Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде түлектермен дәстүрлі кездесу өтті. Биыл қасиетті қарашаңырақтан түлеп ұшқан 15, 20, 30, 40 және 50 жылдық түлектер факультетке қайта оралып, сағынышты сәттерге толы мерекелік басқосуға жиналды.
Бұл кездесудің тағылымы мен салмағы ерекше. Өйткені факультеттің әр буыны – қазақ журналистикасының алтын қазығы. Журналистика факультетінен әр жылдары елге еңбегі сіңген тұлғалар түлеп ұшты. Атап айтқанда, Дихан Әбілев, Әнуар Әлімжанов, Қалдарбек Найманбаев, Ұлықбек Есдәулет және қазіргі Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және т.б – барлығы да осы қарашаңырақтың түлегі. Бір факультеттен шыққан бес бірдей қаламгердің Қазақстан Жазушылар одағын басқаруы – факультет тарихының маңдайалды парағы.
Факультет қабырғасынан түлеп ұшқан танымал қаламгерлермен қатар, ел тағдырын шешкен мемлекет және қоғам қайраткерлері де аз емес. Осы білім ордасынан 1 мемлекеттік хатшы, 5 ақпарат министрі, 3 облыс әкімі, 7 баспасөз хатшысы, 2 Төтенше және Өкілетті елші шыққан. Олардың қатарында Қуаныш Сұлтанов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Сауытбек Абдрахманов, Мұхтар Құл-Мұхамед, Дархан Мыңбай, Бейбіт Исабаев сынды ел алдында жүрген азаматтар бар.
Биылғы Түлектер күнінде факультет төрінде ел сыйлаған қаламгерлердің бірі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов бастаған бір топ түлек бас қосты.
40 жылдық түлектер қатарынан елге белгілі медиа менеджерлер мен қаламгерлер факультетке ерекше тарту жасады. Олардың ішінде: Сұлтанәділ Қанатбаев – «Мұсылман күнтізбесі» медиажобасының басшысы, Кенжеғали Жұмағұлов – ЕҰУ медиаорталығының директоры,Фарида Бықай – «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері, Аязби Бейсенқұлов – ХАТУ профессоры, ф.ғ.к.,Бауыржан Жақып – ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, профессор, ақын. Осы түлектер құны 5 миллион теңге тұратын заманауи LED-экран мультимедиалық құрылғысын 3-дәріс залына тарту етіп, ұрпақ сабақтастығының үлгісін көрсетті.
2000 жылдар басында факультетті тамамдаған жас буын бүгінгі ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын тапқан. Атап айтқанда, «Қоңыр Media Group» сценарист-редакторы Аягүл Рамазанқызы, «Алматы» телеарнасының тележүргізушісі әрі блогер Мөлдір Анарбаева, PhD докторы, телепродюсер, халықаралық оқытушы Алма Сайлауқызы, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек, медиаменеджер, маркетинг саласының маманы Әсел Тоянова, жазушы әрі бірнеше кітаптың авторы Мақсат Мәлік, «Dara Star» өнер орталығының директоры Айнұр Ибраева, подкастер, «OY-Detox» жобасының авторы Әйнел Әмірхан және «Atameken Business» медиахолдингінің кеңесшісі Мейіржан Әлібекұлы және т.б бар.
Кездесуді факультет деканы Қанат Әуесбай жүргізіп, шежірелі шаңырақтың шырайын кіргізіп отырған ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті. Жиын барысында Намазалы Омашұлы, Кәкен Камзин, Дәмегүл Баялиева, Клара Қабылғазина, Рахима Шәріпқызы, Римма Жақсылықбаева, Бекжан Әшірбаев сынды ұстаздар 20 жылдық түлектерге жүрекжарды тілектерін арнады. Бұған қоса түлектер факультетке БАҚ логотиптері бейнеленген арнайы қабырға жасау үшін 1 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті.
Университет тарихында орны бар бұл іс-шараны факультет түлектерінің белсенді қауымдастығы ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Ғалия Майкотова оны мазмұнды әрі тағылымды етіп өткізуге мұрындық болды. Журналистика факультетінің Түлектер қауымдастығы мен ұжым арасындағы алтын көпір бұдан әрі де ұрпақ пен ұстаз сабақтастығын жалғай бермек.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ