Home Қоғам МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУ

МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУ

15

Абыз күйші – композитор, профессор

ШӘМІЛ ӘБІЛТАЙҒА

 

    Бір аңыз бар бізге жеткен кешеден, Отырардың гүлге оранған кезі екен. Адамдары мейірімді, шуақты, арасынан қыл өтпейтін бір-бірімен дос екен. Отырардың ойлы ұлдары кітаптарын қолға алып, әрлі-берлі жүреді екен көшемен.  Бірақ,бірақ  дақпырты көп дарақы хан дарынды ұлға өш екен. Тоғышарлар тойып, тасып, төгіліп, таланттардың табанына шөңге тікен төсеген.

Отырардың оңтүстік жақ шетінде, дарияның жағасында, аңызақ жел өтінде, көзге қораш көрінетін алыстан, лашық жасап қамыстан, қыз бен жігіт тұрып жатты бір-біріне шын ғашық боп табысқан.

Жігіт аса өжет әрі табанды, серік еткен өзіне қыл қаламды, сырлы бояу сырын ұғып суретке, сыйдырыпты бүкіл нұрлы ғаламды. Оқ бойы ұзап оза шапқан қатардан, өнерлі жігіт әл – Фараби атамыздан бата алған. Қыз да ғажап сұлу, көркем, ерке екен, Бой тұзеген мынау байтақ өлкеден. Ажары – алтын, күлкісі – күміс сол сұлу, дариядан иін ағашпен су тасиды ертемен. Ақ білегін артып жігіт мойнына жан-жүрегін өртеген. Қыз ақылды ақ маңдай, көрген адам кете алмайды таңданбай. Тату – тәтті өмір сүріп жатты осылай қос ғашық, адал, таза махаббатпен достасып. Қара құйын көтерілді бір күні, қайдан білсін табанына алатынын шоқ басып. Сол заманда елді бір дарақы хан билепті, өнерлінің өрге оздырмай қадамын, тоғышардың төрге басын сүйрепті.  Талай жанның қабырғасы күйрепті, осылайша рухсыздық табиғатын үйретті.

Қыздың аса сұлулығы сол ханды ойға салыпты, нөкерлерін соңына ертіп қос ғашықтың лашығына барыпты. Қызды көріп ханның есі ауыпты, оны өзіне әйел етіп алуды жөн тауыпты.  Қол ұстасқан қос ғашық қатар тұрып ханға сәлем беріпті. Хан бірінші көріпті қызды мұндай көрікті. Хан тұрыпты ойланып, қыз көркінен тіл мен жағы байланып. «Маған ғана лайық» деп қаһарланып хан тұрды, көзге ілмей суретшінің талантын сан қырлы.  Арқа сүйеп қиял елес, үмітке, сұқ саусағын шошайтып хан былай депті жігітке:

  • Өнерлісің атын кеткен талайға, енді менің суретімді саласын сен,

қалайда.  Ертең түсте бітіріп әкелесің сарайға. Бас тартпайсың бұл істен, сәл мүлт кетсең менің асқақ бейнемнен, басыңды алам мына қайқы қылышпен!

Аттын басын кері бұрып хан кетті. Қос ғашықтың өмірінен сән кетті.  Бұл сұмдықтан хабар беріп дала баяу әндетті. Қатыгез ханның бар  бір ішкі есебі, өткені оның бір көзі соқыр, үңірейген бос еді. Соқыр етіп салса ханның суретін, суретшінің басын сөзсіз кеседі.  Екі көзін сап-сау етіп көрсетсе,  «мені мазақ еттің» деп, жас жігіттің тағдырын қайқы қылыш шешеді. Неткен қатал әділетсіз заман бұл, тағдыры мен ойнайтұғын адамның.  Көкірегі қарс айырылды жігіттің, оты сөнді сұлу қыздағы  үміттің, жоқтығынан амалдың. Жігіт айтты: «Менің басым кетер ертең домалап, бірақ саған обал-ақ.   Ханға әйел бола алмайсың сүйкімді, ешкім сенің бұза алмайды ұйқынды. Бірге өткізген тәтті күндер таусылды, кім түзетер мына менің сиқымды».  Қыз да айтты: «Көрсетпеші жасыңды, қор етпеймін сендей туған асылды, сені кескен қылышқа мен де тосам басымды. Біз екеуміз мәңгі бірге боламыз, бір болады моламыз».

Осылайша көп ойланды қыз-жігіт, бірін-бірі аймалады үздігіп. Көкіректе күмбірлейді күй-дастан, олар ұзақ жылады, бірін-бірі қимастан. Түн ішінде оянды қыз төсектен, жігітке айтты: «Жаңылмайық есептен. Қыл қаламды қолыңа ал, бір мүмкіндік беремін, соқыр ханның суретін қалай салу керегін. Атқа мініп хан отырсын биікте, соқыр көзін қысып ап, садақ оғын дәлдесін тұра қашқан киікке».

Бұл не деген тапқырлық! Өмірде екі болмайтын: шын сүйгендер қиын-қыстау кезеңде, жол табалы қалайда махаббатты қорғайтын.

Қайта лаулап махаббаттын шырағы, өмір мәні ғашықтықтан тұрады, құшақтары жазылмай  қыз бен жігіт қуаныштан жылады. Хан суретін салып жігіт бір демде, түсте бопты сол күйбенмен жүргенде, қатыгез хан ләм-мим демей райынан қайтыпты, өз бейнесін ат үстінде көргенде. Хан суретті тамашалап көріпті, таңғажайып тапқырлығын бағалап, суретшіге ат басындай алтын сыйға беріпті.

Махаббатты тапқырлықпен қорғаған,  мұндай ерлік Отырарда бұрын-сонды болмаған. Осы аңыз салады ылғи нені еске, ойланбасқа шараң жоқ: ғашықтықтың ғаламаты демеске.

 

Махамбет Сапармұратов,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі,

Түркістан облысы

Алдыңғы жазбаТОЙ – ӨМІРДІҢ БАЗАРЫ, АСАБА – ТОЙДЫҢ АЖАРЫ