Қырғыз саясатында екі адамның достығы тұтас мемлекеттің тағдырына әсер еткен кездер аз емес. Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиевтің тарихы — соның бірі. Екеуі де билікке бір жолмен келді. Екеуі де түрме көрді. Екеуі де 2020 жылғы саяси дағдарыстан кейін елдің тізгінін бірге ұстады. Жапаров президент болса, Ташиев Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарып, елдегі ең ықпалды тұлғалардың біріне айналды. Саясаттанушылар бұл тандемді Қырғызстандағы жаңа биліктің қос тірегі деп атады.
Бірақ бес жылға созылған достық биыл аяқ астынан бұзылды.
10 ақпанда Жапаров Ташиевті ҰҚМК төрағасы қызметінен босатты. Оның орынбасарлары да қызметтен кетті. Осылайша кеше ғана президенттің ең жақын серігі болған генерал бір күнде биліктің сыртында қалды. Сарапшылар бұл шешімді Қырғызстандағы «екі орталықты» биліктің аяқталуы деп бағалады. Ең қызығы — Жапаровтың өзі Ташиевті бір кезде өзінің мұрагері ретінде көргенін кейін ашық айтты.
Президенттің сөзіне қарағанда, ол 2027 жылғы сайлауға өзі түспей, Ташиевті қолдауды жоспарлаған. Тіпті оған «дайындал, өз адамдарыңды тәрбиеле» деген кеңес берген. Бірақ кейін Ташиевтің президенттікке дайын еместігін түсінгенін айтты.
Бір кезде «менің орнымды сен бас» деген адам мен «сен дайын емессің» деп қызметтен алған адамның арасы осылайша бір жылға жетпей өзгеріп шыға келді.
Саясаттың заңы осы шығар: билікте мәңгілік дос жоқ, мәңгілік мүдде ғана бар.
Енді Қырғызстанда басқа әңгіме шықты. «Ташиев кек қайтара ма?», «Күзде жаңа революция бола ма?», «Бұрынғы генерал билікті күшпен өзгертуге дайындалып жатыр ма?» деген сұрақтар әлеуметтік желіде қызу талқыланып жүр.
Мұндай әңгіменің тарауына негіз де жоқ емес. Ташиевтің айналасындағы «75 адамның хаты» ісі кейін билікті күшпен басып алуға дайындалу туралы қылмыстық іске ұласты. Шілденің басында сот Ташиев бастаған бірнеше адамды кінәлі деп танып, төрт жылға соттады. Бірақ жаза пробациямен ауыстырылды.
Осының бәрі «Ташиев төңкеріске дайындалып жатыр» деген күдікті күшейтті.
Бірақ дәл осы жерде эмоцияға емес, фактіге қараған жөн.
Ташиевтің өзі 16 шілдеде 2027 жылғы президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді. Оның үстіне Жапаровты қолдайтынын ашық айтты. Өз атымен байланысты түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды.
Демек, бүгінгі таңда «Ташиев күзде төңкеріс жасайды» деп кесіп айтуға нақты негіз жоқ.
Бірақ «мүлде қауіп жоқ» деу де қателік.
Өйткені Қырғызстан — саяси төңкерістерді сырттай ғана көріп отырған ел емес. 2005 жылы Ақаев, 2010 жылы Бакиев, 2020 жылы Жээнбеков биліктен кетті. Үш президент те халықтың жаппай наразылығы мен саяси дағдарыс жағдайында орнынан түсті.
Сондықтан Бішкекте «революция» деген сөздің салмағы басқа.
Қырғызстанда билік көшеде өзгеруі мүмкін екенін халық үш рет көрсетті.
Бірақ бүгінгі жағдайды бұрынғы революциялармен салыстыруға әлі ерте. Ташиевтің қолында бұрынғыдай ҰҚМК жоқ. Күштік аппарат оның бақылауынан шықты. Өзі сот үкіміне іліккен. Ал саяси тұрғыдан ең маңыздысы — ол президенттікке бармайтынын айтып отыр.
Сонда күзде не болуы мүмкін?
Меніңше, үлкен төңкерістен гөрі үлкен саяси сауда жүруі ықтимал. Ташиев саясаттан жоғалып кеткісі келмейді. Ал Жапаров бұрынғы серігінің ықпалын толық жойып жіберуге мүдделі болуы мүмкін.
Әлеуметтік желідегі талқылаулар да осыны көрсетеді: бір тарап Ташиевтің қызметтен кетуін Жапаровтың билікті толық өз қолына алуы деп түсіндірсе, екінші тарап бұрынғы генералдың саяси мүмкіндігі әлі таусылған жоқ деп санайды. Кейбір сарапшылар мен журналистер оның мәлімдемелерінен «саяси сахнаға қайта оралуға дайындық» белгісін іздейді. Бірақ әлеуметтік желідегі болжамды шындықтың өзі деп қабылдауға болмайды.
Бір нәрсе анық: Жапаров пен Ташиевтің достығы Қырғызстанның саяси тарихындағы бір кезеңнің символы еді. Сол достықпен бірге биліктің ішкі тепе-теңдігі де өмір сүрді. Енді сол тепе-теңдік жоқ.
«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді қазақ.
Бәлкім, мәселе дәл сонда шығар.
Екі достың жолы бір кезде бір болды. Бірге түрмеден шықты, бірге билікке келді. Бірақ билікке келген соң олардың алдында ең қиын таңдау тұрды: достық па, әлде билік пе?
Бүгінгі жауап белгілі сияқты.
Билік достықтан басым түсті.
Ал Қырғызстанға тағы бір революция керек пе?
Меніңше, жоқ.
Өйткені революцияның өзі халықтың тұрмысын автоматты түрде өзгертпейді. Бір президент кетіп, екіншісі келгенімен, жүйе сол күйінде қалса, ертең тағы бір революцияның қажеті туындайды.
Сондықтан Бішкектегі басты сұрақ «Ташиев төңкеріс жасай ма?» емес.
Басты сұрақ — Қырғызстан билікті кезекті рет көшеден емес, заң арқылы ауыстыратын мемлекетке айнала ала ма?
Егер оған жауап «жоқ» болса, онда Ташиев кетсе де, Жапаров кетсе де, революция қаупі ешқашан жоғалмайды.
Өйткені мәселе адамда емес.
Мәселе — жүйеде.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

































