Home Басты жазба Ұлттық компанияларда үлкен тазарту басталды ма?

Ұлттық компанияларда үлкен тазарту басталды ма?

12

Соңғы екі аптада еліміздің ірі ұлттық компанияларының төңірегінде бірінен соң бірі болып жатқан оқиғалар қоғамды бейжай қалдырмай отыр. Алдымен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев ұсталды. Артынша осы құрылымдармен байланысты басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Енді, міне, 23 қарашада Қазатомөнеркәсіп басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де азаматтар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тарапынан ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҰҚК мәліметінше, олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған деген күдік бар жемқорлық схемасына қатысы болуы мүмкін. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр.

Бір қарағанда, бұл әртүрлі компаниялардағы жеке оқиғалар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың бір-бірімен байланысы бар екені байқалады. Өйткені аталған компаниялардың барлығы ел экономикасында стратегиялық маңызы бар құрылымдар. Олардың қолында миллиардтаған қаржы, ірі жобалар, мемлекеттік тапсырыстар мен халық байлығы шоғырланған. Сондықтан мұндай мекемелердегі жемқорлықтың салдары бір адамның қалтасына түскен ақшамен ғана өлшенбейді. Оның зардабын бүкіл мемлекет пен халық тартады. Жоғары аудиторлық палатаның тексеру нәтижелері де көп нәрсені аңғартады. «Самұрық-Қазына» тобы бойынша 122,2 миллиард теңге қаражаттың тиімсіз жоспарланып, пайдаланылғаны анықталған. Ал ҚТЖ жүйесінде 80,6 миллиард теңге көлемінде шығын мен жіберіп алған пайда көрсетілген. Дизель отынын делдалдар арқылы үстеме бағамен сатып алу фактілері де бар. Бұл цифрлар ұлттық компаниялардың жұмысында шешімін күткен күрделі мәселелер бар екенін көрсетеді. Осы оқиғалардан кейін 20 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы мәлімдеме жасады. Ол ұлттық компаниялардағы жағдайды мемлекеттік құрылымдарда ауқымды жемқорлықтың болуы мүмкін екенінің өте маңызды белгісі деп бағалады. Мемлекет басшысы жоғары лауазымды қызметте отырған ешкім заңнан жоғары тұрмайтынын, таныстық пен туыстық та жауапкершіліктен құтқармауы керектігін атап өтті. Сонымен қатар Үкімет пен бақылаушы органдарға квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.                                     Демек, бұл жолғы оқиғаларды жай ғана кадрлық ауыс-түйіс деп қабылдау қиын. Мемлекет басшысының мәлімдемесі мен ҰҚК жүргізіп жатқан тергеулер ұлттық компаниялардағы басқару жүйесіне назар аударылып отырғанын көрсетеді. Мұның соңы үлкен өзгерістерге ұласуы мүмкін. Бірақ бір мәселені естен шығармаған жөн. Жемқорлықпен күрес бірнеше басшыны қызметтен босатумен немесе қамауға алумен аяқталмауы керек. Ең бастысы, сол жемқорлыққа жол ашқан жүйені өзгерту. Мемлекеттік сатып алулар ашық жүргізіліп, келісімшарттар қоғамға түсінікті болуы, әрбір жұмсалған теңгеге нақты есеп берілуі тиіс. Сонда ғана бүгінгі бастаманың нәтижесі болады. Ал ұлттық компаниялардың жұмысы енді таза әрі ашық бола ма? Оған әзірге кесіп жауап беру қиын. Бірақ егер тергеу жұмыстары аяғына дейін жеткізіліп, заңбұзушылықтарға қатысы бар барлық тұлғаларға лауазымы мен байланысына қарамастан бірдей құқықтық баға берілсе, бұл үлкен өзгерістің бастауы болуы мүмкін. Ең бастысы, күрес бір топ адамның ұсталуымен шектеліп қалмасын.                                        «Балық басынан шіриді» дейді халқымыз. Ендеше, тазалық та ең алдымен басшылықтан басталуы керек. Ұлттық компаниялар жекелеген адамдардың жеке мүддесіне емес, мемлекеттің дамуы мен халықтың әл-ауқатына қызмет етуі тиіс.                                   Халықтың күткені, біреудің ұсталғаны туралы күнделікті жаңалық емес, ел байлығының әділ әрі тиімді жұмсалуы. Заң бәріне ортақ болғанда ғана қоғамның сенімі нығаяды. Бүгінгі басталған істің шынайы бағасы да осы болмақ.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазба“Қазатомөнеркәсіптің” екі топ-менеджерінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтады
Келесі жазбаҰлт  тарихын  түгендеген  ғалымның қадірін  қашан  білеміз?