«Бастыны идірдім, тізеліні бүктірдім» деуші еді, кешегі көк түріктердің қағандары. Бүгінгі күні, кеше ғана президенттік додаға түсіп жеңімпаз атанған, алайда мемлекет тізгінін (20 қаңтарда ресми түрде таққа отырады) әлі қолына алмаған Дональд Трамп осы көк түріктердің жолымен жүргісі келетінін білдіріп жатыр. Оны оның жасап жатқан мәлімдемелерінен байқауға болады.
Сөз жоқ АҚШ қуатты мемлекет.Әскери әлеуетіне де, экономикалық күш-қуатына да әлемде оған тең келер мемлекет жоқ. Содан болар Трамптың айтқандарыда өктем. Кеше ғана, ол әлемдегі экономикасы жақсы дамып келе жатқан тоғыз мемлекеттің (Ресей, Қытай, Үндістан, Бразиллия, Егпет, Иран, Сауд Арабия, Эфиопия және Оңтүстік Африка мемлекеті) басын құрап отырған БРИКС бірлестігіне кіретін елдерге қарсы сес көрсете сөйледі. «Егерде АҚШ долларына балама валюта енгізер болсаңдар я болмаса доллардан бас тартсаңдар біздің елге келетін тауарларыңа 100 пайыздық баж салығын енгіземін һәм Америка есігі сендерге тарс жабық» деген тұрпатта мәлімдеме жасады. Бұған дейін «Қытай тауарларына 60, Еуроодақ және Мексика, Канада тауарларына 10 пайыздық салық енгізу туралыда ойын айтып, жалпақ ғаламды айран асыр еткен. Трамптың әпербақан мәлімдемелері, ол 20 қаңтарда орын таққа отырған соң жүзеге асатын болса, жалпақ ғаламда аса ауыр экономикалық-қаржылық дағдарыс басталатыны сөзсіз. Ал, одан ешқандай мемлекет тыс қала алмайтыны белгілі. БРИКС –ке келетін болсақ, ол бірлестікте негізгі рөл атқарып отырған Қытай экономикасы соңғы үш жыл қатарынан іркіліске ұшырау үстінде. Үндістанда да сол жағдай. Ал, Ресейдің халі тіпті мүшкіл деседе болады. Батыстың салған санкциясы һәм соғыс Ресей эконоикасын әбден тұралатқаны анық. Тіпті Ресейдің Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина Ресейдің қаржы саласы тығырыққа тірелгенін мойындауы соның бір айғағы. Рубль күн өткен сайын құнсыздану ( доллар мен рубльге байланған Қазақстан теңгесіде құнсыздануды бастан өткеруде) үстінде. Тіпті кейбір Ресей сарапшылары келер көктемде елде дефолт орын алуы әбден мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Демек, осының өзі-ақ БРИКС-ке кіретін мемлекеттердің жағдайы мәз емес екенін көрсетеді. Осы жағдайда тоғыз елдің басын құрап отырған бірлестіктің долларға балама ретінде жаңа валютаны дүниеге әкелуі мүмкін бе? Әрине, жоқ! Әлемнің 60 асқан мемлекеті доллармен тікелей жұмыс істеп отыр, ал қалғаны да осы көк қағазға тәуелді. Өйткені әлемдік экономиканың тегершегі болып саналатын мұнайдың құны осы долларға байлаулы. Қысқасы Трамптың президенттік дәуірінде доллар тіптен күшейе түспек. Ал, тегеуріні мықты доллар өзге жұрттың әлжуаз валюталарын құнсыздандыра түсетіні айдан анық. Демек, Ресей рубльі тұрмақ, өзіміздің теңгеміз осы шатқаяқтаған күйі, алдағы уақытта бір долларға шаққан бағамы 650-700 теңгеге жетіп қалуы бек мүмкін.