Home Басты жазба Арыстан Әкем өмірден өтті…

Арыстан Әкем өмірден өтті…

37
«Күндердің сұлтаны — Жұма!
Сөздердің сұлтаны — дұға!», – дейді.
Арғы-бергі дәуірде ат жалында Азаттық жолында күрескен, ажал жастығына бас қойған баһадүрлердің рухы шат болғай!
Бүгін — адамзаттың ақыл-ой көші мен тарихи жадына, көркем жазирасына әрісі — Түркінің, берісі — Қазақтың Бөрілі Байрағымен атойлап кірген Алыптар тобының ақырғы өкілі ұлы Мұхтар Мұқанұлы МАҒАУИННІҢ дүние-жарыққа қош айтқанына тура сегіз күн болыпты. Сексен бес жасқа тура 22 күн қалғанда.
Кеше — Алматыда, бүгін — Астанада марқұмның рухына бағыштап Ас берілді.
Дұға-тілектер қабыл болсын!
… Айтары жоқ. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан біртуар Тұлғаның қазасы да, сүйегінің жұмыр жердің екінші бір қапталында қалғаны да орны толмас өкініш. Неше күннен бері өңменге өксік, көмейге тас тұрып қалғандай.
Сонау жиырма жасынан басталған күрес жолы, жанкешті еңбегі, өмірлік шығармалары, бір қадам кері шегінбес принципшілдігі, естияр жанға бәрі мәлім.
Даңқты қаламгер өзі ерекше қадір тұтқан, 18 жыл басқарған сол кездері Ақпарат министрлігінің құрылтайшылығындағы (ол кезде министр Ермұхамет Ертісбаев болатын) “Қазақ газеттеріне” қарасты “Жұлдыз” журналынан 2006 жылдың қазанында кетті, амал жоқ… Дәл сол жылдың желтоқсанында Еуропаға көшу туралы шешім қабылдады. Күрескер Тұлғаның туған Отаннан жырақта ақтық демі үзілгенге дейінгі 18 жыл ғұмыры сыртта өтіпті.
Кейде ойлайсың. Сол кезеңдерде бірінің қолы бірінің жағасында жүрген қаламгерлердің ортасында көрінген көк аттымен алысып, жұлысып, жүйкесін жұқартқанша бағзы заманда бабаларымыз ат суарған кәрі құрлыққа қоныс аудару туралы шешімі дұрыс болған шығар деп. Ұлт әдебиеті мен тарихы үшін ұшан-теңіз еңбек етті. «Тарих пен әдебиет институты атқармаған жұмысты Мағауин жалғыз өзі жасады” деген Олжас Сүлейменовтің сөзі — сөз!
2000 жылы 60 жасқа толған мерейтойы Алматыда, М.Әуезов атындағы академиялық театрда дүрілдеп өткен. Мерейтой қарсаңында жарық көрген кітабының тұсаукесер шарасында Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі ғажап баяндама жасаған.
Кейін Алтекеңнің “Мұхтар Мағауинге “Қобыз сарыны” еңбегі үшін ғана “Халық қаһарманы” атағын беруге болады”, – дегені елдің есінде болу керек.
Ес білген шағынан ұлттық мұраттарға ұмтылған Мұхтар Мағауин Тәуелсіздіктің таңын жақындатқан, ұлттық идея үшін ымырасыз күрес жүргізген санаулы Тұлғалардың бірі. Демек, ол өз ұлтын, Отанын, елін-жерін шексіз сүйгені даусыз. Қалғанының бәрі тағдыр…
«Арыстан Әкем өмірден өтті…» деп Ұлы Даланы күңіренткен Едіге Мұхтарұлы бастаған ұрпағына, Бақыт апамызға көңіл айтамыз. Апамызға Алла күш-қуат берсін!
Жанарбек  ӘШІМЖАН  (ФБ  парақшасынан)

 

Алдыңғы жазбаКездейсоқтық па, әлде қастандық па?
Келесі жазбаМемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдады