиқатты көрсетіп отыр. Бұрын шекара мәселесі ұлттық намыс пен егемендіктің өлшемі ретінде қабылданса, қазір оған прагматикалық көзқарас қалыптасып келеді. Егер тең аумақ айырбастау жаңа жол салып, сауданы арттырып, халықтың тұрмысын жеңілдетсе, онда мұндай шешім жеңіліс емес, ортақ ұтысқа айналады.
Орталық Азия соңғы жылдары бұрынғыдан әлдеқайда көп келіссөз жүргізетін аймаққа айналды. Бір кезде әскери бекеттер тұрған жерде бүгінде жол салынып жатыр. Бір кезде шекара дауы саясаткерлердің бас ауруы болса, бүгінде ол инженерлердің, құрылысшылардың және экономистердің жұмысына айналып келеді. Бұл – аймақтың есейгенінің белгісі. Халық даналығында «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Бүгінгі Орталық Азия саясатында бұл сөз бұрынғыдан да өзекті. Өйткені шекарадағы тыныштық – елдің қауіпсіздігі ғана емес, бүкіл аймақтың болашағы.
Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмайды. Бірақ Астананың үнсіздігі асығыстыққа жол бермейтін дипломатиялық ұстаным ретінде де бағалануы мүмкін. Өйткені шекара мәселесінде қабылданатын әр шешім бүгінгі ғана емес, келесі бірнеше буынның қауіпсіздігіне әсер етеді.
Қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Ал ынтымақтың алғашқы баспалдағы – сенім. Бүгінде Орталық Азия елдері дәл осы сенімді шекарадан бастап қалыптастыруға талпынып отыр. Бір кездері дау мен дүрдараздықтың символына айналған шекара енді өзара түсіністік пен ортақ дамудың көпіріне айналса, одан ұтылатын ешкім жоқ. Керісінше, ұтатын – тұтас аймақ. Өйткені шекарадан жеңімпаз іздеген мемлекет көп нәрсе жоғалтуы мүмкін. Ал шекараны келісіммен бекіткен ел ғана көршімен де, келешекпен де ұтады.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































