Home Руханият АРЗАН МАХАББАТТЫҢ АЗАБЫ КӨП

АРЗАН МАХАББАТТЫҢ АЗАБЫ КӨП

285

    Жұмыр жердің бетінде таласып-тартысып ғұмыр кешіп жатқан адамдардың  ауа жұтып, ауыздары астан босаған соң, ең көп айтатын сөздерінің бірі – «махаббат» сөзі.

Махаббат туралы дастан да, өлең де, ән де, хисса да, ертегі де, аңыз да, тарихы да, әр түрлі тілде айтылғанмен, барлық елде бір-біріне ұқсас. Кейіпкерлерінің орнын ауыстырып, атын өзгертіп махаббат машақатын үздіксіз, үзіліссіз, тоқтаусыз, күн демей, түн демей, жыл-он екі ай  жырлай береді. «Батырлық, байлық кімде жоқ, Махаббат жөні бір басқа»  деп, ақынның аузынан, әншінің даусынан, балалардың тақпағынан, қазанның қақпағынан, аттының есебінен, тондының төсегінен «махаббат» сөзі табыла кетеді. Тіпті ана бір жобаны жүргізетін тәлпіш қыз таңауын көкке көтеріп, «Махаббаттарыңыз мәңгілік болсын!» деп аптасына алты рет ақ батасын беріп жатады. Жоспарлы махаббаттың жолы қысқа: желөкпе жігіттеріміз бен құбылмалы тәлпіш қыздарымыз есеппен үйленудың әліппесін үйреніп, босағасы берік үй болуды ойлап жатқан жоқ. Еркек пен әйелдің басы қосылып, бала тапқанын жарнамалап, сезімге беріліп сергелденге түскендерді «махаббат» сөзімен ақтап алып жатамыз. Осындайда ой туады: «махаббат» сөзін тура мағынасында түсінбей, ауыспалы мағынасына арқа сүйеп адасып жүрген сияқтымыз. Әуелі даналық ойдан дән іздеп көрейік.

Мұсылман дінінің атақты қайраткері, «Диуани хикмет»  еңбегімен түркі әлеміне рухани азық сыйлаған ғұлама ақын Қожа Ахмет Яссауй адамзатты толғандырған сұрақтарға жауап берген. Айталық, адам Алланың тұтастығынан бөлініп жаралған бола отырып, қайтадан тұтастыққа, Алламен рухани бірігуге дайын болуға тиіс деген. Бұл ұлы сезімді ақын Махаббат деп атайды. Ендеше, махаббат дегеніміз – Хақ  Тағалаға сенім, онымен рухани бірлікке ұмтылу. Сондай махаббат ғана нағыз пәк, берік болмақ. Бір сөзбен айтқанда, махаббат – Алла мен адамдар арасында ғана орын алатын сенім мен сезім байланысы. Дін ғұламасының сөзін кемеңгер Абай да растай түседі. Ол: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» дейді. Ұлы Абай осы бір ойын одан әрі қарай тереңдете түседі де: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дейді.  Адам баласы Алламен арадағы махаббат пен сенімді жоғалтып, Алладан  алшақтап кеткен сон, «өзі үшін оттайтын» хайуанға  айналады дегенді астарлап жеткізіп тұрған сияқты.

Аллаға деген махаббатымыз азайғанда, әлсірегенде, жоғалғанда жарқын өміріміз қасіретке толып, азып-тозып, азғындап, адамдардың ниеті, пиғылы, құлқы, жүріс-тұрысы, мақсат-мүддесі бұзылып заман қайшылықтарын тұғызады екен. Сондықтан, «махаббат» сөзіне үлкен мән беріп, аласартпай, ана жерге бір, мына жерге екі тықпалай бермей, абайлап аса сақтықпен, құрметпен қарауымыз керек сияқты. Өйткені махаббат – Аллаға барар жолдағы  алтын көпір, біз айтып жүргендей майда-шүйде, кәкір-шүкір емес.  «Махаббат» сөзі Алла мен адамдар арасын жалғастырып тұратын болғандықтан, адамдарға қалатыны – ғашықтық, құмарлық, сүйіспеншілік, сыйластық, құштарлық, ынтызарлық, жақсы көру, ұнату т.б. ғана.

Мына бір лирикалық шегініске жол берейік. Қазақ әдебиеті тарихында ана тақырыбына алғашқылардың  бірі болып қалам тербеген – Ыбырай Алтынсарин. «Ананың сүюі» атты өлеңінде түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп асыраған, еркелетіп өсірген, жалқаулық пен жамандықтан сақтандырған, елгезек етіп тәрбиелеген ананың ұшаң-теңіз еңбегін қарапайым өлең жолдарымен жеткізеді.  Ұлы ағартушы өз өлеңін  «Ананың сүюі» деп атаған. «Махаббат»  сөзін білмеді емес, білген. Ұлы сезімге сызат түсірмей ұқыпты қарап, «Ана махаббаты» деуден бас тартқан сияқты.

Махаббаттың өз үні, өз күйі, өз машақаты  бар. Заманынан қарай өзгеріп отырады.  Айталық, ХІХ  ғасыр: бір қыз үшін екі еркек  дуэльге түскен. ХХ ғасыр: бір қыз үшін үш еркек дәулетін шашқан. ХХІ ғасыр: бір еркек үшін төрт әйел жұлысады.  Махаббат деп ән салып, махаббат деп тамсанып жүріп талай нәрсені бүлдіріп жатырмыз. Ғашықтықтан туған махаббатты ермекке айналдырып, Алланы да алдаймыз. Арзан махаббаттың азабы көп болатынын ескере бермейміз. Қазіргі таңда некені бұзып, ажырасып жатқандардың сайда саны, құмда ізі жоқ.  Статистикалық деректерді алға тартып, онсыз да көзге ұрып тұрған соң, жұрттың басын қатырмай-ақ қояйық.

Біздің айтайын дегеніміз, махаббат үлкен есеппен алғанда адами сезім емес, Құдайлық сезім, адамдарда осы сезім қаншалықты мол болса, адам Құдайына соншалықты жақындай түседі. Адамның махаббаты алдымен Жаратушыға, одан кейін ата-анасына, сүйікті адамына, балалары мен туыстарына бағышталуы тиіс.

Бір күні махаббат пен достық кездесіп қалып, әңгіме –дүкен құрыпты. Өзіне аса сенімді махаббат достықтан сұрапты: «Мен саған қарағанда жағымдырақ, сенен сүйкімдірекпін. Дүниеде сен не үшін қажетсің?»,-деп.  Сонда достық: «Сен кеткенде артыңда қалған көз жасты сүрту үшін!»,-депті. Сол айтпақшы, адамдардың бақыты махаббат төңірегіне құрылмағандықтан  әр үйдің  көзге көрінбес көз жасы болады. Арзан махаббаттың айналасында жүргендер түптің-түбінде азабын көріп, көз жасын көлдетпей қоймайды.

Азат елдің асқақ арманын әуелеткен «Көк тудың желбірегені»  әнінің авторы Үрімшіде  ота  кезінде көз жұмғанда,  классик жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Қарағым-ай, ота үстінде өлтіретін хирургтер өзімізде де  табылатын еді ғой»,-деген екен.  Бізде бәрі де табылады: қатынталас, байталас, дүниеталас, түкке тұрғысыз түрік сериялдары  да. Әсіресе, арзан махаббатқа көміліп жатқанымыз қайбір оңған тірлік дерсіз.

 

 

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

білім беру ісінің құрметті қызметкері

Түркістан облысы

 

Алдыңғы жазбаАзия чемпионаты: Спортшыларымыз 20 алтын медаль жеңіп алды
Келесі жазбаҚазақстан халқының саны жарияланды