Home Жаңалықтар Мақсатым табиғатты қорғауды ту ететін партия құру

Мақсатым табиғатты қорғауды ту ететін партия құру

45

Мен  төмендегі  жазбамды  жақында  орысша  жолдаған кезде  кейбір азаматтар  «түсінбедік,  қазақша  неге  жазбайсың әлде  ана  тіліңді  білмейсің  бе?»  деген секілді пікірлер  жазды. Мен  ауылда  туып-өскен  баламын. Ана  тілімді  жетік  білемін. Туған  тілімнің  қыр-сырына  мейлінше  қанықпын. Өкіншіке  орай  біз  өмір  сүріп  отырған  қоғам қазақ  және орыс  тілділер  болып  бөлінген  соң,  кейде ойыңды екі  тілде   жеткізгің келеді. Өйткені  алға  қойған  мақсатымды  барлығы  бірдей  түсінгенін  қалаймын.  Өз  тілімді  шетқақпай  ету деген  бөтен  ой  жоқ. Қажет  болса ағылшын  тілінде  де  өз  ойымды  жетік  жеткізе  алатын азаматпын. Төменде жақында  әлеуметтік  желілерге  орыс тілінде  (СОЗДАТЬ ПОЛИТИЧЕСКУЮ ПАРТИЮ НА ПЛАТФОРМЕ ЗАЩИТЫ ЭКОЛОГИИ
КАК ВЫ ДУМАЕТЕ НУЖНА ЛИ НАМ ПАРТИЯ ЗЕЛЕНЫХ? (часть 2))  жазған мәлімдемемді қазақшалап  беріп  отырмын.

 

Мақсатым табиғатты қорғауды ту ететін партия құру

(ЖАСЫЛ ПАРТИЯ КЕРЕК ПЕ?)

Экологияшыл адам vs ақша десе өлетін адам

Әлемді капитализм жаулап алды. Капитализмнің бар мақсаты – байлық, материалдық құндылық. Капиталистің де капиталисі бар, әрине. Біреудің аздаған адамгершілігі бар, ол әлеуметтік жобаларға жақын, біреу өзінің байып алғанын өзінің ерен жетістігі, ерекше қабілеті санайды, ал кедей адам – жетістікке жете алмады, бұл да заңды, деуге болар.

Алайда, капитализмде жүрек жоқ. Ақша – адамгершіліктен жоғары. Адамзатты дүние-мүлік, материализмге деген өлермендік құртады. Бұл бізге төніп тұрған үлкен қауіп.

МАҒАН ақша, байлық пен билік, жайлылық ҚАЗІР керек дейтіндер бәрімізді адастырып жүрген жоқ па? Адам адамға шынымен де қасқыр ма? Бір байдың одан сайын байи түсуі үшін жұмыс істейтін кедей-кепшіктің қарасы барған сайын артып барады, зауыттар салынып, құбырлардан шығатын түтін қоюлана түсуде. Билік ірі бизнеспен ауыз жаласуда, өйткені ірі бизнес – қала құраушы элемент. Осылайша капитализм экономикадағы бүтін бір салалардың қозғаушы күшіне айналып келеді. Материалдық дүниеге құныққан капиталист өзін қоршаған ортаға үлкен қатер төндіруде.

Ірі өнеркәсіптік жобалар бір қарағанда халыққа жұмыс беріп, нәпақамен қамтамасыз етуде. Бірақ ондай ірі кәсіпорындардың қожайындары кім? Көбінесе капиталы асып-тасып жатқан олигархтар. Олар сол ақшасын көбейту үшін одан сайын жанталасып жүрген жоқ па? Олар ақшасын адам капиталына емес, жаңа зауыт-фабрикаларға, басқа да өнеркәсіптік салаларға салады. Ондай олигарх-капиталистер үсті-үстіне байи түсуді ғана көксейді. «Жаңа зауыт ашсам ба екен, әлде ауаны қашанғы ластаймыз, зауыт ашпай-ақ қояйын ба?» деген таңдау берсеңіз, олардың зауыт ашу жағын таңдайтыны шек келтірмес. Ал шын мәнінде, халықтың жұмыс пен жалақымен қамтамасыз етілуі жай ғана шартты сылтау, өйткені сол халықтың сол жерде өмір сүретін болашақ ұрпақтарының тағдыры одан да ауыр болатынына ешкім мән бермейді.

Ешбір дағдарыстарға қарамастан, Қазақстанда олигархтардың бизнесі жылдан-жылға өсіп келеді. Мүмкіндігі мол олигархат ақшасының арқасында билік тарапынан да шексіз қолдауға ие. Зауыт үшін жер алады, кеніштерді де бірінен соң бірін емін-еркін ашуда. Экологиялық қауіпсіздік мәселесі оларды онша толғандырмайды. Біз осындай сәттерді нақты анықтап, оған жол бермеуге бар күш-жігерімізді салуды мақсат етпекпіз.

Біздің саяси тірегіміз – экологияны қорғау. Ол әлеуметтік, интеллектуалдық және тәуелсіз дискурсқа сүйенеді. Біз қоршаған ортаға зиянын тигізетін, экологияға қатысты жайттарды техникалық жағынан да, масштабты жағынан да жетік білеміз. Бір прогресске қарсы емеспіз, бірақ орны толмайтын экологиялық олқылықтардың алдын алуға көмектесетін кеңесімізді бере аламыз. Біздің саяси жобамыз әлі де жетіп-пісіліп, толысуы керек, халықтың сеніміне жету үшін әлі алдымызда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз әлеуметтік бағыттағы саяси жобамыз. Өкінішке қарай, қоғамдық бірлестік ретінде атқарған жұмыстарымыз діттеген нәтижелерге қол жеткізетін тетік бола алмады. Сол себепті біз саяси жолға түстік, осы арқылы қомақты нәтижеге жете аламыз деген үміт бар. Біз үшін әлі бәрі алда, деп білеміз.

Біздің қатарымызда түрлі мамандар бар, қаржыгерлер мен экономистер, өндірістің жұмысшылары, басқарушылар мен саясаттанушылар, басқа да көптеген ниеттес-азаматтар бар. Бізді экологиялық ойлау идеясы, ақылмен, әділетті жолды таңдау еркіміз біріктірді. Біздің басты байлығымыз – таза ауамыз, балалардың денсаулығы мен тамаша табиғатымыз. Бұл бізге ата-бабамыздан қалған қастерлі АМАНАТ деп білеміз, сол аманатты өзіміздің болашақ ұрпақтарымызға жеткізу біздің парызымыз емес пе?

Құрметпен,

Азаматхан Әміртай

Алдыңғы жазбаЭлизабет Тұрсынбаева «Төрт құрлық жарысында» мәнерлеп сырғанаудан күміс жүлдегер атанды – Спорт
Келесі жазбаАдам денсаулығына зиян радиация деңгейі жоғары смартфондар аталды – Гаджеттер