Сонымен Үкіметтің тізгінін Олжас Бектенов ұстады. Ал, бұрнағы Үкімет басы Смайыловтың кезінде министр болғандардың кем дегенде 80 пайызы өз орындарын сақтап қалды деуге болады. Алайда, Смайыловтың кезінде ештеңе қатырмаған министрлер жаңа премьермен дәм-тұздары жараса ма? Оны уақыт көрсетер.
Олжас Бектенов заңгер. Өз саласын жетік білетін шығар деп ойлаймыз. Оның үстіне көп жерде жұмыс істеген. Биілік дәліздерінің қыр-сырын, қулық- сұмдықтарын жетік біледі. Әбден ысылған. Тәжірие бар. Оның үстіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып қызмет атқарған. Президент Қасым – Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновты неге таңдады дегенге келсек, жаңа премьерді «Аманат» партиясы ұсынғанымен, әу баста президентпен келісім болғаны белгілі.
Сондай-ақ, Бектенов президент әкімшілігін басқармай тұрып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен келген адам. Елдегі жемқорлықтың қай деңгейде екенін және онымен қалай күресу керектігін білетін азамат. Реформаторлық қасиеті бар. Президент апаратында біршама өзгерістер жасады. Оны көз көрді. Демек енді Үкіметтеде реформа жасау керек.
Өйткені Смайыловтың кезінде кейбір минстрлер премьердің сөзін жүре тыңдап, айтқанын орындай бермейтін. Яғни Смайылов өз сөзін министрлерге өткізе алмайтын. Ал, ендігі жағдай өзгеше болмақ. Өйткені Олжас Бектеновке әр министрдің қыр-сыры белгілі. Тіпті әр бірінің үстінен компроматы болуыда мүмкін. Қалай десеңде жемқорлықпен күрестің ортасынан келген жан ғой. Демек, ендігі кезде Үкіметте тәртіп орнары хақ. Сондай-ақ алдағы уақытта сыртқа кеткен активтерді қайтару жалғаса бермек. Бұл мәселені жаңа премьер қатаң қолға алары анық. Себебі 220 триллион теңге (шамамен 500 млрд доллар) аз ақша емес. Мемлекетті алға сүйрейтін қаржы. Демек осы мәселемен түпкілікті айналысатын қатаң басшы Тоқаевқа керек болғаны анық.
Жаңа Үкімет басынан не күтуге болады? Ең бастысы мұнай мен газға сүйеніп қалған ел экономикасын әр тараптандырудың жаңа бағдарламасы жасалғаны керек. Қымбатшылықты тұсаулап, инфляцияны ауыздықтау қажет. Отандық өндірістерге демеу болуы тиіс. Сыртқы экономикалық байланысты ұлттың мүддесіне сай реттеуі керек. Сонда ғана Олжас Бектенов өзіне берілген сенімді ақтауы бек мүмкін. Ал, әзірге, «асатпай жатып, құлдық» демейік.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы