Үндемей-ақ қояйын деген едім, осындай жанашыр оқырман-достарым қисын сұрап жатқасын, жауап жазбасам болмас деп ойладым.
Оның үстіне фейсбук – жәй бақылап отырған алаңым емес, алпыс мың оқырманым бар, қаншама адам сеніммен тіркеліп, қызығушылықпен тақым қысып отырған, ТОП ондықта тұрған тұғырым ғой.

Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ.
Күтілген нәрсе, баяғыдан бар – ақпараттық көкпар, дуылдасқан пікір додасы ғана.
Өзіміз Құдайдан сұрап алған – пікір еркіндігі, сөз бостандығы, ой-тұжырым алуандығы деген осы емес пе?!


Біреуді жамандасақ, жер-жебір, жекен суына жетіп, ақырында “елден көш, болмаса соттаймыз немесе өлігіңе куә болайық” деп, ана дүниеге апарып тастаймыз.




Онда тұрған не бар. Ісіңді әуелі өзің жақсы көресің, сол үшін жасайсың. Өзің үшін пайдалы көріп жасаған шаруа ғана өзгеге шуақ түсіреді. Өзің үшін ұнатып істемесең “көңілсізден кө’сіз бала туады“…

Бірақ, көңіл деген бар. Ерке жазушы ғой, біразымызды жек көріп, еліне еркелей ренжісе не бопты?!
Қаншама пайғамбар бар, қауымынан көңілі қалған. Қаншама хандар бар, батыры бағынбай, билері қисық сөйлеп, қазысы сатылып, қауымы ынтымақтаспай қойған?!
Бейбарысты бала кезінде сатып жібергенбіз, Абайды ұрғанбыз, Махамбетті өлтіргенбіз, Кенесарыны қиғанбыз, Алаштың арыстарын ұстап бергенбіз.



Қой, жігіттерге неге ренжисің деп айта алмаймыз. Ақын. Түсінеміз. Бірақ, сол ақынның жанын күйдіріп жазып кеткен жырын қаншама қазақтың бүгінгі жігіттері жалау ғып көтеріп жүр…

Ел деген – тек сүйген оқырманы ғана емес, жүйеге жүгенделген жазушылар, ақындар, ғалымдар. Болыспаған қаламгерлер.
Мәселе ренжігенінде емес, ренжіткенімізде. Мен соған акцент бердім. Ренжіте берсек, әлемдік деңгейдегі Мағауин ғана емес, мектепті жақсы бітірген бала да елде қалмайды. Қадірін білетін, қанын ішпейтін, қаржысын төлейтін, қақысын жемейтін жерге тайып тұрады.



Тапса бала сияқты қуанады. Ол сөзге жабысып қажеті жоқ. Замандасына кейімеген, айтқанымды ұғып, ақиқатты тани қоймадың деп қауымына , барғанда қадірімді қатты біле қоймады деп жерлестеріне, дұшпаннан таяқ жегенде болыспадыңдар деп, дос-туғанына, елге көрсеткен құрметті маған қимады деп билікке ренжімеген шығармашылық өкілі кемде-кем. Олар солай, ренжіп жүріп, риза қылады, кейіп жүріп қуантып кетеді. Эмоциясыз жазушы, мінезсіз ақын болмайды. Мінез болса ренжисің, эмоцияға берілсең артық кетесің…
Абай да ренжіген, Мағауин де ренжіген, бір жерімізге қарамай біз де кейде ренжиміз..

“Қашудың да екі түрі бар.
Кісі қақысын жеп, заңнан аттап, қандай да бір қиянаттан қарабет боп қашу бар.
Екінші, пайдалы ғылым жасап, жүйкеңді сақтап, танымды кітап жазып немесе отбасыңды дамитын ортаға апару үшін, ырду-дырдудан, бірлі-жарым дұшпаннан, қадірлеймін деп қадірлі уақытыңды жейтін парықсыз ортадан қашу бар.
Менің Мағауин атам жайлы айтқаным сол екінші “қашу” еді. Пиғылы дұрыс жанның бәрі солай түсінді, жақсылық қимағандар ғана сөзімді бұрмалап, астар беріп, оқырмандарды арандатты.

Жәй нәрсе емес, “таяқ жеуге” тұрарлық себептер…

Алла қолдап келе жатқан, елге пайдалы екенімді түсінер уақыттары болды. Бірақ, “барды емес, іздегенін көретін” бәтшағарларға не айта аласың?!
Ақты ақ, қараны қара деп білетін, сұңғыла жандар бәрін ұғынып отыр. Бірақ, олар белсенді емес, қара ниетті топтар ғана айғайшыл, арандатқыш, жөнге салғыш…

Ақпарат алаңында майдан ашып ап, бір-бірімізді аяусыз атқылап жатырмыз. Жарықшағы оқырмандарды оңдырмай жатыр. Елден обал!
Мені де қарсыласуға, рухани соғысуға шақырып, ортаға тартқалы қашан?!
Бірақ, мен Алла үшін сабыр қылам деп шештім. Алла берген ақындық дарыннан бір қазақтың баласына зияным тиіп, жаны жараланбай-ақ қойсын!
Ұлтымның ұлын, қазақтың қызын сөзден жеңіп, тұқыртып, дофамин алмай-ақ қойдым…

Ақпараттың тасқынында, пікірдің толқынында отырған елден обал. Жанашырды жау, сайқалды саңлақ көрсетіп, бұзғыншы топтар білгенін жасап жатыр…


Себебі, бәрі де өткінші!
Алла берген абыройды пенделер кеміте алмайды, жек көргісі кеп тұрған жанды пайғамбар да жанына ерте алмаған. Ары-бері, жоғары-төмен айта береміз. Түпкі нәтиже, істің ақыры Алланың қолында!

Мен айтыстың диірменінен шыққам. Жеңіліп тұрып жеңгем, жеңіп тұрып жеңілгем. Мақтауды да, даттауды ерте естігем. Екеуіне де етім үйренген.
Жүздеген жаман пікір жазылса да ол менің тұлғамды айқындамайды, тек, қабылдап қалған жұрттың жүрегін жаралайды.

Керісінше, инстада екі миллион, ютубта жүз мыңдаған адам жолымды қарап, тілеуімді тілеп, тақымын қысып отыр. Оның бәрі өтірікке ілескен, жалғанға сенген, өресіз жандар ма?!
Әлбетте, олар – дұрыс пен бұрысты ажыратқан, өтірік пен өсекті саралаған нағыз елдің ертеңіне алаңдап, біздің пайдалы ақпараттарымызға құлақ түрген зиялы тұлғалар деп есептеймін!

Біреуді мақтаймыз, біреуге ренжиміз. Сонысымен ерекше, сонысымен елге қызық. Әлеуметтік желінің ең үлкен функциясы да сол – пікір еркіндігі, әркімнің өз қалаған пікірін еркін жеткізуге қол жеткізе алуы.
Яғни, түрлі пікірлердің тоғысқан орталығы. Тек, заңға қайшы сөз айтпасаң, біреудің жеке кеңістігін лайламасаң проблема жоқ.

Еркіндігіміз есерлікке, пікіріміз күпірлікке ұласып кетіп жатқан жоқ па?!
“Ойын білмеген бала шешесінің артын шұқып ойнайды”, “Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды”, “Құлды қойсаң еркіне, күнде тышар бөркіне” боп жатқан жоқпыз ба?!
Тазабекті ТАЗАБОҚ деп, біреудің тегін мазақ қып, “Сақалың сыпыртқыш, намазың тоңқайтқыш” деп, біреудің сенімін аяқ асты етіп, қандай әділдікке жетпекпіз, қандай бақытты қоғам құрмақпыз?!






Зиялы деген орта запыран төгіп, “тазабоқ, мұнафық, сатқын, жәдігөй” деп жауапсыз сөздерден жіберіп жатқан соң, жәй жүрген орта бір-бірін тексіз сөздермен ғана тұздықтап, өзара түрмелік терминдермен ғана тіл қатысатыны түсінікті нәрсе ғой…
“Жаман жақсының жағасынан алдым, деп мақтанар” дегендей, арландар бір-бірін аяусыз талап жатқанда, шибөрілер жан-жақтан ынтыға кеп тісінің қышуын қандыратыны айтпаса да түсінікті!

Е, қоя бер, “ит үреді, керуен көшеді, ертең-ақ ұмытылып кетеді” деп қазақшылыққа саламыз. Ия, керуенге еріп үрген ит бір бел асқан соң қалатын еді, қазіргі интернеттің иті он жыл өтсе де балағыңнан тістеп, парағыңнан шықпай, алдыңды орап, сілекейін жақпаған жері қалмайды. Ондайды бірақ, қазақ: “Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар“, “Ауыруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман” деп айыптайды…
Еуропалық қоғамның әділ қарым-қатынасын, заң үстемдік құрған сипатын аңсаймыз да, соған қиналып жеткен даму кезеңдерін керек қылмайтынымыз өкінішті!


Фәтуа айтатын үлкендер фак ю көрсетіп, “тек” дейтін әжелер тик-токта прикол айтып, чаттарда батыл сөйлейтіндер, жатқанда жеке ұйықтауға қорқып, пікірде боқтап сөйлейтіндер, көшеде тоқтап сөйлесуге шыдамай, сағаттап порно көретіндер, жарының жүзіне жымиып қарауға да жарамай ысыраппен өтіп жатқан уақытты айтсаңшы?!
Туалетте отырып жазған пікірін ту тіккендей көретін мүттайымдар көбейген заманда, расында, кімге, не деп ренжисің?!
Пікір еркін, пенде тәуелсіз болғанға не жетсін?!
Әйтсе де, қауым құндылықтармен өмір сүргенде халық болады. Аузы қисық төрде сөйлеп, ниеті бұзық БАҚты билеп, бүлікшілер бір-біріне күйлеп бастағанда қауым тобырға айналады. Тобыр білгенін жасағанда, тұлғалар тұғырдан таяды. Тұлғасы қор боп, тұғыр тобырға толғанда қауым азаттығынан ажырап, анталаған жаудың астына түседі….
Ал, алыстан жем жеп, жұртына жау сағынған сатқындар сол мезетте тайып тұрады немесе өзі қазған орға өзі жығылып, не дүниеде, не ақыретте жақсылық көрмей Алланың азабына ұшырайды.
Біз қазақ, төтенше жағдайда, қағілез, сыни ойлай алатын, дос пен дұшпанын ажырата алатын ұлтқа айналуымыз керек. Әйтпесе, “өзі сияқты ойламаса, өзгені жау санайтын, қиялында ғана демократ, шынтуайтында кішкентай тирандардан тұратын” қоғамға айнала береміз.
Ол өте қауіпті!
Алла қазақ баласын қамсыздықтан, қаперсіздіктен, қараулықтан сақтасын!
Абайлар, Ахметтер, Мағауиндар тастап кеткен білім иесін тауып, қиаметке дейін көк туы қисаймайтын ынтымақшыл, берекелі ел болуымызды Алла тағдырымызға жазып, бір Өзі қолдасын!
Мұхамеджан Тазабек (ФБ парақшасынан)