– Ұлтымыз қандай ұранның, ұлттық мүдденің айналасына топталуы тиіс?
– Меніңше, қазақтың сонау көшпелі дәуірден бастап ұлт боп ұйығанға дейінгі ұзақ кеңістікті қамтыған және сол кездегі ұлттың рухани тағдырын, экономикалық жай-күйін, психологиясын, тұрмыстық қарым-қатынасын, жерін, сонымен қатар барлық отарлаушылықтың езгісіндегі және одан толық тазарудың, рухани тәуелсіздіктің жолын межелеп берген, ол – Біртұтас Алаш идеясы. Әлихан Бөкейхановтың ұстанған саясаты мен және «Алаш» партиясы, «Алашорда» кеңесі, «Алашорда» үкіметі жасаған бағдарлама кеше де, бүгін де, ертең де қазақтың тәуелсіз мемлекетінің алдындағы ұлы мақсат, ұлы мүдде осы және онда ұлтымыздың бойындағы барлық мақсат-мүдде қамтылған деп ойлаймын. Әрине, сол Әлихан Бөкейхановтың өзі атап көрсеткеніндей, сол идеялардың негізін ала отырып, ұлы жүлгесін сақтап заманға, дәуірге қарай, жағдайға қарай үйлестіріп қолдану керек.
Біз сол ұлттық идея мен ұлттық мүддеден ұзақ уақыт ажырап, тылсым кеңістікте өмір сүрдік. Қазір де сол кеңестік тылсымның кеңістігі бізді іштей де, сырттай да рухани басыбайлылықтың ауасымен тыныстауға мәжбүр етіп отыр. Бұл созылмалы дерт үзілмей келе жатыр. Бұрын да айтып жүргенімдей, біртұтас Алаш идеясын біздің мемлекетіміз негіз етіп алуы керек. Ол идеяда мемлекетке, қоғамға, ұлтқа, жеке адамға ортақ және бәрінің арманы, мүддесі, қиялы рухани дүниесі қамтылатын мәселе болуға тиіс. Осыдан кейінгі маңыздысы – жер, жер және жер. Ол мемлекеттік құрылым, күнкөріс, тіршілік, тыныстайтын ауа, өмір сүретін орта. Ұлттың өз ішінде емін-еркін айналуына мүмкіндік беретін кеңістік. Қазір бұл мәселе біз үшін сауданың құралына айналды. Мысалы, бүкіл қазақтың асқақ арманының белгісіндей болған Хантәңірінің бауырына барып, ауасымен тыныстап, еркін аралаймын десеңіз қатты қателесесіз. Өйткені ол жердің әрбір тасы, бұтасы мен сай-саласы жекенің меншігінде. Әрқайсысында қолына мылтық ұстаған бір-бір күзетші. Сіз жолдың шетінде тұрып бұлт басқан Хантәңірін көздің қиығымен ғана шалып өте аласыз. Өзі жатсынып тұрған асқар шыңға сіздің қандай сезіміңіз оянуы мүмкін. Сол сияқты Көкшетау, Жұмбақтас секілді көздің жауын алатын жерұйыққа табанды еркін басу мүмкін емес.
- Бұл – өз Отаныңа, жеріңе жатсына қарауға әкелетін сияқты..
- Иә. Қазақ ақындарына қайран қаламын. «Туған жерім», «кең далам», «Сарыарқам», «Атырауым» деп жырлайды. Егер де әрбір жер иесі сол ақынды сотқа берсе, жеңеді деп ойлаймын. Өйткені Атырау, не болмаса Сарыарқаның қай төбесі қай ақындікі?
Екінші, жердің асты-үстіндегі қазынасы бола тұра, өзін-өзі асырай алатындай экономикалық тәуелсіздікке жетпеген ұлт өзгеге көзін сүзуден ешқашан қол үзбейді. Телмірумен күні өтеді. Идеология мәселесі де осы секілді. Біз идея емес, идеологияға біріктіруге құштармыз. Ал идеология дегеніміз – белгілі бір топтың, партияның, белгілі бір саясаттың шеңберіндегі мәжбүр ету құралы. Заңның әр бабы, тармағы сол тәуелсіз елдің мүддесін қорғауға тиіс. Асыра айтты демеңіз, Қазақстанда шыққан заңдардың ұлттық, экономикалық, қоғамдық қарым-қатынастарды дәл анықтап беретіндей немесе соған шек қоятындай беделі бар деп айта алмаймын. Бір заңға мың түрлі түсініктеме қажет. Тіпті кей мәселелерді конституциялық соттың өзі шеше алмай, түсінік беруге тура келіп жатыр. Сонда ол заң не үшін қабылданды? Жалаң, өмірге негізделмеген, ұлттық дәстүр мен салт, ұлттық экономикалық мүдде, ішкі және сыртқы қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген және оны тура анықтап бере алмайтын заң, қандай заң?