Арыс қаласының түбіндегі әскери қоймада болған жарылыс тек билікті ғана емес, еліміздің барлық тұрғындарын ойландыруы тиіс. Бұл кездейсоқтық па әлде жауапсыздық па? Бәлкім мұның артында қылтиып қылмыстың шеті көрініп тұрмасын. Өйткені қоймадағы снаряд,бомбы т.б қаһарлы қаруларды сыртқа білдірмей сатып жіберіп, оның ізін жасыру үшін өртеп, жарылыстар жасау тәжірибеде бар нәрсе. Мұны мен ойдан шығарып отырған жоқпын. Көрші Ресейде немесе өзге елдердің әскери қоймаларында болған жарылыстарды тексере келе арнайы орын өкілдері талай мәрте осындай шешімге келгені белгілі. Бәлкім бізде де солай болуы мүмкін ғой. Мәселен осыдан біраз жыл бұрын Қарағанды облысында бір әскери қоймада жарылыс болып түгел жанып кетті, одан кейін араға біраз жыл салып Балқаш қаласының маңындағы аса ірі әскери қоймада жаралысболды. Алматы облысында да осындай жағдай орын алды. Осы Арыста да бұған дейін жарылыстар болды. Енді міне кезекті жарылыс. Мұның себептері неде? Әскерилердің жауапсыздығы ма? Бәлкім басқа себептер бар ма? Қазіргі жаңа билік жедел түрде еліміздің территориясында орналасқан барлық әскериқоймаларға тексеру жүргізуі керек. Рас, Қазақстанда ескі қару-жарақ қоймалары жеткілікті. Мәселен, кезінде Шығыс еуропадан шығарылған бүкіл әскери техника, қару-жарақ, одан кейінгі Ауғанстаннан шыққан әскердің барлық атыс құралдары осы Қазақстан жеріне әкелініп, қоймаларға сақталғаны белгілі. Тіпті аяқ асты жағдайда бірнеше дивизияны қаруландыруға болатын қару-жараққа шыпа толы қоймалар елімізде бар. Қазір олардың жағдайы қалай? Әлде сыртқа сатылып кетті ме? Бұл жөнінде нақты дерек жоқ. Мемлекеттік деңгейде арнайы комиссия құрылып, осының бәрін тізімге алатын кез жетті. Осы жерде тағы бір айта кететін жағдай, осындай әскери қоймаларға ие бола алмай жатып, біз АЭС салуды армандаймыз. Жоспарлаймыз. Бір әскери қоймадағы жарылыс бүкіл бір қаланы (Арыс) дүрліктіріп жатқанда әгәрәки АЭС салып онда жарылыс (құдай басқа салмасын) бола қалса, елімізден не қалады? Мұны билікте, халықта жақсылап ойланғаны жөн!
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы