Путин Астанада жүргенде, Белоусовтың телефоны шыр етті. «Да» деді Белоусов. «Андрей Рэмович, у нас большие проблемы» деді арғы беттен аптыға сөйлеген генерал. Ол Сириядан хабарласып тұрған еді.
Сирия. 27-қараша. Таң ата Идлиб аймағындағы қарулы топтар Алеппо бағытында жаппай шабуылға шықты. Соңғы төрт жылда бұл аймақ айтарлықтай тыныш еді. Шабуылды «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы бастады, артынша тағы бірнеше топ қосылды.
Жалпы Идлиб аймағындағы топтардың кейбірін ресми, ал кейбірін бейресми Түркия қолдайды. Былайша айтқанда Анкараның проксилері. Қазіргі сәтте Түркия әлемнің екі елінде проксилері арқылы Ресейге қарсы әрекет етуде. Ол Сирия және Ливияда. Ердоған мен Путиннің қол алысып, суретке түсіп, бәрі жақсы деуі «бәрі жақсы дегенді» білдірмейді. Саясат үнемі солай ғой. Бір-бірін құшақтап, қабырғаңды санайды. Геосаясатта үнемі солай болған.
Қысқасы Идлибтегі күштер шабуыл жасаудың сәтті уақытын таңдай білді деуге болады. Асад әскеріне, Иран күштері мен Ресейдің жасақтарына соққы жасауға ең тиімді кезең қазір. Неге?
2020 жылдан кейін Сириядағы соғыс бәсеңси бастады. Мәскеу мен Анкара өзара келісті. Сирия әскері мен оппозиция күштері бақылау аймақтарын шартты негізде бөлді. Идлиб аймағында режимге қарсы күштер бекінді, ірі қала Алеппоны Сирия әскері бақылауда ұстап тұрды. Міне, осылайша төрт жыл өте шықты. Әлем Сирияны ұмыта бастады. Украина соғысы, Газадағы қырғын, Ливандағы сойқан адамзатқа Сирияны қызықсыз етті. Алайда адамзат Сирияны ұмытты екен деп соғыс тоқтап қалған жоқ. Қарулы жасақтар жаңа шабуылдарға дайындалып жатты. Соның бірі Идлибтегі жасақтар, соның бірі «Сирия ұлттық әскері» (Асад әскері емес бұл), соның бірі «Хайят Тахрир аш-Шам» еді. Неге дәл қазір?
Бірінші. Израиль Ливанды атқылап, Хезболланы әлсіретті. Оның басшылары өлтірілді. Сирия жерінде Асадты қолдауға барған Хезболла жасақтары Израильмен басталған соғысқа байланысты Ливанға қайта оралды. Израиль-Хезболла арасындағы шайқаста Хезболла мыңдаған сарбазын жоғалтты (жаралы/қаза тапты), қару қоймалары жойылды және зымыран қоры сарқыла бастады. Хезболлаға қайта күш жинау үшін уақыт керек. Жылдар қажет. Яғни Сириядағы оппозицияға қарсы соғысатын Асадтың бір жақтасы ойыннан уақытша шығып қалды.
Екінші. Асадты үнемі қолдап, қорғайтынның бірі Иран. Иран Сирияға тіпті тұрақты әскерін де орналастырып, базаларға қару-жарақ тасумен болды. Сирия әскеріне қару беруде. Алайда Израиль соңғы 6 айда Сирия жеріндегі Иранның әскери қоймаларын соққылаумен келеді. Бұл Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуымен тікелей байланысты еді.
Үшінші. Ресейдің Украинамен соғысы қыза түсті. О баста Ресей екі фронтта соғысуға қабілетті еді. Алайда ендігі таңда ол Украинамен соғысқа бар күшін салуда. Тіпті сол үшін Солтүстік Кореядан әскер алдыруда. Сирияда аз ғана әскер ұстап, авиациямен ғана көмек көрсетуде. Украинадағы соғысқа байланысты кей кәсіби әскерін Сириядан алып кетті және Донбассқа салуда.
Төртінші. Ресейдің жалдамалы әскері Сирия соғысында маңызды рөл ойнайтын. Асадтың режимін қолдап «Вагнер» жасағы соғысты. Алайда енді бұрынғы «Вагнер» жоқ. Бахмутта қырылып қалды. Кейін бүлік бастады, артынша Пригожин өліп, «Вагнер» үшке бөлінді. Бірі Беларусь жеріне топтастырылды, бірі Украинада, бірі Африкада. Әрине Сирия мен Оңтүстік Америкада да азын-аулақ вагнерліктер бар. Алайда бұрынғыдай біртұтас организм деуге келмес.
Міне, осылайша Асадты қолдайтын күштердің өз мәселелері бар. Бұны Идлибтегі жасақтар жақсы түсінді. Бәрін көріп отыр, бәрін біліп отыр. Ұрымтал сәтті күтті. Ол сәт келіп жеткен сияқты. 27-қараша…
Идлибтегі күштер кеше аса ауқымды шабуылға шықты. Мұндай шабуыл соңғы 4 жылда болған емес. Соңғы ақпараттар бойынша 40-қа жуық елді-мекенді басып алып, Алеппоға жақын қалған. Шамамен 2-3 шақырым. Бір күнде 15 шақырымдай алға жылжыған. Екі базаны басып алып, ондаған бронды техниканы олжалаған. Сирия әскерінің ұшағын атып түсірген видео тарауда. Ресей мен Сирия әскері ұшақтармен соққы жасауда, алайда қарулы жасақтар Алеппоға кіріп үлгерсе, онда шайқас тым ұзаққа созылуы мүмкін.
Айтпақшы Асад Мәскеуге едел-жедел жетіп келді дейді кей ақпарат көздері. Путиннің Астанадан оралуын күтіп отыр-мыс. Осының өзі жағдайдың күрделілігін білдірсе керек.
ПыСы: «Хайят Тахрир аш-Шам» шабуылға негізгі күшінің жартысын қосқан. Операцияның жалғасуына байланысты Сирияның өзге аймақтарындағы күштер де әрекетке көшуі мүмкін.
Асхат Қасенғали (ФБ дағы парақшасынан)