Арада біраз күн өтсе де Түркияда болған Түркі мемлекеттер ұйымының саммиті жөнінде әлем елдері һәм аузы дуалы саясаткер, саясаттанушылар өз ойларын ортаға салуда. Өйткені бұл жерде жұртты елең еткізер біраз дүние, Қазақстан президенті Қасым — Жомарт Тоқаевтың аузымен айтылды. Енді осы мәселеге келейік. Қысқасы, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының Анкарада өткен XIII саммитінде айтқан екі ұсынысы үлкен саяси мәнге ие болды. Біріншісі, түркі әлемін әскери одаққа айналдырмау, екіншісі, Ресейге ұйым жұмысына қатысуға мүмкіндік беру, ең болмағанда бақылаушы мәртебесін ұсыну. Бір қарағанда, бұл екі бастама әртүрлі бағыттағы ұсыныстар секілді көрінуі мүмкін. Алайда екеуінің де түпкі мақсаты бір: түркі әлемінің ықпалын арттыру, бірақ оны біреуге қарсы бағытталған күшке айналдырмау. Шын мәнінде, бүгінгі геосаяси жағдайда түркі мемлекеттеріне жаңа әскери блоктан гөрі, экономикалық және мәдени ықпалдастық әлдеқайда қажет. Өйткені әскери одақ құру үшін ортақ қарсылас іздеуге тура келеді. Ал экономикалық одақ құру үшін ортақ мүдде жеткілікті. Тоқаевтың әскери альянсқа қарсылығы да осы тұрғыдан түсінікті. Түркі мемлекеттерінің сыртқы саяси бағдарлары мен халықаралық міндеттемелері әртүрлі. Түркия НАТО мүшесі, Қазақстан мен Қырғызстан ҰҚШҰ құрамында, Өзбекстан дербес әскери-саяси бағыт ұстанады. Осындай жағдайда бәрін бір әскери міндеттемеге біріктіру оңай емес. Оның үстіне түркі мемлекеттерінің алдында шешімін күткен экономикалық міндеттер жетерлік. Орта дәлізді дамыту, Каспий арқылы өтетін сауда жолдарын кеңейту, инвестиция тарту, ортақ нарық қалыптастыру, ғылым мен технологияда ынтымақтасу — міне, ұйымның негізгі басымдығы осылар болуы керек. Біреуге қарсы құрылған одақтың ғұмыры сол қарсыластың бар-жоғына тәуелді. Ал ортақ мүддеге негізделген бірлестіктің болашағы әлдеқайда кең.
Тоқаевтың Ресейге қатысты ұсынысы да назар аударуға тұрарлық. Ресей аумағында татар, башқұрт, саха, тыва, алтай, хакас және басқа да түркі халықтары өмір сүреді. Олардың тілі, мәдениеті мен тарихи мұрасы түркі өркениетінің ажырамас бөлігі. Түркі әлемін тек бес тәуелсіз мемлекетпен шектеп қарау тарихи тұрғыдан да толыққанды түсінік емес. Сондықтан Ресейдің ұйым жұмысына бақылаушы немесе «ТМҰ+» форматы арқылы қатысуы туралы ұсыныстың белгілі бір негізі бар. Айта кететін болсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін түркі республикалары арасында мәдени және рухани байланыстарды қалпына келтіру үдерісі басталды. Сол кезеңде Татарстан, Башқұртстан, Саха сияқты республикалардың түркі мәдени ұйымдарымен байланысын кеңейтуге деген ұмтылысы байқалды. ТҮРКСОЙ аясында да аймақтық мәдени ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды. Алайда Ресейдің орталық билігі үшін ұлттық республикалардың халықаралық деңгейде дербес байланыс орнатуы әрдайым сезімтал мәселе болды. Мәскеу мұндай бастамаларды кейде федералдық тұтастық пен сепаратизм қаупі тұрғысынан қарастырды. Кейін Ресейдегі өңірлердің халықаралық қызметіне орталық бақылау күшейді. Бір қызығы, бүгінде Тоқаев Ресейдің өзін түркі әлемімен жақындасуға шақырып отыр. Бұл Мәскеу үшін де қызықты ұсыныс болуы мүмкін. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 2 қарашада бұл бастаманы орынды деп бағалап, әзірге ресми шақыру түспегенін мәлімдеді. Дегенмен Ресейдің ұйымға қатысуы түркі мемлекеттерінің дербес мүддесіне нұқсан келтірмеуі керек. Ұйымның ашықтығы оның ішкі тепе-теңдігін жоғалту деген сөз емес. Ресеймен де, Қытаймен де, Еуропамен де, басқа мемлекеттермен де тең дәрежеде қарым-қатынас орната алатын түркі кеңістігі қалыптасуы қажет. Алайда түркі әлемінің алдында сыртқы саясаттан бөлек, ішкі бірлік мәселесі де тұр. Бұған Түркия мен Әзербайжан арасындағы соңғы түсініспеушілік дәлел. «Бір ұлт — екі мемлекет» деген ұстаныммен танылған Анкара мен Баку арасындағы қарым-қатынас соңғы апталарда мектептердегі хиджаб мәселесіне байланысты шиеленісе түсті. Түркиядағы кейбір саясаткерлер Әзербайжандағы мектеп формасына қатысты шектеулерді сынаса, Баку мұны ішкі іске араласу ретінде қабылдады. Осы жағдаймен тұспа-тұс Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Анкара саммитіне қатыспай, орнына сыртқы істер министрін жіберуі де назар аудартты. Ресми Баку мұны жұмыс кестесімен түсіндіргенімен, сарапшылар арасында бұл шешімнің саяси астары туралы пікірлер айтылды. Әрине, Әлиевтің саммитке келмеуін тек хиджаб дауына байланысты деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ бұл жағдай түркі әлеміне бір маңызды мәселені еске салды: бірлік дегеніміз барлық елдің бірдей ойлауы емес, әртүрлі көзқарасқа қарамастан ортақ мүддені сақтай білу. Мәселен, Түркияның зайырлылыққа көзқарасы, Әзербайжанның мемлекеттік ұстанымы, Қазақстанның қоғамдық келісім үлгісі бірдей болмауы мүмкін. Бірақ бұл айырмашылықтар стратегиялық әріптестікке кедергі болмауы тиіс. Қазақ «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Түркі мемлекеттері осы нақылдың мәнін терең түсінуі керек. Сондықтан, сырттан жаңа серіктестер іздегенше, алдымен өзара сенімді нығайтудың маңызы зор. Ақиқатқа тура қарап айтар болсақ, бүгінгі түркі әлеміне әскери қарсылас емес, экономикалық серіктес керек. Ортақ нарық, ортақ көлік дәлізі, ортақ ғылыми және мәдени кеңістік керек. Түркі мемлекеттерінің азаматтары бір-бірінің елінде білім алып, кәсіп ашып, еркін араласа алатын жағдай қалыптасуы тиіс. Тоқаевтың Анкарадағы ұсыныстары осы бағыттағы пікірталасқа жаңа мазмұн қосты десек, артық айтпағанымыз. Оның Ресейге қатысты бастамасы да, әскери одақ құруға қарсылығы да түркі әлемінің халықаралық байланыстарын кеңейту мәселесімен сабақтас. Әрине, бұл ұсыныстардың жүзеге асуы барлық мүше мемлекеттің ортақ келісіміне байланысты. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек: түркі бірлігі біреуге қарсы тұру үшін емес, өз болашағымызды бірге қалыптастыру үшін қажет. Тарих бізге ортақ тамыр берді. Ендігі міндет сол тамырдан ортақ болашақ өсіру. Қысқасы, Түркі бірлігі өткеннің естелігі емес, болашақтың жобасы болуы тиіс. Өйткені бірлік түбі — тірлік!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































