Батыс Қазақстан облысында үш аудан әкімі лауазымына 9 үміткер тіркелді.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясы мәлім еткендей, кандидаттарды тіркеу 10 қазан күні жергілікті сағат 18.00-де аяқталып, үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті.
Бөкей ордасы ауданында «AMANAT» партиясы ұсынған, осы кезге дейін аудан әкімі қызметін атқарып келген Нұрлыбек Даумов, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған Нарынбек Кереш пен Мейрамбек Ғилманов тіркелді.
Қаратөбе ауданында «AMANAT» партиясы атынан, осы кезге дейін аудан басшысы болған Қадыржан Сүйеуғалиев, өзін-өзі ұсынған Ермек Сайынов пен Қанат Мұқанов додаға түспекші.
Тасқала ауданында «AMANAT» партиясы атынан аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарған Талғат Шәкіров, «Қазақстан халық партиясы» атынан Бекжан Тоқжанов және өзін-өзі ұсынған Мэлс Нарықов үміткер болып отыр. Аталған аудан әкімдерін сайлау 5 қараша күні өтеді.
«Кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін арнайы 62 орын бөлінді. Орталық сайлау комиссиясы берген форматқа сәйкес кандидаттар туралы қосымша ақпараттық стенділер учаскелік сайлау комиссияларында орналастырылады. Бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп істейді және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. 4 қараша күні сағат 00.00-де аяқталатын үгіт-насихат жұмыстары үшін үміткерлерге барлық жағдай жасалды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір ауданда әкім сайлауына бірден 7 үміткер түсіп жатқанын жазған едік.