Оңтүстік Кореяда ұшақ апаты болды. Ұшақтың дөңгелектері ашылмай қалып, жер бауырлап сырғанап барып, қоршауға соғылып, жарылып кеткен. 179 адам қазаға ұшырап, не бәрі екі азамат қана тірі қалған. Орны толмас үлкен трагедия. Оның алдынада ғана Әзірбайжан астанасы Бакуден Шешенстан орталығы Грозныйға бет алған ұшақ, айналып келіп Ақтау маңында құлады. 38 жолаушы мерт болып, көрер жарағы бар 29 адам аман қалды. Десек те, Ақтау маңына құлаған ұшақта өлгендерді Ресей Украина соғысының құрбандарына жатқызуға болады.
Өйткені ұшақ Грозныйға қонар кезде ресейлік зентиттік зымыран кешендері қалаға шабуылдап жатқан украиндық дрондарды атқылап жатқан. Ұшақ маңында жарылған бір зымыранның әсері болуы мүмкін. Әйтпесе, Ресей президенті Путин Әзірбайжан мемлекетінің басшысы Әлиевтен кешірім сұрамас еді. Демек Ақтауда құлаған ұшақта шейіт болғандар Украин Ресей жанжалының құрбандары десек артық айтпағанымыз. Әлбетте, ұшақ апаттары жөнінде көптеп жаза беруге болады. Осы тұста мына бір жағдайды айта кеткен жөн секілді. 1948 жылы 30 қыркүйекте Мәскеуге бет алған ұшақ Балқаш көлінің маңында құлады. Онда қазақтың біртуар ұлдары биология ғылымдарының докторы, алғашқы академиктердің бірі Кәрім Мыңбаев, оның серіктері ғалымдар Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев және Фёдор Солодовников тб болған еді Ұшақ апатын зерттеген Мемлекеттік комиссия ұшақтың апатқа өздігінен ұшырамағандығын анықтаған. Бұл Қазақстан ғалымдарына жасалған Мәскеудің қастандығы деп қабылданды. Бірақ қанды қол Мәскеу билігіне қарсы ешкім үндей алмады. Кездейсоқ болған апат деп айтылып, артынша ұмыт қалдырылды.
Сол секілді 1949 жылдың 27 тамызында тағы бір ұшақ Байкал көлі маңында құлады. Онда Шығыс Түркістан республикасының (1944 -1946 жылдары Үш аймақ азаттық соғысының арқасында жеке мемлекет болып құрылған) Дәлелхан Сүгірбаев, Ысқақбек Мұнынов, Ахметжан Қасыми Әбдікәрім Абасов бастаған бір топ басшылары болған. Барлығы қаза тапты. Осылайша басшыларын құрта отырып, коммунистік КСРО мен коммунистік Қытай екі елдің ортасында құрылған жаңа бір мұсылман мемлекеті – Шығыс Түркістан республикасын таратып жіберген. Мұның бәрі ұшақ апаты дегенін шығып, еске түсіп жатыр. Иә, Мәскеу кімге қастық жасамады дейсіз ғой. Иісі қазақтың әйгілі актері Шәкен Айманов 1970 жылы «кездейсоқ жол апатынан» Мәскеуде көз жұмды, иісі алаш баласының ұлы кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов 1961 жылы Мәскеу ауруханасында жұмбақ жағдайда дүниеден өтті. Тізе беруге болады. Бірақ уақыт өте келе мұның бәрі ашылатыны белгілі.