Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы,Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылында спорт кешені ашылды. Былтыр маусым айында құрылысы басталған нысан 100 орынға шақталған.
200 миллион теңгеден астам қаражатқа тұрғызылған ғимаратта көпбейінді спортзал, би залы, жуынатын орын бар. Мыңға жуық тұрғыны бар Мерей ауылы үшін мұндай нысанның тұрғызылуы үлкен жетістікке баланып отыр. Енді ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізіп, алаңсыз спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ осы кезге дейін ескі ғимаратты паналап келген ауыл мәдениет үйінің ұжымы жаңа ғимаратқа орналасып үлгерген.
Жалпы аталған облысқа қарасты 12 аудан болса, 10 аудан орталығы жаңа заман талабына сай келетін спорт кешенімен қамтылды. Көп ұзамай Казталов және Тасқала ауылдарында заманауи сауықтыру кешені бой көтереді. Сонымен қатар әр ауданның ірі ауылдық округіне спорт кешенін тұрғызу жоспары да біртіндеп орындалуда. Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында былтыр жаңа спорт нысаны салынған. Бәйтерек ауданына қарасты Дариян, Теректі ауданына қарасты Үлкен Еңбек ауылдарына жаңа мәдени-сауықтыру кешінін тұрғызу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыруға бұл өңір өзіндік үлесін қосып келеді.
Ауылға ерекше сән беріп, әз-Наурыз мейрамы алдында елді қуанышқа, жастарды шаттықта бөлеген мәдени-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуына БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.
– Саламатты өмір салтын қалыптастырып, елдің спортқа бет бұруына ел үкіметі ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, ауылдағы ағайынның, өмірін ауылмен байланыстырған жастардың спортпен алаңсыз шұғылдануына жағдай жасауға қашан да ниеттіміз. Бүгін Мерей ауылының қуанышына куә болдық. Жыл басы әз-Наурыз қарсаңында осындай тамаша жағдай болып тұр. Жаңа мәдени-спорт кешені Мерейдің ғана емес, қазақ елінің мерейін асырар азаматта шығар орын болсын, – деді Бақытжан Нарымбетов.
Одан соң аудан әкімі Талғат Шәкіров сөз алып, ауыл тұрғындары атынан кешенді тұрғызған мердігер компания басшысы Қайнар Тілекқалиұлына алғыс білдірді.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын барлық ауылда осындай спорт ғимараты бой көтереді деген сөзге сену мүмкін емес еді. Бүгін кешеннің ашылуы сәтінің куәсі болдық. Бұл елге, ауылдағы ағайынға көрсетілген қамқорлық. Еліміз аман болсын, – деді ауыл тұрғындары атынан сөз алған ақсақал Сабыр Жанаев.
Салтанатты ашылудан соң ұлттық спорт түрлерінен өтетін аудандық спартакиаданың алауы тұтанды.