Батыс Қазақстан облысында заңсыз елік аулаған төрт адам ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 2 қараша күні Бөрлі ауданы аумағында болды.
«Бөрлі ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері кешкі сағат 20.20-да Утвинка ауылынан 500 метр қашықтықта «Toyota Hilux» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында автокөліктің салонынан 2 қап еліктің еті, тегіс ұңғылы қосауыз мылтық және оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Қосымша тексеру барысында аталған ауылдың батыс бағытында жануардың 2 ұшасы, 2 тері және 7 аяғы табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Қолға түскен 23, 40, 37 және 46 жастағы тұрғындар бұл әрекетін аң аулауға шыққанымен түсіндірді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігіне (заңсыз аңшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», – деп хабарлады ведомстводан.