Орал қаласының прокуратурасы қалалық жұмыспен қамту орталығын тексеру барысында «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Орал қаласы прокурорының орынбасары Алмас Оңаевтың мәлім еткеніндей, гранттың 14 қатысушысы ақшаны мақсатты пайдалануды растау үшін бұрын союға жіберілген, туыстарына тіркелген үй жануарларын сатып алу, ұсақ малды сатып алу туралы жалған құжаттарды, тауарлық чектерді ұсынған.
Осылайша, бизнес-жоба үшін грант алған адамдардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмағаны анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесі бойынша сот тәртібімен 8 қатысушыдан 5,1 млн теңге мөлшерінде соманы өндіріп алу туралы талаптар қанағаттандырылды. Солардың екеуімен 2,4 млн теңгені қайтару туралы бітімгершілік келісім жасалды. Тағы төрт адам берілген гранттардың сомасын мемлекеттік бюджетке ерікті түрде өтеп жатыр. Күні бүгін 6 тұлға мемлекеттік бюджетке құны 4 млн теңгеден астам сома болатын, іске асырылмаған грантты қайтарды», – деді А.Оңаев.