Home Басты жазба Алаш  әскері  құрылған  күн-  мереке  болып саналуы  тиіс!

Алаш  әскері  құрылған  күн-  мереке  болып саналуы  тиіс!

70

Елдегі  саяси  партиялардың бірі болғандықтан  мемлекетке,  ұлтқа  керекті  түрлі  ұсыныстарды айтып, игі бастамалар көтеріп отыру  міндет. Осы  орайда, Қазақстанның  қарулы  күштері  жөнінде  бір лепес білдірсек  дейміз.

Рас, бұған  дейінде  еліміздің  сілтесе сойыл,  қорғанса  қалқан  болатын ,  ел іргесінің  бүтіндігіне,  қауіпсіздігіне  жауап  беретін армиямыз  жөнінде  бірнеше   мәрте  жаздық,  айттық. Бұл  да  соның  жалағасы іспетті. Жалпы  тәуелсіз  Қазақстанның  қарулы  күштері  бірінші  президенттің жарлығымен  1992  жылы 7  мамырда  құрылғаны  белгілі. Дұрыс-ақ, делік. Содан  бері  осы  күнді  мереке  ретінде  атап,  тойлап келеміз. Алайда,  бұл   Қазақстанның  қарулы күштері  құрылған күн  көбіне  9  мамырдың  көлеңкесінде  қалып  жатады.  Өйткені  9  мамыр   адамзаттың   фашизмді  жеңген  күні яғни Екінші  Дүниежүзлік  соғыстың  біткен  күні,  Содан  болар халық  7  мамырдан  гөрі,  9  мамырға  көбірек  көңіл  бөледі. Сондай-ақ  8  мамыр  Ресей  әскерінің  құрылғаны  күні.  Оларда 8  мен  9 – ын  қосып  дүркіретіп   шерулетіп  жатады. Қазақстанның  қарулы  күштерінің  құрылған   күні  осылардың  көлеңкесінде  қалмас үшін, 25  маусымды   мереке  яғни Қазақ  әскерінің  құрылыған күні  деп  алсақ  деген  ұсыныс  бар.  Неге 25  маусым дегенге келетін  болсақ,  дәл сол  күні  1918 жылы 25  маусымда  Алаш  әскері  ресми  түрде  құрылған еді. Өткен  тарихқа  сәл  үңілсек, 1917  жылы  желтоқсан айының басында Орынборда  екінші жалпықазақ құрылтайы  өтіп, сонда Алаш автономиясын  жариялау,  «Алаш  орда»  Үкіметін  құру  және исісі  қазақ  баласын қорғау  үшін   әскер құру  мәселесі  күн  тәрбіне  шықты. Ал,  1918  жылдың 25  маусымында  Алаш  полкы құрылды.  Еліміздің  әр  қиырында жасақталған  полктардың  саны  12  жеткен. Демек,  бізге  ең алғаш  қазақ  әскері құрылған сол  25  маусымды  Қазақ  қарулы  күштерінің  күні  деп  алсақ дұрыс  болар еді. Мұндай  тәжірибе көп  мемлекеттерде  бар. Тіпті  өзіміздің  қандас  бауырымыз  түріктер түркі жұртының  арғы  атасы  болып  саналатын  хұндардың  әскері құрылған кезді  өз  армиясының құрылған  күні  деп алып,  соны   атап  өтіп келеді. Біз кешегі  қазақ  хандығының  іргесін  қалап, алмас қылыштай  қылпылдаған   жойқын әскер  ұстаған  Керей мен  Жәнібектің,  Бұрындық  пен  Қасымханның  кезеңіне   көңіл аудармай-ақ,  өткен  ғасырдың  басында  ғана  қазақтың  тәуелсіздігін  жариялап,   қазақ  әскерін  құрған  Алаш  дәуірін  алып жатсақ,   еш сөкеттік жоқ. Қайта қалың бұқара алғашқы  қазақ  әскері  қай  жылы, қай  күні  һәм кімдер  құрғанын біле  жүрер еді. Сол  Алаш  полктарының

Арғы атам – ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз. – 

деген  сөзін Жүсіпбек Аймауытов  жазған,  әнін  Міржақып  Дулатов  шығарған  өзіндік  маршы  болды.  Бүгінгі  қазақ  әскері  сап  түзеп  жүргенде,  шырқайтын  рухты  осындай  марштарда  өте  қажет. Біздікі  ұсыныс,  ой тастау.  Қабылдау,  қабылдамау  басқа  әңгіме.

Азаматхан Әміртай

Алдыңғы жазба«Жасыл  даму»  операторының  жұмысы  неге  құпия?
Келесі жазбаАқмола облысында ерекше артефакт табылды