Соңғы кезде әлеуметтік желі беттерінде, бүгінде көзі жоқ қазақтың ақиық, абадан ұлдары жөнінде, жөнсіз жамандаулар, бет албаты даттаулар бел алып барады. Өткенде біреулер аяулы ақындарымыз Мұқағали Мақатаев пен Жұбан Молдағалиевті «сорлы» депте айтып салды. Бұл аздай, Д. Қонаев, Ж. Тәшенов, Н. Оңдасынов тб мемлекет қайраткерлерінің елі мен жері үшін жасаған еңбектерін жоққа шығарғысы келіп, «оның бәрі миф» деп жүргендерде пайда болды. Тіпті оның ар жағындағы алаш арыстарынада тіл тигізгендер жетерлік. Мұның бәрі нені білдіреді? Білімсіздік пе, көре алмаушылық па, әлде сананың жетілмегендігі ме? Бәлкім арандатушылық болар. Білмедік. Әйтеуір, өз ұлтын жек көретіндердің қарасы молайып бара жатқандай. Бұл тенденция жақсылыққа жетелемесі анық. Сол Қонаев та, Тәшенов та тағыда басқалары бағзы заманда емес, кеше ғана өмір сүрді емес пе! Көз көргендер әлі тірі. Бәрі қаттаулы тұр. Олар, қызыл империя тұсында ел тізгінін ұстады. Қал –қадірлерінше ел үшін, ұлт үшін, жер үшін қызмет етті. Күрделі тұлғалар. Кем-кемшлігі де болған болар. Қызметте жүріп, амалсыз қылышынан қан тамған империяға қарсы келе аламаған кездерде болған шығар. Оның бәрін бүгінгі күннің көзімен таразылап, «әйтпеді, бүйтпеді» дей беруге болмайды. Сол заманның ызғарын жан –жүрегіңмен сезін, сосын барып айтарыңды айт. Батырымен бағланын бағалай алмаған елде даму емес, іштен іріп –шіру болады. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды» деп ұлы жазушыларымыздың бірі Әбіш Кекілбаев бекер айтқан жоқ. Барымызды бағалайық, барымызбен мақтанайық, ағайын!
Азаматхан ӘМІРТАЙ