Home Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында сүт өнімдерімен қамту өзекті мәселе болып отыр

Батыс Қазақстан облысында сүт өнімдерімен қамту өзекті мәселе болып отыр

41

Батыс Қазақстан облысында сүт өнімдерімен қамту өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің БҚО-ға жұмыс сапары барысында мәлім етілді.

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, өңірде Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.

Оның сөзіне қарағанда, биыл облыста барлық егіс алқабы 606,8 мың гектар болмақ. Осы орайда бидай және арпа егісін оңтайландыру арқылы майлы, мал азықтық және картоп дақылдары алқаптары ұлғайтылады.

Сондай-ақ маусымаралық кезеңде картоп және көкөніс сақтауға арналған 51 мың тонналық 32 қойма бар (75 пайыз). Биыл 18 мың тонналық 4 қойманы іске қосу арқылы қажеттілікті толық қамту көзделуде.

Су үнемдеу тәсілдері арқылы 2023 жылы 9,0 мың га алқап суарылған болса, биыл 11,0 мың гектарға жеткізілмек.

Жыл сайын төрт түлік бойынша тұрақты өсім байқалады. Облыста 33,5 мың басқа арналған (барлық инфрақұрылымдармен жабдықталған) 14 мал бордақылау алаңдары бар. Биыл сыйымдылығы 17,4 мың басқа арналған 7 мал бордақылау алаңы іске қосылмақшы.

«Облыста сүт өнімдерін өндіруге баса назар аударылмақ. Қажеттілік 112 мың тонна болса, қазір соның 25 пайызы ғана қамтылып отыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы («Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға кредит беру» бағдарламасы) аясында өткен жылы 6 млрд теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар биыл 2,8 млрд теңге бөлініп, жалпы 2 700 басқа арналған 6 ірі сүт-тауарлы фермасының құрылысы және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде сүт өндірісі 41,2 мың тоннаға жетіп, қамтылуы 36,8 пайызға жететін болады», – деді Қ.Айтмұхамбетов.

Осыған орай Олжас Бектенов мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына ұдайы қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.

«Биылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау үшін 500 млрд жуық теңге бөлініп жатыр. Тыңайтқыш, сумен қамту және басқа мақсаттарға жұмсалатын шығынның 50 пайызы субсидияланады. Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша қаржы көлемі екі есе көбейтіледі. Сондықтан перспектива бар, белсенді жұмыс жасау қажет», деді Үкімет басшысы.

Бұдан кейін Премьер-Министр «World Green Company» ЖШС жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.

жылыжай
Фото: primeminister.kz

Кәсіпорын директоры Мұрат Ибрагимовтің мәлім еткеніндей, «Бәйтерек» жылыжай кешенінің аумағы – 12 гектар, облыстағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жоба құны 14 млрд теңге болса, өндірістік қуаты – жылына 7,6 мың тонна көкөніс өндіру. 2021 жылы іске қосылған жылыжайда 190 адам еңбек етеді. Орташа жалақы – 216 мың теңге.

«Жылыжай пайдалануға берілгеннен бері 9 мыңнан астам тонна қияр, 5 мыңнан астам томат өндірілді. Өнім өткізуде мәселе жоқ», деді М.Ибрагимов.

Сонымен қатар Үкімет басшысына Ақжайық ауданында орналасқан «Сәтимола» кен орнын игеру барысы да таныстырылды. Соакционер Нұрлан Артықбаев калий тыңайтқыштарын өндіру бағытында ірі жобаның қолға алынып жатқанын баяндап, 2025-2027 жылдары құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып, 2030 жылға қарай толық қуатына көшу көзделіп отырғанын жеткізді.

Олжас Бектенов БҚО-да
Фото: primeminister.kz

«Кен орнында жылына 12 мың тонна калий тыңайтқышын өндіру жоспарлануда. Бастапқы кезеңде 1500, кәсіпорын іске қосылған кезде 4 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жоба барлық халықаралық экологиялық талаптарға сай келеді. Экспорттық өнім көлемі жылына 5,1 млрд доллар шамасында болмақ. Өнім 30-дан астам елге жөнелтілмек. Әлемдегі қажеттілік қазіргі кезде 80,6 млн тонна калий хролиді болса, 2030 жылға қарай 97 млн-ға жетпек. Кәсіпорын ашылған кезде Қазақстан калий тыңайтқыштарын өндіру жөнінен әлемдегі ТОП-5-ке кірмек», деді Н.Артықбаев.

«Ірі кен орнын игеру үшін мемлекет лицензия берді. Енді міндеттемелерді уақтылы орындау керек. Мерзімінде қаржыны салып, өндірісті бастау керек. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілетін болады», деді Олжас Бектенов.

Алдыңғы жазба«Цифрлық сауаттылық – заман талабында»
Келесі жазбаГеннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетін басқарады