Германия Украинаның Ан-196 «Лютый» ұшқышсыз соққы жасаушы аппараттарын (БПЛА) өндіруге 100 миллион еуродан астам инвестиция бөлетін болды. Мұны еуропалық әскери-индустриялық кешен мен украиндық тәжірибенің стратегиялық симбиозы десек болады. Аталған жоба Украина үшін екінші тынысты ашатын мүмкіндік боласа, Германия үшін Ресей агрессиясына қарсы ұзақмерзімді тұсау салатын мүмкіндік болып тұр.
Ан-196 бұл ұшқышсыз камикaдзе дрон. Салмағы 200 келіден асады, 75 килограмдық соғыс бөлігімен жабдықталған. Басты ерекшелігі 2000 шақырымнан астам жерге еркін ұшып барады.
Украина «Лютыймен» майдан шебін ғана емес, Ресейдің терең тылындағы нысандарға соққы жасап, атой салғанын білеміз. Бұл ретте 2023 жылы Қырымдағы Перевальное әскери базасына жасалған шабуылды еске алсақ жетіп жатыр. Аталған дронның тағы бір ерекшелігі ПВО жүйесін айналып өтетін автономды интеллектке ие.
Бүгінгі таңда Украина өзінің әскери стартаптарымен, нақты соғыс жағдайында сыналған инженерлік шешімдерімен НАТО-ға мүше елдердің басты серіктесіне айналып отыр. Spiegel журналының Украина бүгінде тек «алушы» емес, «технология беруші» елге айналғанын айтып, өз бағасын берген-ді. Украина қарулы күштерінің соғыс тәжірибесі, әскери инженерлік инновациялары, әсіресе дрондық соғыс саласындағы жетістіктері Еуропаға ауадай қажет.
Қазіргі таңда Украина Ресей ПВО жүйесінің әлсіз тұстарын анықтап, дрондарды соған қарай бейімдеуде. Соғыс созылған сайын Ресей техникалық тұрғыдан титықтаса, Украина технологиялық үстемдікке ие бола бастағанын көріп отырмыз. Осылайша Украинаның дрондары әскери логистика мен қорғаныстың классикалық үлгісін бұзып жатыр.
Ал Еуропа елдері болса, Украинамен әскери интеграцияны дамытып бір оқпен екі қоянды атуды көздеуде. Біріншісі, Ресейге қарсы тұрақты қорғаныс шебі қалыптастыру. Екіншісі, жаңа буын қару-жарақ өндірісін диверсификациялау. Алдағы уақытта Украинаның Ан-196 жобасы Германияның да, Францияның да, Балтық елдерінің де мүддесіне қызмет ететін болады.
Жоба сәтті іске асса, Украина жақын арада Еуропаның ұшқышсыз технологиялар орталығына айналатыны сөзсіз. Олар дрондарды экспортқа шығарып, жаңа модификациясын жасайды. Тіпті AI арқылы басқарылатын нұсқалары да іске қосуы да мүмкін. Украина бұл арқылы тек майдан даласындағы ғана емес, қару-жарақ нарығында да ойыншыға айналатын мүмкіндікке ие.
Нурлан Жумаканов (ФБ парақшасынан)