Home Саясат Еуропа Кавказға кіріп жатыр, Ресей шегіне ме?

Еуропа Кавказға кіріп жатыр, Ресей шегіне ме?

7

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Ереванда өтіп жатқан бұл саммитті жай ғана кезекті дипломатиялық жиын деу қателік болар еді. Бұл – геосаяси мағынасы терең, символдық салмағы ауыр оқиға. Бір жағынан, Ереван бұрыннан Ресейдің ықпал аймағына жататын, Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі, аумағында ресейлік әскери база орналасқан елдің астанасы. Екінші жағынан, дәл осы қалада бүгін Еуропаның ондаған көшбасшысы, соның ішінде Владимир Зеленский, Эмманюэль Макрон, Кир Стармер бас қосып отыр. Бұл – аймақтың геосаяси бағыты өзгеріп жатқанын көрсететін ашық сигнал.

Саммиттің өзегі – Еуропалық саяси қауымдастық форматы. Бұл ұйым формалды түрде ЕО-ға кірмейтін, бірақ соған жақын елдерді біріктіретін алаң. Яғни, бұл – «ЕО-ның күту залы» іспетті құрылым. Арменияның дәл осы форматта хост болуы – оның Батысқа қарай бұрылып жатқанын білдіреді. Бұған қоса, алғаш рет өтетін Еуропалық одақ – Армения саммиті бұл процесті институционалдық деңгейге көтеріп отыр.

Неге дәл қазір? Бұған жауап 2023 жылғы Таулы Қарабақтағы соғыс 2023 оқиғаларында жатыр. Сол кезде Армения Ресейден нақты әскери немесе саяси қолдау күтті, бірақ күткенін ала алмады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы де әрекетсіз қалды. Бұл Ереван үшін стратегиялық шок болды. Нәтижесінде премьер-министр Никол Пашинян билігі қауіпсіздік архитектурасын қайта қарауға мәжбүр болды.

Осы вакуумды Еуропа толтыруға кірісті. ЕО шекарада бақылау миссиясын орналастырды, саяси делдалдықты күшейтті, ал енді – жоғары деңгейдегі саммиттер арқылы ықпалын институционалдандырып жатыр. Бұл тек дипломатия емес, бұл – ықпал үшін күрес. Армения енді «Ресейдің серіктесі» ғана емес, «Батыстың әлеуетті серіктесі» ретінде қарастырыла бастады.

Ал Владимир Зеленский үшін бұл саммит – тағы бір дипломатиялық майдан. Оның мақсаты анық: әскери көмекті жеделдету, ЕО-дан ондаған миллиард еуро көлеміндегі қолдауды бекіту және Украинаға қарсы әуе қорғанысын күшейту. Ереванда ол бір мезетте бірнеше еуропалық лидермен жеке кездесулер өткізіп, Украина мәселесін күн тәртібінің ортасында ұстап отыр. Бұл да маңызды: Украина тақырыбы Кавказға «тасымалданып» отыр, яғни Ресейге қарсы кеңірек геосаяси фронт қалыптасуда.

Енді басты сұрақ – Мәскеу қалай қарайды? Реакциясы екі қабатты: сырттай сабырлы, іштей ашулы. Владимир Путин бұған дейін-ақ Арменияға ескерту жасаған – ЕО мен ЕАЭО-да қатар болу «мүмкін емес» деп. Бұл жай сөз емес, бұл – геоэкономикалық қысымның сигналдары. Ресей Арменияға арзан газ береді, саудада жеңілдіктер жасайды. Яғни, тәуелділік құралдары жеткілікті.

Соңғы қадамдар да соны көрсетеді: армян тауарларына шектеулер, ақпараттық шабуылдар, киберқауіптер. Бұл классикалық «гибридті қысым» тактикасы. Мәскеу Ереванның толықтай Батысқа өтіп кетуіне жол бермеуге тырысады, бірақ бұрынғыдай толық бақылау да жоқ.

Негізі, Армения қазір өте нәзік тепе-теңдікте тұр. Бір жағында – қауіпсіздік тұрғысынан әлсіреген, бірақ экономикалық тұрғыдан маңызды Ресей. Екінші жағында – саяси қолдау ұсынатын, бірақ нақты қауіпсіздік кепілдіктерін әлі толық бермеген Еуропа. Саммит осы «аралық күйдің» айқын көрінісі.

Еревандағы басқосу – шешім емес, процесс. Бұл – Арменияның сыртқы саясаты қай бағытқа бет алатынын анықтайтын кезеңнің бір эпизоды ғана. Бірақ бір нәрсе анық: Кавказ енді тек Ресейдің «ішкі ауласы» емес. Еуропа бұл аймаққа жүйелі түрде кіріп келеді. Ал бұл – Мәскеу үшін ең жағымсыз сценарийлердің бірі.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

dodanews.kz

Алдыңғы жазбаҚауіп еткеннен айтамын…