Home Жаңалықтар Бас прокуратура: Үш адам «ұлтаралық араздық қоздыру» күдігіне ілінді

Бас прокуратура: Үш адам «ұлтаралық араздық қоздыру» күдігіне ілінді

45

12 ақпанда Қордайдағы жанжалға байланысты мәлімдеме жасаған бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев бірнеше адамның «ұлтаралық араздық қоздырдыру, күш қолдануға шақыру» күдігіне ілінгенін, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Алматы қаласында 1990 және 1987 жылғы екі азамат Facebook желісінде ұлтаралық араздық қоздырып, күш қолдануға шақырды. 9 ақпанда 1983 жылғы Тараз тұрғыны WhatsApp желісі арқылы осыған ұқсас ақпарат таратқан» делінген мәлімдемеде.

Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 272-бап 3-бөлімі («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, қазір де әлеуметтік желіде «ұлтаралық тұрақтылыққа қауіп төндіретін» видеолар тарап жатыр және олардың арасында Қордайдағы оқиғаларға қатысы жоқ видеолар да бар.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тапты. 40-тан астам адам жараланған. Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 15 ғимарат пен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенді. Жанжалдан соң мыңдаған адам Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.

Кейбір сарапшылар Қордайдағы жанжал елдегі әлеуметтік жағдайдың, ауыл халқының тұрмысының төмендігін, Қазақстан билігінде мұндай қиын жағдайларды тез шешетін механизм қалыптаспағанын көрсетті деп санайды.

Алдыңғы жазбаИлья Ильин Ташкенттегі халықаралық турнирде топ жарды
Келесі жазбаАлматыда үш бала суға батып кетті